Кешегі қаңтар қасіреті көп нәрсенің бетін ашып берді. Анығында мұның бәрін халық бұған дейін де білгендіктен ащы дауысы шыққан еді. Тек сол халықтың жанайқайы көп шындықтың түбін тереңірек қазуға мүмкіндік берді. Қазақ жерінің байлығының тең жартысынан астамы 162 адамның қолында екен. Мұны Мемлекет басшысы өзі айтты. Тең жартысы дегеніміз 50 пайызы емес, экономистердің пайымынша, байлықтың 99 пайызы. Ал 50 мың жалақыға өмір сүріп жүрген қарапайым халықтың хәлі нешік? Сонда бизнестен билікті, биліктен қарапайым халықты бөліп қарауға болмайды дейміз. Ал осылардың арасында әлеуметтік әділеттілікті қалай орнатуға болады? Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру үшін кәсіпкерлердің құлшынысы, белсенділігі керек екенін де айтты. Осы орайда халықтың тыныс-тіршілігін оңтайландыру, трансформациялау дегенді де тілге тиек етті. Ендеше ұғымдар қарапайым халыққа түсінікті болу үшін мамандардың сөзіне жүгіндік.
«Әрине трансформациялау деген бірден жауап беретін нәрсе емес. Өте күрделі. Біздегі 30 жылда қалыптасқантұрмыс-тірлішігімізді, ғұрпымызды, өмір салтымызды аз да болса, отыз жылдан бері халықтың айтып келе жатқан мұң-мұқтажына қарай өзгерту. Негізгі тыныс тіршілктің мәні неде дейсіз ғой? Адамның өмір сүруі үшін, әрине қаражат керек, баспана, әлеуметтік жағдайы көңіл тоятындай болуы тиіс. Ал президент айтқан 162 есімізден кетпейтін сан боп қалатын болды. Сол 162 адамның қолындағы байлықтың жартысы дегеніміз 99 пайыз, бұл енді әділетсіздік. Мынау Пәкістан, Бенгладеш, Үндістан деген елдерде халықтың байлығы осылай бөлініске түскен. Ал Еуропа мемлекеттерінде елдің қазынасы әділетті бөлінген. Халықтың тұрмысы жақсы. Айталық, Солтүстік Еуропа елдеріне қарасақ, капиталистік, нарықтық бірақ әділетті қоғам орнатқан. Сондықтан біз сол елдердей болмасақ та ұқсап бағуымыз керек» – деген ой айтты экономист Сапарбай Жобаев.
Әйтсе де, біздің елдегі жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты ауыздықтамай, Еуропа елдеріндей әділет орнату мүмкін емес. Өйткені әділеттілкті де әділетті орнатуы керек. Біреудің кәсібіне, дөңгеленген бизнесіне кесел келмеу тиіс дейді мамандар. Президент «Бүгінде біздің алдымызда бүкіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялау міндеті тұр. Мұның стратегиялық мәні бар» дегенді баса айтты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абас «Президенттің айтқаны ол тек 162 адамның байлығын бөлу ғана емес. Кешегі қаңтар қасіретінің болуы – елдегі әлеуметтік теңсіздіктің салдары, байлар мен жағдайы төмен жандардың арасындағы айырмашылықтың едәуір өскені, яғни алшақтап кетуі. Мемлекет басшысы айтқан тарнсформациялау деген ол жіберілген қателіктерді мойындай отырып, одан нәтиже шығару» деп ойын жалғады. Депутат қайырымдылық арқылы немесе қорлар құру арқылы да бұл болған шиеленісті шешу мүмкін еместігін айтады. «Менің ойымша Президент айтқандай жаңа өзгерістің ұйытқысы – кәсіпкерлер. Ел кәсіпкерлері патриот болуы тиіс. Олар Қазақстанда өндірілген бұйымдарды өңдеп, өндіріс көздерін ашып, жерасты шикізат көздерін өңдеп халыққа беру керек. Ең бастысы халықтың табысын көтеру, яғни айтқанда 50 мың теңгені көтеру керек.Өйткені осы елдің арқасында, мемлекетте жүріп байыған соң, енді елмен бірге болу, елдің проблемасын бірге шешетін уақыт жетті» дегенді алға тартады.
Бұл орайда кәсіпкерлердің де айтар ойын білген едік. Мемлекет басшысы жақында отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Ол өз сөзінде елімізде қалыптасқан ахуалды талқылап, халық игілігі үшін билік пен бизнестің өзара ықпалдастығына қатысты жолдарды айқындау қажет екенін айтты.
