Бұл жолғы әңгіме кіші Бөкейхан Ғабдолхакімге арналмақ. Екеуі де Шыңғысханның ұрпағы болғанымен, төреге жатқанымен, Ғабдолхакім Әлиханға туысқан емес.
Әлихан белгілі, Орта Жүзді билеуге қатысқан Көкжал Барақтың тұқымы болса, Ғабдолхакім Кіші Жүздің белгілі ханы Әбілқайырдың ұрпағы болып келеді. Кіші Бөкейхан Бөкей ордасында 1896 жылы көкек айында Нұрмұхамбет төренің отбасында дүниеге келеді. Оның бабасы Бөкей Кіші Жүзді билеуге сәті түспесе де, бүкіл қазақ даласына хандықтың жаңа билеу өнегесін енгізген Бөкей ордасының негізін қалаған тұлға ретінде тарихта қалды. Ол Жайықтың оң жағасынан орын теуіп, өз хандығын Ресей патшасымен келіссе де жоғалтпай, өзіне қараған ру-тайпаны билеуге жаңаша серпін берген еді.
Ғабдолхакім өз қабылетімен бірге, төре тұқымы ретінде әрине керемет білім алып шықты. Әуелі бабасы ашқан орда медіресесінен сауат ашты. Сосын Жәңгір ханның орыс-қазақ мектебінен білім алды, одан кейін патшалық білім жүйесі болса да, Орал әскери училищесін тамамдаған. Ақырында Мәскеудегі Ауылшаруашылық академиясын бітіріп, білімді де білікті маман әрі тұлға болып өсіп шығады.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛДАР:
Әбілқайыр ханды өлтіруге тапсырыс кімнен болды?
Қазақтың соңғы хандығы. Жәңгір хан.
Ресей империясын қызылдар жайлай бастағанда, Ғабдолхакім көзі ашық саясаттанушы ретінде бірден Ленин бастаған бәлшевиктерді, олардың қазаққа мемлекеттігін қайтару уәдесіне қарай қолдап кетеді.
Сол себепті де Ғабдолхакім Бөкейхан бірден іске көшіп, 1918 жылы Бірінші Қазақ полкын жасақтап, Азамат соғысының майданына кіріп кетеді. Ол Ресей империясын қалпына келтіруші ақ гвардияшыларға қарсы шығады.
Ғабдолхакімді Ленин бастаған бәлшевиктер Алашорда билігімен келіссөз жүргізуге тартады. Ол қызылдарға екі талап қояды: біреуі – Алашордаға қарсы қуғындау шарасын қолданбау және екіншісі – бір-екі жыл ішінде Қазақ мемлекетін құруға мүмкіндік беру. Осы екі талаптың өзі оның қаншалықты ықпалды және жарқын тұлға болғандығын байқатады. Сөйтіп ол Мәскеудің ұсынысын қабыл алып, Алашордамен арада келіссіз бастауға келіседі.
Сөйтіп ол 1919 жылы Алашорда билігімен сөйлесіп, оларды қызыл билікке қарай бет бұруға ықпал етеді. Бұл деректі сатқындық дегеннен гөрі сол кездегі саяси ахуалды қолайлы пайдаланудағы сұңғылалық болатын. Егер оның айтқаны жөнсіз болғанда алашордашылар оны қолдамас та еді. Ол кезде қазақ жерінің барлығы қызыл биліктің қарауына өтіп тырп еткізбейтін ахуал орнаған еді.
Сол кезде ҚазОртком жауапты хатшысы ретінде Алашорда қайраткерлерін сүбелі орындарға тағайындауға кірісіп кетеді. Оларды осылайша жұмылдыруға алғышарт жасап, болашақ Қазақ мемлекетінің негізін қалауға үлес қосты. Қазақияның жер аумағын Лениннің өз қолымен бекітіп алу тактикасы да соның ойы болатын.
Бүгінде аз ғана алашорда тобы Ленинмен арада келіссөз жүргізіп, жерімізді алып қалғандығы турасында әңгіме мен зертеу жұмыстары бар. Бірақ бұлардың барлығы оның тереңіне бойламай, оның арғы жағындағы алғышартты жасақтауға қатысқан Ғабдолхакімді көрмей жүр. А.Байтұрсынұлы мен Әлімхан Ермек Ғабдолхакімнің қатысымен оларды Ленин мен Сталинге жолықтырмағанда, арасына көпір болмағанда әңгіме мен тарихтың мүлдем басқаша болып кетуі әбден мүмкін еді. Өйткені ол болашақ Қазақстанның пәрменді де ықпалды өкілі ретінде ОКтегі қызметі мен лауазымы да әрі екі тарапты келістірген еңбегі де түрткі болғаны рас еді.
Оның ғұмырына қысқаша шолу жасасақ. 1919 жылы Қазревком мүшесі ретінде Кеңес өкіметі жағына тарту мақсатында Алашорда жетекшілерімен келіссөз жүргізеді. Қазревкомның ұлттық кадрларды іріктеп, қызметке тағайындау комиссиясының мүшесі бола жүріп, көптеген Алаш қозғалысы қайраткерлерін Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлар Комитетіндегі жауапты қызметтерге тағайындауға септігін тигізді. 1920 жылы БОАК-де Қазревком өкілі болды. Бүкілресейлік Кеңестердің үш съезіне, сондай-ақ, Коминтерннің 4-конгресіне қатысады.
1921-22 жылдары Семей губерния атқару комитетінің және Семей мен Ақмола губернияларының Ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы. 1925-32 жылдары Жер халкомының алқа мүшесі, Қарақалпақ атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазақ мақта комитеті төрағасының орынбасары, 1933-37 жылы КСРО мақта-трактор орталығы тресінің өкілі, Түркістан облысының Жер басқармасының бастығы қызметтерін атқарады.
Ақыры қызылдардың қитұрқы саясатының бодауына түсіп, қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы ату жазасына кесілді. 1957 жылы ақталды. Ғабдолхакім қазақ мәдениетінің қамқоршысы болды. А.В. Затаевичке қазақтың онлакған күйлері мен әндерін, авторларын таныстырып, материал береді. Жалпы саны 27 әнін жаздырып, Дәулеткерей, Салауаткерей және өзі тәрбиесін көрген Әлікей, Макар сынды халық композиторлары туралы құнды деректер берген.
Фотосурет ашық дереккөздерден алынған