Түн-Жабағының әкесі Тардұш Естеми қағанның тұңғыш ұлы болатын және ол өз дәуірінде Жетісу өлкесін билеген еді. Алайда Тардұш 603 жылы Төрік қағанатына бағынудан бас тартып, Жетісуды бөліп алып, Батыс Төрік қағанатын құрады.
Тардұштың бұлай істеуіне бірден бір себеп болған – Төрік қағанатына қытайлардың сұғына енген саяси ықпалы болатын. Тардұш дүниеден өткен соң, оның тағына балалары арасында тартыс басталады. Ақырында Нушеби тайпалар одағының ықпалымен Батыс Төрік қағанатының билеушісі болып Тардұштың бес ұлының ең кенжесі Елтегін Бұйрықжеңіске жетеді.
Тайпалар одағына сол кезде қаңлы, оғыз, қарлық, шегілі (шекті), төргеш (сары үйсін), асығ, құсшы тайпалары кірген болатын. Ал бесеудің төртіншісі болған Түн-Жабағының билігіне Қаңлы мен Сары үйсінге қараған шағындау өңір тиеді. Ол кіші ұл болғандықтан ағаларының билігін қолдай жүріп, шағын өлкені барынша белсенді түрде әділ билейді. Ақырында бұл ол үшін ең дұрыс шешім еді.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛДАР:
2500 жыл бұрын үйсіндер өздерін «қазақ» атаған
Қазақтың соңғы хандығы. Жәңгір хан.
Оның осындай әділ билеу тәсілі Батыс Төрік қағанаты мен Қытай арасындағы соғыста үлкен пайдасын тигізді. Түн-Жабағының бұл жаугерлігі Батыс Қағанатты басқарған ағасы Шегей билеген 612-618 жылдарда абыройы асқақтап елдегі екінші адам деңгейіне көтерді.
Түн-Жабағының арқасүйер екі тайпасы қаңлы мен сары үйсін еді. Шегейді қытай шпиондары өлтіргеннен кейін, ағасының орнына таққа отыруға қол жеткізген осы екі тайпа болды.
618 жылы Батыс қағанаттың алтыншы қағаны болып сайланған Түн-Жабағы қағанат жераумағын ұлғайту жөнінде мәлімдейді де назарын батыс жаққа бұрады. Ол нағыз төрік әдебін сіңірген адам ретінде шығыстағы бөлініп қалған төріктермен соғысуды жөн көрмейді. Қаған батысқа қарай жорыққа шықпас бұрын, елде бірқатар реформаны қолға алады.
Түн-Жабағы бағынышты аймақтар мен қалаларға өзіне тікелей қарайтын және алым-салық жинауға жауапты түдүндер тағайындайды. Бұл кейін Алтын орда дәуірінде жалғасқан басқақтардың қызметі болатын. Осылайша қазына тез арада толығып, парақорлық мейлінше азаяды. Осылайша жергілікті әкімдердің халықтан жинап қазынаға түсіретін алымды жымқыруы азаяды.
Сонымен бірге ол «Жабағы қаған» деген жазуы бар ақша шығарады. Бұған қоса ол өзіне қарайтын барлық керуен жолдарын бақылауға алып, олардан да салық алу жүйесін нықтайды. Осылайша өз аумағындағы сауда жолын реттеп, тәртіп орнатады. Сондай-ақ ол ықпалды жергілікті әкімдермен арадағы қатынасты да жақсартады. Сөйтіп ол өзінің бір қызын Самарқан билеушісіне ұзатады. Бұған дейін қаған қыздары тек қана төрелер мен қытай билеушілеріне ұзатылатын. Оның реформасындағы бесінші бір шешім экология сипатында болды: аңға бейберекет шығып, тағы айуанды қыруды доғартады.
Бұл туралы қытай жазбасында оның марал атуды доғарту үшін өлім жазасы кесілгені туралы мәлімет бар. Бұның барлығы қағанаттың әл-ауқатын күшейтіп, тәртіп пен әдепті мықтап, ақыры жүз мың атты әскер жасақтауға мол мүмкіндік туады.
619 жылы Батыс Төрік қағанатының алғашқы бас иген жері бүгінгі Өзбекстан маңайы мен Пәкістанның солтұсы болған көрінеді. Көп ұзамай парсылық Сасанидтер империясымен жауласуға тура келеді. Төрік қағаны енді сасанидтерге қарсы Византиямен одақтасуға кіріседі.
Бірақ ол Византияға толық сенуге болмайтынын жақсы білді, бұрынғы уақытта ол жалт бұрылып, төріктерді сатып, сасанидтер жағына шығып кеткенін жадында жақсы ұстаған еді. Сондықтан Түн-Жабағы Византияны тырп еткізбейтіндей қосымша әскерін жасырын ұстады. Оның бұл есебі өз жоспарын жүзеге асыруға дәл тиді. Византия Төрік қағанатымен одақтасу кезінде бұлтақтауға шамасы келмеді. Осылайша Түн-Жабағы Тоқарстан, Ауғанстан мен Үндістанның солтұсын жаулап алады.
Бұдан кейін ол 626-628 жылдары орын алған Византия патшасы Ираклий біріншінің Кавказ сыртына жасаған шабуылына атсалысады. Осының нәтижесінде төріктер Дербендті, Тбилисиді, Қара теңіздің солтұсын басып алады. Бұл маңайдың бәрі сол кездегі парсы патшылығына қараған болатын.
Бұл жеңіске әбден қайран қалған Ираклий патша Тбилиси түбінде төрік қағанымен бет пе бет жүздеседі. Қағанға ол өзінің қымбат тәжін кигізіп, Кавказдың бәрін жаулауға жәрдемдессе қызы Евдокияны беретінін уәде қылады. Бұл абыройдан кейін дүниенің төрт құбыласынан Түн-Жабағы қағанға қарай елшілер ағыла бастайды. Осылайша 630 жылға қарай Батыс Төрік қағанаты барлық елдердің жүгінетін ірі мемлекетіне айналады.
Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынған