Қарапайым халық «қайтқан малда қайыр бар» деп өз қалтасына түспесе де мемлекет қазынасына қайтқанына қуанып жүр. Сонымен Қайрат Сатыбалды, Қайрат Боранбаев, «ОПЕРАТОР РОП» мекемесі және Гүлмира Сатыбалдыға қатысты тергеу ерекше бақылауда екенін айта кетейік. Шетелге асырылған қаржыны қайтару жөніндегі арнайы комиссия 230 млрд теңге қаржы шетелдік юрисдикциялардан елге қайтарылғанын мәлімдеді. Комиссия 1 жарым ай бұрын Президент тапсырмасымен құрылған болатын. Қылмыстық активтерді анықтау және тәркілеу әлі де жалғасып жатыр. Жоғарыда айтып өткен айыпталушылар Люксембургтен 170 млн АҚШ долларын өз еркімен қайтарған. Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевтың ісін тергеу барысында «Қазмұнайгаз» компаниясына 11,3 млрд теңгені өтеді. Тәуелсіз сарапшылар пайымынша, жалпы шетелге заңсыз шығарылған қаражат көлемі 160-200 млрд долларға жетуі мүмкін. Ал экономистер бұл – тұтас Қазақстанның жалпы ішкі өніміне тең екенін айтады.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛДАР:
Кен мен көңілге бай қазақ, неге кедей елдің кебін киіп жүр?
Казахстанский президент-демократ-реформатор противится авторитарным тенденциям
Әрине шетел асып кеткен капиталды қайтару оңай емес. Дегенмен мемлекет тарапынан осы бағытта үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Заңды тұрғыда қомақты қаражаттарды қайтаруға аз уақыт кетпейтіні де белгілі. Оған ұзақ жылдар кетеді дейді экономист Мақсат Халық. «Орта есеппен 2 жылдан 5 жылға дейін уақыт, тіпті одан да ұзап, ондаған жылдарға кетуі мүмкін. Мысалы, қазір қайтып жатқан қаражат қамауда отырған Қайраттардан жауап алынып, оларды тергеу арқылы нәтижесін беріп жатқан жұмыс», дейді экономист. Бұдан бөлек ол әлі іздеуде жүрген шетел асып кеткендердің, әлі елге қайтпағандардың қаражатын қалай қайтарамыз деген ойға тоқталды. «Ол қаражаттардың көлемі тұтас бір Қазақстанның жалпы ішкі өніміне пара-пар деп қарастырылады. Сондықтан да тура Қазақстан сияқты тағы бір Қазақстан қазір шетелде. Офшор асып кеткен. Осы тұрғыдан келгенде әлі де Қазақстан үшін қайтару керек қаржының көп екендігі белгілі. Онымен қоса, мысалы, кодтық шоттар болады, швейцариялық банктың өздерінің арнайы жәшіктері болады. Ондай жерде сақталған қаражатты сол адамның өзі барып, сол кодты айтып шешіп алмаса, ешкім оны қайтара алмайды. Тіпті әлемдік қаржы полициясы араласса да мүмкін емес. Осындай қиындықтар бар» дегенді алға тартты.
Қазақстанның шетелге асқан қаражатын қайтару үшін еуропалық одақ бірігіп күш салуға уәде бергенін де айта кетейік. Мұндай жағдайда шетелдегі ондай қаражатттарды әшкерелеп тауып, қайтару аз да болса жылдамдайды деуге негіз бар. Әрине дәл қазіргі уақытта шетел асып кеткен қаражатты қайтару приоритет емес, приоритет ол – ақшаны асырып жатқан жолдарды бітеу. Бұл Ұлттық банктің де, құқық қорғау саласының да алдында тұрған басты міндет.
«Біріншіден, Ұлттық банк әлемдік, халықаралық аударымдарға көңіл бөлу керек және ол жерде де бәрі ашық болғаны жөн. Қандай да бір түсініксіз схемалар пайда болса, бірден әшкерелеп, жазалау керек. Мына бір тұсты ескеруіміз керек, көптеген шетелге кетіп жатқан қаражат «Самұрық-Қазына» арқылы жүзеге асып жатқаны да жасырын емес. Бұл туралы Есеп комитетінің есебінен мәлім болды. Екіншіден, екі елдің азаматтығын алған адамдар көп. Бір мезгілде екі елдің азаматы болып жүретіндер көп, құқық қорғау органдары осы мәселені әшкерелесе дұрыс болар еді. Өйткені екі азаматтықтың болуы да елден ақша шығарып алып кетудің жолы болып тұр қазір», – деп ойын жалғады Мақсат Халық.
