Жақында Мемлекет басшысы Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейтінін айтқан болатын. «Соңғы жылдары халықтың табысы біртіндеп өсті. Былтыр бұл өсім 5 пайыз шамасында болды. Бірақ Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кетті. Биыл мамыр айында азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайыз болды. Мұндай құлдырау көптен бері болған емес», – деді Президент.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛДАР:
Кен мен көңілге бай қазақ, неге кедей елдің кебін киіп жүр?
Ел елеңдеп күтіп жүрген жеңілдетілген автонесие шынымен халыққа тиімді ме
Тоқаев өз сөзінде осыған дейін жүзеге асырылған халықтың табысын арттыру бағдарламасының халыққа тигізер пайдасы аз екенін тілге тиек етті. Өйткені жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Осы бағытта әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуы керек болған. Өкінішке қарай бұл бағытта нақты нәтиже көрінбей тұр. «Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауы тиіс», – деді Қ.Тоқаев.
Жұртты қос бүйірден қысқан қымбатшылықты тізгіндеу мүмкін бе?
Мемлекет басшысы «Халықтың табысын арттыру керек» деді. Алайда инфляция ырыққа көнбей барады. Қазір бұл көрсеткіш 14,5 пайызға жетіп, 2015 жылғы деңгейден асып түсіпті. Үкімет инфляцияны тізгіндей алмады. Ол үшін әрине сынға да ілікті. Бірақ сыннан шығар қорытынды бар ма? Бүгінге дейінгі Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары неліктен тиімсіз болып шықты? Президенттің пайымынша, Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал шын мәнінде, керісінше болуы керек екенін де қатаң ескертті. Осы орайда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мәселелері де аз емес. Олар тауардың үздіксіз жеткізілуін, өнім сапасының тұрақты болуын қамтамасыз ете алмайды. Мысалы, әлемде азық-түлік бағасы 34 пайызға қымбаттаған. Қуаңшылықтың салдарынан Еуроодақ, АҚШ, Канада және өзге елдегі астық өнімділігі азаюда. Мұндай жағдай біздің елді де айналып өткен жоқ. Мәселен, елімізде ауылшаруашылық өнімдерін өсіру қарқыны баяулаған. Сары май өндірісі – 12%, өңделген сүт – 7,5%, қант – 5,6%, ірімшік – 3% қысқарған. Импорт 22%-ке өсіп отыр. Ал шындығында жауапты министрліктер 2023 жылы құс еті, шұжық өнімдері, балық, ірімшік пен қатық, қант, сүт тек өзімізде өндіріліп, халқымыз отандық тауарөндірушілердің өнімдерін тұтынатынын, яғни Қазақстан импорттан тәуелсіз болатынын айтқан еді.
Алайда бізде бәрі басқаша. Азық-түлік бағасы шарықтап, кем дегенде күнделікті дастарханда тұратын қант пен майдың, ұн өнімдерінің құны аспандап тұр. Тұрақтандыру қорында қант бар, оған қам жеудің қажеті жоқ деген ақжағалылардың сөзі мен дүкен сөрелеріндегі қанттың құны сәйкеспейді. Қолдан жасалған жоқтық па, басқалай себебі бар ма – аражігін ажырату қиын. Жұрт әйтеуір құмшекер таппай қалды. Ірі сауда орындарында келілеп сатылса, көпқабатты тұрғын үйлер маңындағы шағын дүкендердегі қанттың құны 800-850-ден асып түседі. Үкімет өзге де азық-түлік бағасын қанша жерден реттеп отырмыз десе де, халық қымбатшылықтан көз ашпай келеді. Өйткені баға өскен үстіне өсіп отыр. Саудадағы осындай жүйесіздік қажытқан жұртшылыққа Президенттің мына сөзі медеу бола ма?
Қасым-Жомарт Тоқаев сауда жүйесін тәртіпке келтіру керек екенін айта келіп, алып-сатарлық, бағаны негізсіз өсіру, қолдан жасалатын тапшылық – бұдан өзге де заңсыздық айналып келгенде, тауар құнына әсер етіп, халықтың қалтасын қағатынын айтты. «Үкімет Бас прокуратурамен бірлесе отырып, сауда орындары әкімшілігінің заңсыз іс-әрекетінен сатушыларды қорғау, адал бәсекелестікті сақтау үшін меншік иелерінің жауапкершілігін күшейту шараларын әзірлеуі қажет. Үкімет пен әкімдерден қолданыстағы тәсілдердің тиімділігін арттыру, сондай-ақ жұмысқа жаңа әдістерді енгізу бойынша нақты қадамдар күтемін», – деді Президент.
Қант демекші, бұрын іске қосылған жеті қант зауытының бүгінде төртеуі ғана жұмыс істейді екен. Алайда зауыттың кейбірі толық қуаттылықта жұмыс істемейді. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылға қарай қызылша қантының үлесін 6 есе ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бірақ соңғы төрт жылда қант қызылшасының аумағы үштен бірге азайған.
Сонымен сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар? Қыспаққа алған қымбатшылықты қалай тоқтатуға болады? Не тосқауыл бола алады? Әрине қымбатшылықтың негізгі себебін әлемдік саудада мұнай бағасының төмендеуімен, есесінен теңгеміздің әлсіреуімен, импорттық тауарлардың қымбаттауымен түсіндіруге болар. Бұрын да осылай болатын. Ел Президенті де инфляцияның өсуін әлемдік экономиканың бәсеңдеуімен байланыстырды. Ал сарапшылар болса, қазіргі инфляция көрсеткіші 20%-ға дейін ұлғаю қаупі барын айтты. Сондықтан инфляцияға индексация жасау керектігін алға тартты. Бұған қоса, орта және шағын бизнеске қолдау білдіріп, мемлекет бюджетінің шығысын азайту жағдайды анағұрлым жақсартатынын жеткізді. Экономист Меруерт Махмұтова еліміздегі инфляцияның жоғары болуы халықаралық экономикаға байланысты емес деген тұжырымда. Оның ойынша, бұл тікелей еліміздегі ішкі өндірістің тапшылығын көрсетеді. «Күн сайын азық-түлік өсіп жатыр. Ол неге өседі десек, бізде соңғы жылдары Еуроодаққа мүше болып кіреміз деп, өнімнің 50 пайыздан астамы Ресейден импортталып отыр. Біріншіден, бізде ауылшаруашылықты, тағам, азық-түлік мәселесін шешпей, оның өндірісін ұлғайтпай, біз ішкі тағам бағасының күннен-күнге өсе беруін қысқарта алмаймыз», – деді экономист.
Шымбайымызға батса да шындық осы боп тұр. Таяқтың ұшы сол ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерге тікелей байланысты. Отандық өнім өндірушілердің төрт аяғын тең бастырмай, өзге тұрмақ әлеуметтік тағам түрлерін өз бағасында ұстап тұру да қиындауы мүмкін дегенді алға тартты сарапшылар.
Фотосурет ашық дереккөздерден алынған