Еліміздің Ұлттық экономика министрлігі жүйедегі басқару функциялары орталықтан жергілікті билік органдарына берілетінін айтады. Сөйтіп жергілікті әкімшілік органдары мен қоғамдық өзін-өзі басқару мекемелерінің билік өкілеттігі кеңеймек. Сайып келгенде бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді жедел шешу мақсатында сол жерлердегі өкілеттік өз мәселесін өзі шешуге мүмкіндік беру. Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаменті өкілінің айтуынша, мемлекеттік басқару жүйесінің серпілісі ең алдымен өкілеттіктерді орталықсыздандыру арқылы жүргізілетінін айтты. Сол себепті бірқатар міндеттемелер мемлекеттік басқару деңгейлері арасында қайта бөлінеді. Яғни тиісті функциялар Үкіметтен министрліктерге және министрліктерден жергілікті жерлерге беріледі. Сонымен қоса орталық мекемелерді оңтайландыру мәселелері қаралып, ықшам Үкімет құру мәселесі талқыланады. Ведомство берген бұл мәліметтен түсінгеніміз жергілікті жерлерде салалық саясатты іске асыру қажеттігі. Ол үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырудың тетіктері де әзірленбек. Ал енді бұл жұмыстардың нәтижелі болмағын министрліктер қадағаламақ.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛДАР:
Шетел асқан қаржылар. Экономистер не дейді?
Кен мен көңілге бай қазақ, неге кедей елдің кебін киіп жүр?
ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы институтының директоры Зулфухар Ғайыпов жергілікті жердегі билік өкілдерінің жауапкершілігін арттыратын уақыт жетті деген ойын жеткізді. «Шынымен көптен айтылып келе жатқан мәселеге биыл Президент наурыз айындағы өз Жолдауында пәрмен берген болатын. Өйткені осы жолы биліктің шектен тыс бір орталыққа бағынуы кешегі қаңтар оқиғасы кезінде көп жағынан кемшін екенін көрсетті. Бәріміздің есімізде нағыз шұғыл әрекет ететін сол кезде көптеген министрліктер жоғарыға жалтақтап отырып қалды. Менше, орталықсыздандырудың мақсаты жергілікті билік пен министрліктердің жауапкершілігін күту. Алысқа бармай-ақ қояйық, кеше Қостанай облысында Торғай жеріндегі өрт кезінде де жауапты органдар «бізге хабар кеш келді» деп жатты. Ал соны жоғарыға қаратпай жергілікті жерден тез шешім қабылдап алдын алса, бәлкім масштабы, ауқымы қазіргідей болмас еді. Сол себепті жергілікті жердегі билік өкілдерінің жауапкершілігін арттыратын уақыт жетті. Көз алдында болып жатқан жағдайды жергілікті жерлерде мықты маман, ол әкім болсын, мықты билік дер кезінде шешім қабылдап, локальді деңгейде проблеманы шешіп тастар еді. Бізге керегі осы. Дербес шешім қабылдауға үйрету», - дейді Зулфухар Сұлтанұлы.
Орайы келгенде айта кету керек, тағы бір өзекті мәселе - қаржыны игеру. Осы қаржыны игеруге келгенде де жалтақтау жоқ емес. Мәселен, биыл игерілуі тиіс қаражат жетер жеріне толық жетпей, игерілмеген қаржы салдарынан «таяқ жемеген» ведомство аз. Бұл мемлекеттік басқарудың жетілмеген тағы бір көрінісі. Заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов мемлекеттік басқарудың тиімділігі ең бірінші қарапайым тілмен айтқанда заңның үстемдігі, мемлекеттегі тұрақтылық, әлеуметтік-экономикалық даму, ең бастысы ел тұрғындарының әл-ауқатын көтеру және халыққа қызмет ету дегенді алға тартты. «Бұл мәселені тек мен ғана емес, Дүниежүзілік даму банкі осы мәселені бірінші орынға қойып отыр. Сондықтан мемлекттегі атқарылып жатқан іс-шара қарапайым халықтың әл-ауқатына бағытталуы керек. Жақында ғана осы бағытта мемлекеттік дамуды алға қоя отырып, оның құқықтық негізін саламыз деп Ата заңымызға өзгерістер енгіздік. Енді соның нәтижелі орындалуын талап етуіміз керек» деді заңгер.
Мемлекеттік қызмет ісін нәтижелі жүргізуде кейде қағаз жүзінде орындалды деп есеп берілгенімен, іске келгенде кемшіліктер жетіп-артылады, шынтайтуында ешқандай шаруа атқарылмаған деген мәліметтер аракідік естіліп жатады. Бұл жерде мемлекеттік қызметшілердің салғырттығы да істің алға баспауына басты себеп. Осы тұста мемлекеттік қызметшілердің жаңа жүйелік жасағын қалыптастыру туралы Мемлекет басшысының идеясы да бар. Бұл туралы Президент мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттікке тапсырма берді. Бұл агенттік өз құзіретін жай ғана құжаттарды іріктеп алып, жариялап жинақтау ғана емес, болашақта мемлекетке қызмет ететін тұлғаларды сұрыптау, жинақтау оларға мотивация беруді назарға ұстағаны жөн болар.
Айта кетейік, мемлекеттік қызметкер өзінің білім-білігіне күмән келтірмей, сол потенциалын мемлекеттің мүддесіне жұмсауы маңызды. Ал енді нақты тақырыпқа ауыссақ, Үкіметтің кейбір құзыреттерін министрліктерге беру мәселесін Ұлттық экономика министрлігі былай деп түсіндірді. Ең бірінші кезекте Үкіметтен министрліктерге нақты салалық саясатты іске асырумен тікелей байланысты құзыреттер берілетін болады. Сондай-ақ реттелген салада нормативтік құқықтық актілерді қабылдау функциялары да беріледі. Осылай қандай да бір салық саясатын іске асыру үшін мемлекеттік органның өзі тікелей жауапты болмақ. Ал енді бұл құзыреттердің тиімділігі қандай деген заңды сауал туындайды.
«Әрине бұл құзыреттіліктер заң аясында бөлініп, бекітіліп берілу керек. Тиімді не, тиімді емес деп кесіп айту қиын. Бұл берілген міндеттер тиімді болады, егер жауапкершілік болған кезде. Міне, орталықсыздандыру саясатын жүргізу процесі басталды, енді оны әрі қарай нақты жолға қоямыз десек, әркімнің міндеттері жеке-жеке бөлініп берілуі керек. Ол үшін мықты министрлер, сол министрліктің қаржысы да қомақты болғаны жөн және өз құзыреттілігі деңгейінде шешім шығарып, оны қабылдай алғаны керек» деген байлам айтты ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы институтының директоры Зулфухар Ғайыпов.
Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынған