Мемлекет басшысы, әйтеуір бұл жүйенің де кілтипанын тапты. Шынымен МӘМС жүйесі енгізілгелі елден маза қашқаны рас. Өйткені проблемасы көп. Бюрократтығы бастан асады. Әділетсіздігі жетіп артылады. Мысалы, былтыр балтырыңыз сыздап, басыңыз ауырмаған соң емханаға мүлде барған жоқсыз, егер жұмыс істемесеңіз МӘМС те төлемедіңіз. Ал енді биыл ауырған жан тегін ем алу үшін былтырғы МӘМС-ті төлеуі керек. Әділетсіздік деген осы емес пе? Тіпті жыл он екі ай жұмыс істеп, сақтандыру үшін жалақысынан жырып беріп отырған жандар да еш кедергісіз емін-еркін ем қабылдай алса, қане? Қабылдай қалса, жүйе ашылмайды. Емхана, ауруанадағы қызмет сапасы да нашар. Осылайша былтыр 3 миллион адам тегін медициналық қызметтен қағылған екен.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛДАР:
Artsport. Үйірмелер тарифын енді Үкімет қадағалайтын болды
«Бақытты отбасы»: әлеуметтік баспана бақытына кімдер ие болады
Ел елеңдеп күтіп жүрген жеңілдетілген автонесие шынымен халыққа тиімді ме
Президент жақында Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, медициналық сақтандыру жүйесін жақсартуға қатысты ұсыныстар дайындауды тапсырды. Осыдан кейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Стратегия және корпоративтік басқару департаментіне МӘМС-тегі олқылықтардың орны қалай толатынын сұрап, сауал жолдадық. Ондағы жауаптың мазмұны мынадай болды. «МӘМС жүйесінде 2 жарым жылда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілді. Біріншіден, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру екі есе артты. Екіншіден, халықтың медициналық көмекке деген қалта шығыстары 6,2 пайыз төмендеген. Елімізде бір тұрғынға жұмсалатын шығындар екі есе ұлғайды. Бұрын толық қаржыландырылмаған медициналық көмектің маңызды бағыттарын дамытуға мүмкіндік берді. Мысалы, жоғары технологиялық медицналық қызметтерді қаржыландыру көлемі үш есе өсті», деді ӘМСҚ Стратегия және корпоративтік басқару департаменті директорының міндетін атқарушы Талғат Тұрмағанбет.
Айта кетейік, тәуелсіздік алғаннан бері денсаулық саласында мемлекеттік кепіл пакеті жұмыс істеп тұр. Ал екінші қазіргі сақтандыру пакеті. Жақында Президент МӘМС жүйесінің жүйесіздігін сынай келе, осы екі пакетті біріктіруді тапсырды. Талғат Тұрмағанбеттің айтуынша, бүгінде бұл бағытта бірнеше ведомство бірігіп, жүйелі жұмысты атқаруға кіріскен. Алайда нақты нәтижесін алдағы күндері халық естімек.
Десе де бұл жасалып жатқан жұмыстар қарапайым халықтың мәселесін қаншалықты шешіп жатыр? Медицина ғылымдарының докторы Құралбай Құрақбаев сақтандыру жүйесі медицинанын қаржы саясатын шешкенімен әлі де әлеуметтік мәселені шешпегенін алға тартты. «Негізінен бұл жүйе денсаулық сақтау саласына нарық принциптерін енгізу мақсатында жолға қойылғаны түсінікті. Дегенмен іске аспай жатқан мәселелер бар. Бірінші – қаржылдандыру деді де шығынды толтыру және салықты арттыруға көңіл бөліп, МӘМС табыс көзіне айналып кетті менше», – деді профессор.
Осы сауалды Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуовке жолдағанымызда, ол ауыл-аймақтағы халықтың денсаулығы, жалпы МӘМС жүйесіндегі жағдайының мәз емес екенін мойындады. Елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесіп, аудандық ауруханалардың жай-күйімен танысып жүрміз дей келе, осы жерлерде МӘМС мәселесін оңтайлы шешу үшін тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесінің де шеті көрінетінін жеткізді. Алайда мәжілісмен ел арасындағы осынша проблеманың шешілу жолдарын нақты айта алмады. Ал МӘМС «жырын» соның зардабын тартып келе жатқан қарапайым халықтан артылып кім айта алар? Сұрай қалсаңыз, ондағы шаш-етектен төгілген мәселені жайып салады.
–МӘМС төлеп келеміз! Бірақ соңғы ауырған 1 жылда жергілікті емханадан ем алу мүмкін болмады маған. Менің ауыратын жерімді алдын ала біліп, бір ай не бір апта бұрын жазылатын көріпкелдік қасиетім жоқ. Ал ауырып тұрған сәтте, арнайы салалық дәрігер тұрмақ терапевт қабылдай алмайды. Ол өйткені күн сайын тек 4 сағат қабылдайды, бүгін сағат 8.00-12.00 аралығы, ертең 12.00-16.00 деген сияқты. Ол уақытқа сай келмесең, сенің ауырып тұрғаның олардың проблемасы емес.
–Айта-айта жалықтырды бұл тақырып! МӘМС-тің бастықтары қаладағы емханаларға тіркеліп, МӘМС бойынша емделіп көрсінші. Бұл күшті лайфках, сіздердің жұмыстарыңызды көрсету үшін! Жағдай өте нашар.
Айтпақшы жақында халықтың наразылығы ескерілді. Биыл осы күзден бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды сақтандырудың жаңа тәртібі қолданысқа енгізіледі. Заңға енген өзгерістерге сәйкес бұдан былай сақтандыру жүйесіне қосылу үшін тек алдағы 12 айға жарна төлеуге болады. Бұл туралы медициналық сақтандыру қорынан мәлім болды. Ақпарға сүйенсек, сақтандырылмаған пациенттер медициналық көмекті пайдалану үшін қыркүйек айынан бастап 2023 жылдың қыркүйегіне дейін жарна аудара алады екен. Сол арқылы олар алдағы бір жылға өзін-өзі сақтандыру мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл МӘМС-тің шешімін тапқан бір бағыты ғана. Ол одан әрі де осылай бола ма, жоқ па? Әзірге сұраулы күйінде. Ел тұрғындарының енді бір тобы қағазбастылықтың әлі де жойылмағанын және цифрландырудың өзін-өзі ақтамай отырғанын айтты.
-МӘМС деген ақшаңды алып, өзі жоқ боп кететін жүйе емес пе еді. Бұған сенбесеңіз, ауруханаға барып, кезекке тұрып көріңіз. Ал шын ауырып барсаңыз, бюроктариядан бас алып жүре алмайсыз. Дәрігер алдына жетем дегенше ауырған жеріңе интернеттен иә таныстардан жолын тауып, емделіп алғаның тиімді.
–Жалпы биліктегілердің 100 пайыз қарапайым халық емделетін мекемелерге баратынына күмәндімін. Сондықтан отандық медицинаға бастары ауырмайды.
Міне, МӘМС-тің жолға қойылмаған солақай жүйесі халықты осылай ашындырып отыр. Енді үміт Үкіметте. Президент медициналық сақтандыру жүйесін жақсартуға қатысты ұсыныстар дайындауға пәрмен берді. Ол ұсыныстар МӘМС-тің мәселесін оңды шешуге сеп бола ма, жоқ па? Күтейік.
Фото ашық дерекөздерден алынған