Кейбір өңірде қаражат тоқтап, салмақ ата-ананың қалтасына түсті. Ал бірқатар қызмет көрсетуші ұйым үйірмеге қатысады деп жалған тізім жасап, Үкіметтің ақшасын жымқырған. Қазір комиссия құрылып, істің ақ-қарасын анықтауда. Болашағымымызға бөлінген қаржының айналасындағы осындай жүгенсіздіктер мен жүйесіз істің зардабын балалар тартты. Бірнеше ай бұрын «Балалар спорты қаржыдан қағылды» деген тақырыптағы материалдар жиі жариялана бастады. Оған Artsport жобасындағы шикіліктер себеп. Жалпы бағдарлама өте қысқа уақытта дайындалып, бірден қолданысқа еніп кетті. Әсіресе қаржыландыру тетіктері, электронды платформасы және жобаны бақылауға қатысты түйіткілдер жанжақты ескерілмеген. Соның салдарынан тапсырыс беретін әкімдіктер де, тапсырысты орындайтын кәсіпкерлер де тығырыққа тірелді. Ал оның артында қанша баланың арманы, қаншама ата-ананың үміті бар.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛДАР:
Жаз–2022: Этнолагерь туралы не білеміз?
Балалар бүгінгі әдебиеттен өздерін таба алмай жүр
Сапалы білімге қалай қол жеткіземіз?
Төрт баласын тегін үйірмеге беріп көңілі тынышталған Алтын алқа иегері Зиуар Жұманова елордамыздың сол жағалауында ақылы үйірмелердің бағасы ұшып тұрғанын айтады. Көп балалы ана ондай қымбат үйірмеге екінінің бірінің қолы жетпейтінін айтады. «Мен өзім көп балалы анамын, 7 балам бар, 4 баламды бірдей ақылы үйірмелерге бере алмаймын. Мен үшін қымбат. Ал мына артспорт біз үшін қолайлы еді, қуанышымыз ұзаққа бармай ма деп қорқамыз. Үкімет осы жобаны қолдаса, қарапайым халық үшін тиімді болар еді».
Жылға жуық уақытта қаншама мың баланы қабылдап, жұмысын жүргізген үйірмелер жақында жұмысын тоқтатты, себебі қаржыландыру тоқтаған екен. Бұған ашынған ата-аналар тіпті көшеге шығып, наразылықтарын білдірді. Осы мәселеге байланысты еліміздің әр өңірінде ондаған жиын да өткізілді.
«Артспорт балалар үшін керек. Наурыз айынан бері қаржыландыру тоқтап қалды, сол себепті үйірмелер де жабылды. Өйткені арендаға төлеу керек, кеңірек дамыту үшін несие алғандары бар», - деп тапсырыс орындаушылардың мұңын айтқан Қуат Ерғалиев бұл жайттың өздеріне де оң соқпағанын жеткізді.
Ал ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев барлық облыс бойынша артспортты қаржыландыруда проблема бар екенін жасырмайды. Оны жою үшін 17 өңір мәслихат сессиясы қарауына бюджеттік өтінім берілген. Олардың бір бөлігі қолдау да тапты. Жалпы бұл іске 50 млрд теңге қаражат қажет екенін баса айтты. Сондай-ақ вице-министр: «Бұл мәселені Үкімет деңгейінде шығарғымыз келеді. Себебі барлық әкімдікке тапсырма беру үшін мәселені Үкіметте көтеруіміз керек» деді.
Айта кетейік, жақында осы мәселеге орай ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов артспорт бойынша үйірмелердің тарифын енді Үкімет қадағалайтынын жеткізді.
Осылайша біраз толқудан кейін артспорт жұмысын жалғастырды, ал оның сапасы мен балаларға арналған тегін шығармашылық және спорттық үйірмелерге мемлекеттен бөлінетін қаражат жіті қадағаланады. Бір ескеретіні, былтыр балалар бірнеше үйірмеге қатысу үшін өтінім берсе, енді әр бала бір ғана тегін секцияға бара алады және бірнеше үйірменің де саны қысқаруы мүмкін. Бұл туралы мәдениет және спорт мигистрі Дәурен Абаев журналистермен кездесуінде нақтылады. «Біз ешқашан жауапкершіліктен қашпаймыз. Бағдарлама жабылады деуге де ешқандай негіз жоқ. Осы уақытқа дейін мақұлданған ваучерлер төленетінін атап өткім келеді. Өңірлерде бұған қажетті қаражат бөлінеді», – деген еді министр.
Айта кетейік, биыл мамыр айында енгізілген өзгерістер жаңа нормаларға сәйкес, оқытушылар мен жаттықтырушылардың санатына қойылатын талап күшейтілді, әкімшіліктердің өтініштерді қарау мерзімі ұзартылды, сапаны бақылауға және қаржының мақсатты игерілуіне электронды және жалпыға қолжетімді форматта мониторинг жүргізу жүйесі енгізілді. Бұл бірінші кезеңдегі өзгеріс болатын.
Ал енді екінші кезең шеңберінде мынадай іс-шаралар қабылданбақ:
– спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерінің бағасы қайта қарастырылады;
– мемлекеттік спорттық, шығармашылық және қосымша білім алу (ҚР Оқу-ағарту Министрлігі) тапсырыстарының аясында спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелеріне бір ғана өтініш беру қағидаты енгізіледі;
– спорт түрлерінің саны 71 ден 30-ға дейін, шығармашылық үйірмелер 59-дан 30-ға дейін қысқарады;
– спорт түріне байланысты балалардың жаттығуға жіберілетін ең төменгі жасы бекітіледі;
– сондай-ақ үйірме мен секцияға арналған ғимараттарға қойылатын талаптарды жетілдіру, оның ішінде: санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы; өрт қауіпсіздігіне сәйкестігі; видеоархивті 30 күн бойы сақтау мүмкіндігі бар видеобақылау камералармен жабдықталуы; спорттық және басқа да жабдықтармен қамтамасыз етілуі бар.
Міне, баста жіберілген қателіктерден сабақ алып, осындай талап-ережелер енгізілді. Ендігі ретте осы нормалардың сақталуын қоғамдық ұйымдармен және тікелей бағдарламаға қатысушылардың өздері бірлесіп жүзеге асырады және бақылайды. Осылайша балалар жылында балаға жасалған қамқорлықтың сапалы болуына қоғам болып жауапты екенімізді сезінген абзал.
Фотосурет ашық дереккөздерден алынған