Осы кездесуге қатысқан кәсіпкер, меценат Исламбек Салжанов «30 жылда ұлттық кәсіпкерлер аяққа тұрды. Енді билікке де, кәсіпкерлерге де ұлтты, халықты ойлайтын кез келді» дейді. «Бұған дейін көп нәрсені айта алмайтын жағдай болды. Неге елдің жарты байлығы 162 адамның қалтасында жүр. Ол жемқорлықтың жайлап алғанынан. Ал әділ мемлекетті құру үшін шынымен де Еуропа елдерінен үйренуіміз керек. Кеше ел кәсіпкерлерін жинап, тапсырма берген Президенттің идеясын кәсіпкерлер қолдады. Сол қолдағандардың ішінде мен де бармын. Біз салықты бұған дейін бір адамның қалтасына құйып келдік, негізі ол халықтың ақшасы ғой. Енді елдің өзіне беретін уақыт келді».
Осылайша астарлай сөйлеген кәсіпкердің сөзінен бұған дейінгі қаншама заңсыздықтың шеті көрінді. Ал Мемлекет басшысының сөзіне ұйыған бизнес өкілдерінен елдің күтер үміті аз емес. Өйткені осы кезге дейін халықтың орташа жалақысы 400-500 мың теңге деп сан қуып, сападан жұрдай болған статистиканың өтірігі бір тұтам болды. Оны да сол ел басқарып, халықтың жағдайын жақсартамыз деп жүрген шенді мен шекпендінің аузынан естідік. Ал шын мәнінде Мемлекет басшысы айтқан, мойындаған бүгінгі орташа жалақының 50 мың болуы ақиқат. Тіпті одан да төмен жалақы алатындар бар десе таңғалмаңыз. Жоғарыда айтқан көрсеткіш халықтың шымадының соңғы шегі болған секілді. Өйткені 400-500 мың теңге айлықты алып, ұстап көрмек түгілі түстеріне енбеген. Елдің әлеуметтік жағдайының тұралағаны сонша, халық тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан әлі де шыға алмай жатқандай. Мұндай әлеуметтік әділетсіздіктің басты себебі тағы да жемқорлық дейді әлеуметтанушылар.
«Жемқорлық дегеніміз сатқындық. Өйткені елде жүріп табыс тауып, оны шетелге асырған, жасырған, ертең ол ақша елге қайтпайды. Қайтса да жартысы сол жерде қалады. Сатқындық деген осы. Өйткені ол өз халқынан, Отанынан алып кеткен қаражат. Кәсіпкерлердің басын қосып, интеграциялау қажет. Олар қоғамның әлжуаз тобын көтеріп, қолдау керек. Қиын жағдайға тап болған отбасының құрылымын қарайтын болсақ, біріншіден, көп балалы отбасы, толық емес отбасы көп. Мысалы, санақ бойынша Қазақстанда 4 миилион отбасы бар дедік. Сол 4 млн отбасының 30 пайызға жуығы толық емес отбасы санатына жатады», – деген ой айтты әлеуметтанушы Жазира Тұрсынбекова.
Айта кетейік, ел ішінде халқының қамын күйттеп, қайырымдылық жасап жүрген кәсіпкерлер де жоқ емес. Бірақ саусақпен санарлық. Бір жағынан тұрмысы төмен жандарға үнемі қайырымдылық жасау – масылдыққа әкеп тірері сөзсіз. Ал өздеріне ұсынған жалақысы мардымсыз, бейнеті шаш-етектен жұмысқа барғысы жоқ. Ендеше осы тұста бизнестің қарапайым халық алдындағы жауапкершілігін сезінуі маңызды. Ол үшін елдегі кіші және орта бизнесті арттыра отырып, тек жұмыс орнын ашумен шектелмей, сол жұмысты жүргізуге кіші кәсіпорындарға мүмкіндік берген дұрыс. Өнімінің сапасы мен өтімділігі жоғары сұранысқа ие болған өндіріс орнының ұтары көп. Кіші және орта бизнеске жол ашылғанда табыс өседі. Ол қарапайым халықтың табысы, президенттің айтқаны да сол – халықтың табысын өсіру. Ал кедей халықпен қуатты Қазақстан болмайтынымыз анық. Тағы да мамандардың пайымына сүйенсек, ең дұрысы жемқорлыққа балта шабу және бүкіл дамыған мемлекеттердің экономикасының негізі – шағын және орта бизнесті көтеру. Оны дамыту үшін мемлекеттік тапсырыстарды өзіміздің жергілікті өндіріс орындары өндіретін болса, сол жердің жұмысшылары айлық алып, сол жергілікті жерге салық түседі деген дамудың қарапайым жолын алға тартты. Мемлекет басшысының да бүгінде Үкіметке тапсырған маңызды істің бірі осы. Жемісіне уақыт төреші.
Фотосурет ашық дереккөздерден алынған