Оның ойынша, осы мәселелер нақты шешілетін болса, шетел асып жатқан қаражаттың ағынын тоқтатуға болады. Содан кейін барып, шетелге асып кеткен ақшаны қайтарудың амалына кірісу керектігін айтты.
Айта кетейік, елімізде монополиядан арылу шеңберінде «Қазақтелеком» АҚ-ның 28,75%, «Көліктік сервис орталығы» АҚ-ның 100%, «Акмолит» ЖШС-ның 100% акциялары мемлекет иелігіне өтті. Бұл активтердің жалпы сомасы 200 млрд теңге. Тергеу органының мұрындық болуымен осы және өзге де мүлікті жымқыру істері бойынша шамамен 36 млрд теңге өтелді. «ОПЕРАТОР РОП» мекемесінің басшылығы жымқырған 180 млрд теңге «Жасыл Даму» АҚ шотына аударылып, 100 млрд теңгесі жеңілдетілген автонесие жобасына бағытталды. Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылары мен қызметкерлерінің Гонконг пен БАӘ-де жасырылған 3 млн АҚШ доллары қайтарылған. «Олимп» Букмекерлік кеңсесіне қатысты қылмыстық іс аясында 5,5 млн доллар және 200 мың еуро қаражатты Ұлттық Банкке аудару рәсімі басталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, биыл жарты жылда 8 млн доллар Қазақстаннан заңсыз шығарылмақ болған. Осы орайда экономистер елдегі қаржы айналымы процестері толық электронды негізге көшуі тиіс деген ой айтты. Сонда операциялардың ашықтығы қамтамасыз етіледі. Блокчейн технологиялар, цифрлық валютаны енгізу де ақша қауіпсіздігі мен ол жоғалған жағдайда табуға көмектесетінін айтады. Бұл – әлемдік тәжірибе бар дүние.
Шетелге кеткен ақшаны қайтару дипломатиялық жолмен жүзеге асса, уақыт үнемдеуге болады. Шектеулі уақытта процесс тез іске асып, аяқталады. Себебі маңайымыздағы көршілес елдерде мұндай тәжірибе болды. Мысалы, Қырғызстанда Ислам Каримовтың қызы Гүлнар Каримованың шетке кеткен қаржысы дипломатиялық жолмен қайтарылды. Оған 4 жыл уақыт кетті. Біріншіден, сыртқа кеткен қаржының заңсыз екендігі анықталады. Ол анықталғаннан кейін ғана процестер жалғасын табады. «Көрші елдер БҰҰ арқылы қаржыларды қайтару үшін жұмыс жасап отыр. Нидерланды мемлекетін мысал ретінде алатын болсақ, біздің елден 66 есе кіші. Ал сол елге Қазақстаннан өте көп мөлшерде қаржы шығарылған. Енді қараңыз, ол қаражатты біздің елден сол жаққа шығарып, қайтадан біздің елге инвистиция ретінде құюы мүмкін. Сонда мұның бәрі жемқорлық, бармақ басты, көз қысты сыбайластықпен қайта келу арқылы халықты екі рет тонау фактісі болып отыр. Біздің құзырлы органдар осы жағын да терең қарап, тергеп тексеру керек», – дейді экономист Ләззат Жанмолдаева.
Ал енді санаса сан жетпейтін есепсіз миллиардтар қалай шетел асып жатыр? Ешкім ақшаны қапқа салып сыртқа әкетпейтіні белгілі ғой. Өйткені оның бәрі банктік секторлармен жүзеге асатын дүние. Біріншіден, бақылау, екіншіден, салықтық мөлшерлеме арқылы сыртқа кететін қаржы. Сонда бұл қалай деген сауал кім-кімнің де көкейінде тұрғаны анық. Сол себепті де мұндайда заң үстемдігінің болуы, елдегі әділеттілік принципінің болуы, соттың тазалығы сияқты негізгі көрсеткіштер орындалса ғана экономикалық еркіндік, экономикалық либералдылық, экономикалық өсім болмақ дейді сарапшылар. Себебі өркениетті елдерде заң үстемдігі, сот билігінің тазалығы – ең бірінші орында. Ең маңызды дүние.
Фотосурет ашық дерекөздерден алынған