Оның алдында 1 сыныпқа қабылдау үшін бала сабақ басталатын қыркүйекке дейін 6 жасқа толуы керек болса, жаңа өзгерістен соң алты жасқа қарашада не желтоқсанда толатын балаларды да бірінші сыныпқа қабылдайтын болды. Осыдан кейін ата-аналар пікірі екіге жарылды. Тіпті мұғалімдердің өзі бұл өзгерістің бала дамуына кері әсер ететінін мойындады. Алайда бұл өзгеріс білім беру жүйесіне сол жылғы жаңалық болып еніп кете берді. «1-сыныпқа 6 жасқа толған, сондай-ақ күнтізбелік жылда алты жасқа толатын балалар қабылданады. Ол үшін баланың ата-анасы немесе заңды өкілінің өтініші, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, 026/у-3 және 063/у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы құжат, сондай-ақ оқушының 3х4 екі суреті қажет», – деген хабарды ҚР БҒМ баспасөз қызметі биыл да таратты. Айта кетейік, 2021-2020 оқу жылында еліміз бойынша бірінші сыныпқа 395 мың бала барса, алдағы 2022-2023 оқу жылында 400 мыңнан астам бала қабылданады деп жоспарланған.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛ:
Балалар бүгінгі әдебиеттен өздерін таба алмай жүр
Сапалы білімге қалай қол жеткіземіз?
Ал енді осы балалардың даму ерекшелігі, қабылдауы, физикалық жетілуі білім жүктемесін қаншалықты көтере алып жүр деген сауал күн тәртібінен түскен емес. Сонымен баланы 1 сыныпқа неше жастан берген дұрыс: 6 жастан ба, әлде 7 жас жөн бе?
Десе де таңдау тағы да ата-ананың өзінде. Бірақ бала бес жасқа толғаннан кейін балабақшамен қоштасады. Одан соң шағын орталыққа беру керек. Ойыны қанбаған бала партаға емес, далаға жүгіретіні рас. Ал үлкен қалаларда мысалы, елордадағы мектептердің көбінде даярлық сыныбы атымен жоқ. Ақылы орталықтардың бағасы күйіп тұр. Сөйтіп ата-ана 6 жасқа толар-толмас баланы еріксіз 1 сыныпқа береді.
«Ұлды 7 жастан, қызды 6 жастан мектепке берген дұрыс. Себебі 14 жасқа дейін қыздар ұлдарға қарағанда жылдамырақ дамиды. Дегенмен ғылыми зерттеулер мектеп табалдырығын кешірек аттауды жөн деп табады. Педагогтар сабақты тез ұғатын, физикалық дамуы жетілген балаларға бейсаналы түрде көбірек көңіл бөледі екен. Ал 10-12 жасқа дейін балалардың жасындағы 6 айлық айырмашылық әжептәуір байқалады», – деді әлеуметтанушы Айдос Алтынбек ғылыми зерттеулерге сүйеніп. Ал елордадағы №90 гимназияның директоры, ұстаз Аятжан Ахметжанұлының ойынша, баланы 6,5 жастан аспай, 1-сыныпқа бермеген дұрыс. Адам миы 12-13 жасқа дейін толық даму кезеңін бастан кешіреді екен. «Қазір балаңыз қағылез, бәрін алып кететін секілді көрінеді. Бірақ мидың көтеру салмағы бала үлкейе келе белгілі болады. Қазір алып кеткен балаңыз өсе келе шаршағанын сезесіз. Мидың даму кезеңдері болады, бұл даму кезеңдерінде қатты салмақ салу – қателік. Әр пәннің қиындық дәрежесіне қарай басталады ғой пәндер де. Мысалы, биология 6-сыныптан, физика 7-сыныптан, химия 8-сыныптан деген секілді. Яғни адамның әр жасындағы қабылдау мүмкіндігіне қарай зерттеп енгізілген педагогикалық шешімдер. Ал баланы ерте мектепке бергенде, осы зерттеулердің бәріне қайшы шешім шығарасыз», – дейді ұстаз.
