Алайда бұл бағдарлама да өзекті мәселені толық шешпейді. Мысалы, былтыр 17 миллионнан астам шаршы метр үй салынды. Оған мемлекеттен пәлен триллион қаражат та бөлінді. Бірақ халықтың басым бөлігі әлі де баспанаға мұқтаж. Бір пәтердің егесі атансам деп армандайтындар азаймай тұр.
Осы орайда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаев кезектің азаймауын былайша түсіндірді. «Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі мемлекет тарапынан үлкен бағдарламаға ие болып отыр. 2020 жыл «Нұрлы жер» бағдарламасы іске қосылды. Өзінің әртүрлі тармақтары бар. Ал енді кезектің азаймауына келсек, мәселен, баспанаға бір отбасынан бірнеше адам тіркелуі де мүмкін, бұл да кезекті ұлғайтып отыр. Жергілікті жерлерде осыған зерттеу жұмысы әлі толыққанды жүргізілмей келе жатыр. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша оператор «Отбасы банкі». Олардың пайдаланып отырған тетіктері әлі де жетілдірілуді қажет етеді. Сосын әр өңірдің жергілікті атқарушы органдары осы мәселеге зер салу керек. Біріншіден, тұрғын үйге мұқтаж әлеуметтік тұстарын ашуымыз керек. Кірісінен бастап төлем қабілетін, несие тарихын көтеру. Сол арқылы шешім қабылдап, қалыптасқан заңдылық шеңберінде несие беру мәселесін шешу керек», – дейді Мәжіліс депутаты.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛДАР:
Ел елеңдеп күтіп жүрген жеңілдетілген автонесие шынымен халыққа тиімді ме
Право на жилье. Непростая проблема
Халықты қолжетімді баспанамен қамту үшін Перзидент тапсырмасы бар. «Бақытты отбасы» – соның жемісі. Жылдық мөлшерлемесі 2 пайыз. Халықтың мүмкіндігіне сай 2 пайыз мөлшерлеме үлкен жеңілдік. Тағы бір жеңілдігі мұқтаж адам үйді өзі іздеп табады. Бұл бағытта «Бақытты отбасының» қазіргі қарқыны жақсы дейді депутат.
Енді бұл бағдарлама кімдерге арналған? Қандай шарт, қандай тәртіппен беріледі? Жалпы бағдарламаның ғұмыры қаншаға созылады деген сауалды «Отбасы банкі» АҚ қызметкері Марина Орынбаеваға жолдадық. Оның айтуынша, «Бақытты отбасы» бағдарламасына өтінім қабылдау 20 маусымнан басталған енді 19 шілдеге дейін жалғасады. Осы бағдарламамен жергілікті әкімдікте 3 санат бойынша кезекте тұрғандар ғана пәтер ала алады. Олар: толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі баланы асыраушы және көп балалы отбасылар. Ипотека шарттары бойынша бастапқы жарна – 10 пайыз. Негізгі тізімді қараған кезде басымдық мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасына берілетін болады. Өйткені 2021 жылы Сенат жанынан құрылған жұмыс тобының шешіміне сәйкес соңғы санаттағылардың мәселесі 2022 жылдың шарттарына да қалдырылды. Негізгі тізім жергілікті әкімдікке кезекте тұрған жылдарына сәйкес құралатын болады. Кім тізімге ерте тұрды солар алдымен алады, дегенді қосты банк қызметкері.
«Бақытты отбасына» қанша адам қатыса алады?
Бағдарламаға 2022 жылға мемлекеттік бюджеттен 51 млрд теңге қаралды. Ол бойынша елімізде жоғарыда айтқан 3 санаттағы 5000-дай отбасы баспаналы бола алады.
Айта кетейік, 2019 жылдан бері 14500 отбасы осы бағдарлама арқылы баспаналы болды. «Бұл бағдарламаның артықшылығы банктен алатын 15 млн-ның үстінен ақша қосып, қымбатырақ пәтер іздеуге мүмкіндік бар. Баспананы 1 және 2 нарықтан ала алады. Қай өңірде пәтер кезегінде тұр, тек сол өз өңірінен алады», – дейді «Отбасы банкі» АҚ қызметкері Марина Орынбаева.
Бұл бағдарлама бойынша баспананы таңдау мүмкіндігі өтініш берушінің өзіне жүкелген. Жеңілдетілген бағдарлама болғандықтан, кішігірім шаршы метр баспана қарап, ипотеканы тез өтеп, басқа үй алуға болады. Өтінім қабылдау онлайн түрде жүргізіледі. Өйткені бұл – цифрлық жүйе. Бұл жерде өтініш беріп отырған адам өзінің ырқына қарай дерек жасауға мүмкіндік жоқ. Тек ипотека берілетіні, берілмейтінін жүйе шешеді. Оған тіпті «Отбасы банкінің» де өкілдері араласа алмайды. Қарапайым халықтың қалтасына қарай жүзеге асып жатқан «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясын кеңейту жөнінде шенділер жұмыстанып жатқанын айтады. Алайда...
