Естеріңізге сала кетейік, игерілмей жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын «Жер аманаты» комиссиясы қолға алып, жұмыс істеуде. Ендеше осы уақытқа дейін қайтарылған жердің тағдыры не болады? Мемлекеттің меншігінде әзірге қала тұра ма, әлде қазірдің өзінде елдің игілігіне жарап жатырма? Жайылым туралы заң бар. Талабы орындалып жатыр ма? –деген сауалдар төңірегінде жауап іздеуге тырыстық. Amanat партиясының хатшысы, «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібектің айтуынша, бүгінге дейін 3,5 млн гектар жер қайтарылған, оның ішінде, Amanat партиясының, бас прокуротураның, ауылшаруашылығы министрлігінің бірігіп жұмыс істеуінің арқасында 1 млн 700 мың гектар жер қайтарылған. «Бүгінде партия атына жер мәселесіне байланысты 1500-дей өтініш-арыз түсті. Сол арыз-шағымдардың бәріне мемлекеттік органдармен біріге отырып, жауабын тауып берсек, осы 5 млн гектар жерді қайтару межесін орындаймыз». Осылайша істеліп жатқан жұмыс нәтижесін жеткізген партия басшысы жердің одан арғы тағдырына да тоқталды. Өйткені бір кездері заңның солқылдақтығынан жайылым жерінен айырылған ауыл халқы мал бағу жан бағудан қиындап кеткенін айтып, талай жерде жанайларын жеткізіп жүр.
Жер қатынастары жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбектің айтуынша, өткен жылы Үкіметтің жер комиссиясы аясында Жер кодексіне біраз өзгерістер енді. Соның ішінде 2021жылы 30 маусымда Президент енгізген өзгерістер бар. Оның ең маңыздысы бұған дейін жерді пайдалану мен қорғау саласына бүкіл бақылау функциялары облыс, аудан әкімдігінде болса, енді ол құзырет жер ресурстарын бақылау комитетіне толық берілді. Яғни әкімдер немесе әкімдіктегі инспекторлар емес, енді жер ресурстарын басқару департаменті тиісті жердің игерілмегенін немесе заңсыз берілгенін тексереді. Сондай-ақ оны анықтап, сотқа тиісті деректерді беріп, жерді қайтаруға жұмыс істейді, дейді заңгер. Заңгер айтқандай, Жер кодексіне өзгерістер енгізілді, яғни «Жер қатынастары» заңы өзгерді. Енді бұл заң жайылымға зар боп отырған жергілікті тұрғынға қандай мүмкіндік береді? Олар кімнен нені талап ету керек деген сауалды да халықпен жүздесіп жүрген Мәжіліс депутатына жолдадық. Бұл туралы «Ең алдымен ауыл тұрғыны белсенді болу керек. Өзінің айналасындағы жердің қай жерге дейін біздің жер, қай жерге дейін жеке меншік жер деген мәселені жіті қадағаланы жөн. Былтырдан бастап толыққанды электронды кадастр жұмысі степ тұр. Одан кез келген адам мәлімет ала алады жерге қатысты. Екіншіден, аудан, ауыл әкімдері, тұрғындардың малына байланысты жергілікті өңірден қанша шақырым жер керек соны картаға түсіріп бекіту керек. Егер жер жеке меншікте болса, олардың иелерімен келіссөз жүргізген жөн» деген уәж айтты депутат.
Айта кетейік, Жер кодексіне қоғамдық жайылым жері деген ұғым кіріп отыр. Бірақ бұл механизм әлі дұрыс жұмыс істемей тұрғаны рас. Бұл жерде тағы да жергілікті деңгейдегі әкімдіктердің салғырттығы мен немқұрайды қарауы істі алға бастырмай отыр. Заңды орындауға құлықсыздық таныту да бар. «Сондықтан да жер комиссиясының филиалдарын жергілікті жерлерде ашудың арқасында 1 млн 700 мың гектар жерді қайтаруға мүмкіндік алдық», – дейді Дәулет Кәрібек. Осы орайда мыңдаған гектар жерді ұстап отырған, оның белгілі бір бөлігін игермей отырған алпауыттар бар екені де рас. Бұларға қоса, 4-5 мың гектар алқабын ұстап, шама-шарқынша еңбекетіп жүрген шаруалар да бар. Жер қайтару мәселесінде осы шағын шаураларға кедергі боп, кесірі тиіп жатқан жоқ па деген ойымызды да жауаптылардан жасырып қалмадық.
«Әрине жерді қайтару кеңес үкіметі кезіндегідей кәмпескелеу емес, бұл жергілікті халықпен ақылдаса отыра, мамандарды осы жұмысқа тарта отыра, жасалып жатқан ортақ іс», - дейді Айдос Сарым. «Жер комиссиясының жұмыс істеп келе жатқанына 3-4 ай болды, өздеріңізге мәлім де болар, менің жерімді заңсыз тартып алды деген, әңгіме естіген жоқпын. Өйткені бәрі де қоғаммен зерттеліп, зерделеніп шешілетін мәселе». Осындай пікірін білдірген Мәжіліс депутаты қазіргі таңда бізге жердің қыр-сырын терең меңгерген мамандар, яғни жер инспекторлары керек деген тағы бір мәселенің ұшығын шығарды. Өйткені бүгінде жерге байланысты істе мәселе тек жерді өлшеумен, қазығын қағумен ғана шектелмейтінін және жердің құнарлығын сақтау үшін зерттеу жүргізіп отыратын мамандардың қат екенін алға тартты.
Сөз соңында игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне тағы бір шолу жасасақ, комиссия жұмысы аясында ауылшаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауы тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадамнан малмен күнелткен, бау-бақшаға қараған қарапайым халықтың үміті зор.
Фотосурет ашық дерекөздерден алынған