Расымен қазір 5 жастан жаңа асқан баланы мектепке бере салатындар көп. Өйткені кейбірі балам алғыр дейді, кейбірі баламды қарайтын адам жоқ дейді. Ұстаздың ойынша, екеуі де – балаға жаны ашымағандық. «Ол баланың тікелей болашағына қатысты. Сондықтан балаңызды кемінде 6,5 жастан асырып, 7-ге толтырып мектепке беріңіз. Бала ештеңеден кешікпейді, ойнап, балалығын толық қандырып, мектепке барсын. Бөпе кезінен балалығынан айырмаңыз» – деген кеңес береді Аятжан Ахметжанұлы.
Ұстаздың бұл ойын журналист, қоғам белсендісі Нәзия Жоямергенқызы да құптайды. «5 жастағы баланың ойыны қанбаған. Миы оқу бағдарламасын қабылдауға қиналады. Үш баламды да 7 жасынан бергем, үшеуі де жақсы оқиды. Төртіншімді де 7 жастан беремін. Қайда асығасыңдар? Неге асығасыңдар? Асықпаңдар» – деген журналист бала жауапкершілікті алуға әлі үлгеретінін жеткізді. Себебі балалығы ұрланған бүлдіршінге обал екенін баса айтты.
Түптеп келгенде тәжірибелі, ардагер ұстаздардың бәрі 1 сыныпқа 7 жастан беру керек дегенді алға тартады. Осы орайда өркениетті елдерде бұл мәселе қалай қарастырылғанына да үңіліп көрдік. Иә, АҚШ-та баланы 1 сыныпқа бес жастан беруге болады. Алайда ондағы оқыту форматы біздегі даярлық тобына ұқсайды екен. Сабақ ойын түрінде өтеді. Ойыншықтарымен ойнауға, мультфильм көруге күнде уақыт бөлінеді. Бұдан бөлек далада ойнауға да уақыттары бар. Оқуға бар-жоғы 2-3 сағат кетеді, қалғаны ойынға арналады.
АҚШ-та уақытша тұратын жерлестеріміздің айтуынша, сабақ осыншама жеңіл болғанымен, балалалар әрі әріп танып, әрі кітап оқуға тез машықтанады. Мұнда да бірінші сыныпқа біреу 6 жастан, біреу 7 жастан келеді. Алайда ондағы оқу бағдарламасы баланың шығармашылық дамуына бағытталғандықтан, өте жеңіл. Мәселен, үй тапсырмасы 0 жəне 1 сыныпта 15 минуттан аспауы керек.
Бұл тақырыпта біздегі психологтардың да пікіріне жүгініп көрдік. Психолог біздегі оқыту мен тәрбие жұмысының қаншалықты екенін саралап берді. «Жалпы жеті жасқа дейін ойын ойнау бала бойындағы негізгі құлшыныс саналады. Сондықтан бала мектеп табалдырығын аттамай тұрып, ойын ойнап, құмарын қандырып алу керек. Білім шаңырағында ойын ойнатқызбайды ғой. Тіпті қазір балабақшалардың өзінде, мектепалды даярлық топтарда да балаларға әркез ойын ойнатқызбайды. Қазіргі күні үлкендер бала бірінші сыныпқа барғанға дейін, оған әріп танытқызып, жазу жазғыза білу керек деген ойға тәуелді болып қалған секілді», – дейді психолог маман.
Түйін: Кіммен сұхбаттасақ та баланы ерте жастан 1 сыныпқа бермеу керек екенін алға тартты. Бұл – қоғам пікірі. Ендеше жыл сайын сәуір-мамырда 1 сыныпқа бала қабылдар алдында осы бір өзекті мәселеге байыппен қарап, пайымды шешім қабылдауға болатын шығар. Өзге елден тәжірибе алуға құмар халықпыз ғой, ең болмаса жоғарыдағыдай тиімді тұстарын бөлісіп, баланың болашағы үшін білім беру жүйесіне ыңғайлауға болмас па? Сонда ғана министрліктегі шенділер қоғам пікірімен санасудың биік деңгейін көрсетер еді.
Фотосурет ашық дереккөздерден алынған