Баспана түгілі бас қайғы деп, тапқаны тамақтан артылмаған, тіпті, етекке тартса, басына жетпей, кедейліктің қамытын кигендер аз емес. Шыны керек 50-60 мың теңгемен күнелтіп отырған отбасылардың бар екенін де жасырмауымыз керек. Осы ретте «маңдайыма өмір бойы пәтер жағалап жүру жазыла ма» деген жанайқайларын көздерінен көресіз. Ондайда «Бақытты отбасы» сияқты оларды да «бақытқа» бөлер әлеуметтік бағдарламалар болса деп армандайсың. Осы ойымызды Мәжіліс депутаты Нұрлыбек Ожаевқа да жеткіздік. «Мысалы, биыл республикалық бюджеттен 51 млдр бөлінді. Ол әр өңірден 200-дің айналасында отбасы пәтерлі болды деген сөз. Ал мемлекет бұл бюджетті 80 млрд-қа дейін көтерсе, бұдан да көп мұқтаж жандарға мүмкіндік болар еді», - дегенді айтты.
Оның сөзінше, тұрғын үй саясатында тек осы «Бақытты отбасы» бағдарламасымен шектеліп қалуға болмайды, әр өңірдің өзінің бюджеті бар, құрылыс қарқыны бар, осы саладағы басшылар соны мейлінше, батыл қолға алып, жергілікті мүмкіндіктер арқылы атқарушы органдар ескі үйлердің, жатақханалардың орнына инвестор тартып үй салса, баспанасыздардың мәселесін шешудің бұл да бір тетігі, дейді.
Осы тұста өркениетті елдердегі жағдайға зер салып өттік. Мысалы, Ұлыбританияда әлеуметтік баспана мәселесі оңды шешіліп жатыр. Мұнда муниципалды бапсана деп аталады. Халықтың 17 пайызы сол баспанын жалдап тұрады. Ақысы нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен. Атында үйі жоқ азаматтарға, өте нашар тұратындарға, зорлық-зомбылық көріп жүргендерге, кішкентай балалары барларға басымдық берілген. Коммуналдық ақысын төлеп, сол үйде кемінде үш жыл тұрып, адам жалдап тұрған үйін сатып алуға да мүмкіндігі бар. Мемлекет муниципалды баспананы сатып алушыларға 30 пайыз жеңілдік береді екен.
Жер телімін беру баспана мәселесін шеше ме?
Биыл 8 сәуірден бастап қазақстандықтар 10 сотық жер алу үшін онлайн кезекке тұру мүмкіндігіне ие болды. Жалпы 2004 жылдан бастап жеке баспана салуға жер кезегіне тұра бастады. Сөйтіп 1 млн 300 мың адам жергілікті әкімдіктерге жазбаша өтініш берген. Әр өтінімді қарауға 12 жұмыс күні кететін. Оған қоса, еліміздің өзге өңірінен жер алу үшін сол аймаққа барып, өтінім беру керек еді. Цифрландырудың көмегімен қазір бұл процесс оңтайланды. Бірақ он сотық жер бәріне бірдей жете ме?
ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің басқарма басшысы Дәулет Бижановтың айтуынша, бүгінге дейін еліміз бойынша 3 млн 300 мыңдай адам өтінім берген. Онлайн тетік қосылғанға дейін, тізімде бұрын берілген өтініштер заңды күйінде қалады. Жерге өтінім әлі де қабылданып жатыр. Алайда кезекте тұрған азаматтар 10 сотық жеріне орта есеппен неше жылда қол жеткізе алатыны да белгісіз. Өйткені жергілікті атқарушы органдар дайын алаңдарды, яғни инфрақұрылымды қалай ертерек бітіреді соған байланысты, дейді мамандар.
Ал енді мемлекеттің есебінен инфрақұрылымды тарту көп жылдың жемісі екенін ескерсек, 10 сотық жерді аламын деп алақанын ысқылап отырған ағайынға әлі де күте тұруға тура келеді.
Үй кезегіне қоюмен енді әкімдіктер айналыспайды
Жақында Үкімет отрысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй кезегіне қою ісі өзгеретінін айтты. Алайда қазір бұл жұмысты жергілікті атқарушы органдар атқарады. Енді Мәжілістің қарауында жатқан заң жобасы қабылданса, қазақстандықтарды үй кезегіне қоюмен әкімдік айналыспайды. Министрдің айтуынша, «Отбасы банкінің» базасында «тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарлануда, ол жоғарыда айтқан 4 санатқа ғана емес, ел аумағында тұрғын үйі жоқ барлық мұқтаждарға тиесілі болмақ. Сөйтіп орталықтандырылған есепке алу жүзеге аспақ. Яғни жұрт бір терезе қағидасымен бір жерден-ақ кезекке тұрады. Қазір баспанаға мұқтаж адамдар тек алты санат бойынша пәтер ала алады. Алдағы уақытта «көпбалалы отбасы», «жетім» деп бөлмей-ақ, баспанасы жоқ мұқтаж жанның бәрін кезекке қоюға мүмкіндік жасалмақ. Баспана қатаң түрде ретпен беріледі.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов биыл елде үй құрылысы қарқын алатынын және биыл қанша үй салынатынын айтты. «Биыл 15 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, бұл 138 мың отбасыға тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Мәселен, 5 айда 4,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», – ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Әрине бір анық жағдай кезектегінің бәрін бірер жылда баспанамен қамту мүмкін емес. Сондықтан қосымша шаралар да қабылданды. Мысалы, бір адам үйді жалға алса, оған төлейтін ақысын мемлекет субсидиялайды. Биыл осындай көмекке 70 мың азамат ие болмақ. Жақында өткен Үкімет отырысы осындай жағымды жаңалықтармен жұбатты. Нәтижесін уақыт көрсетеді.
Фотосурет ашық дереккөздерден алынған