Қытай жазбасында Қаңлы алғаш рет «кәнзөй» түрінде б.д.д. 2-ғасырда аталады.
Б.д.д. 138 жылы қытайдың У-ди императоры батысқа қарай елшісін жөнелтеді. Онымен бірге аттанған кінәз Дшән Сиән 13 жылдан кейін оралады. Оның жазып қалдырған сапархатында бұрын беймәлім елдер туралы ақпар бар. Солардың ішінде Қаңлы елі де бар еді. Қаңлының 90 мыңдық қолы бар екен. Қытайлық Хән тарихында Қаңлы туралы халық саны шамамен 600 мың жан, ал әскер саны 120 мың сарбаз екенін келтіреді. Бұл санның қаңлы елінің өз заманындағы аса қуатты мемлекет болғанын көрсетеді.
Бүкіл ежелгі дүниені тізе бүктірген, азуын айға білеген парсыларда Кир дәуірінде 500-600 мың халқы мен әскері қаңлыдан артық болмаған, ал Евразияның жартысын жаулаған Александр Македонскидің әскері бар-жоғы 50 мың болатын.
Аймақтағы ең үлкен халқы мен әскері болған Қаңлы 6 ғасыр бойы Ферғанадан Аралға дейінгі Жібек жолының ұлан-ғасыр өлкесіне билік жүргізді. Сырдария өзені сол кезеңде «Қаңға» аталғаны мәлім. Осы сапаржолдың бойына барлық керуен, соның ішінде Қытайдың да жібек тасыған керуені салық төлеуге мәжбүр болды. Әрине, Қытай бұндай бәсекелестен құтылғысы келгенімен, онысынан ештеңе шықпады. Қаңлыға қарсы бір жорықта 60 мың әскерден бар болғаны 10 мыңы қайтып оралды. Қалғанын көшегендер әскері қырып салған еді.
Бұдан кейін Қытай билігі әулет бауырластығы деген саясатқа көшті. Қытай ол үшін арнайы заң шығарып, қаңлының әрбір әміршісіне қытай ханшайымын ұзатуды заңдандырды.
Осылайша қытай ғұндарға қолданған тәсіліне жүгініп, қаңлыны бөлшектеуді ойластырды. Бірақ бұл қаңлыларға жүрмеді. Әрине, қаңлы билеушілері қытайдың сұлу ханшайымдарынан бас тартқан жоқ. Бірақ Қытайдың бұл елге деген ықпалы болмашы болып қала берді.
Керісінше, Қаңлы күшейген сайын Қытайдың оған кіріптарлығы ұлғая түсті.
Әлгі Дшән Сиән қаңлы билеушілерін соншалықты паң әрі қайсарлығы сондай, император алдында бас ию дегенді білмеді деп жазады. Тіпті, үйсін елшілерін қытай шенділерінен де жоғары отырғызады деп жазды.
Б.д.д. 101 жылы Қытай көрші Дәзән елін шапқанда оны қолдап, қаңлының қарсы тұрғаны айтылады. Бұған дейін бір де бір жеңіліп көрмеген хән қолбасшысы Ли Гуанли шегінуге мәжбүр болып, бар болғаны 3000 жылқыны олжалап қайтады. Ал оның басты мақсаты барлық Дәзән елін бас идіру болатын.
Ғұн төресі Шөжеге қамқор болып, құтқарған қаңлы патшасы еді.
Б.д.д. 44 жылы ғұндар өзіне шабуылдап тыным бермеген үйсіндерге қарсы жорыққа шыққанда, қаңлы елі оны қолдап шығады да, оларға үйсіндердің астанасы Шигөшіні басып алуға жәрдемдеседі. Ал қытайлар Шөжеге қарсы үлкен жорыққа шыққанда қаңлылар тағы да терістіктегі Шөже қолына көмектесіп, оның б.д.д. 36 жылы қайғылы қазаға ұшырағанша қолдаумен болды. Бұдан басқа біздің дәуіріміздің 78 жылы Қаңлы мен Құшандардың біріккен қолы Шығыс Түркістанға басып кірген Қытайдың Бән Шао бастаған қолына тосқауыл береді.
Алайда бұдан кейін Қаңлының күшейгенін жақтырмаған құшандар бұл одақтасына соғыс жариялайды. Қиян-кескі соғыстың салдарынан Қаңлы тізе бүгіп, өзінің Ташкент пен Қаразым секілді иеліктерінен айрылады.
Бірақ Қаңлы бұл жеңілістен тез арада ес жыйып, Арал бойы мен Оралдың түстігіндегі елдерді басып алады. Ал Алтай тайпалары оған бағалы аң терісімен салық төлеуге көшеді. Бірақ та көп жыл бойғы Қытай мен Құшан арасындағы араздық Қаңлы үшін де өз әсерін берді.
4-ғасырға қарай Ташкентті қайтарып алғанымен, Қаңлының Арал бойындағы, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі қауқары әлсірей бастайды. Қаңлы мемлекеті туралы соңғы тарихи ақпарда 438 жылы оның Солтүстік Веймен дипломатиялық келісім орнатқандығы айтылады. Бұдан кейін қаңлы мемлекеті турасында ақпарат жоқ, бірақ аса қуатты қаңлы тайпасы туралы мәлімет алдан шығады. Қаңлы елі 5-ғасырдың басында Түркі қағанатын құрған тайпалардың бірі ретінде құрамына кіріп, қағанаттың негізін қалаушы елдердің бірі болады.
Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынған