Өз дәуірінде ауқатты да көзі ашық болған Шегедектiң екi әйелiнен сегіз ұл, 4 қыз тарайды. Осы сегіз ұлдың iшiнде Биахмет, Жанахмет, Халел, Дәлел және Салық орысша-қазақша оқыған, саяси сауатты азаматтар болды. Сәрсен әулеті Алаш қозғалысына белсене қатынасқан.
Биахметтің жалғыз ұлы Ғалихан туғанда, әкесі есімін Алаш көсемі Әлиханның құрметіне Ғалихан қойған. Ғалихан Сәрсенұлы 1995 жылы өз қолымен толтырған өмірбаянында «1917 жылы дүниеге келдім» деп жазады. Жастай жетім қалған Ғалихан әкесінің інісі Жанахметтің тәрбиесінде болған. Сұрқия саясаттың кесірінен бұл мектептен «алашордашылдың» баласы деген желеумен оқудан шығарылады. 1931-32 жылдары қаладағы ирригация техникумында оқиды, ағасы Дәлел қайтыс болғасын, оқуын Алматыдағы техникумда жалғастырады. 1934 жылы екі бірдей институтта, яғни Қазақ коммунистік журналистер және тау-кен институтының геология-барлау факультетінде білім алады. 1936-39 жылдары Тамбов қаласындағы авиамектепте ұшқыш-истребитель мамандығын меңгереді. 1939 жылы әскери білімін жетілдіру мақсатында теңіз әуе күштері курсын да бітіреді. Бірақ әкесiнің алашордашыл болғандығынан, оған сенiмсiздiк білдiрiліп, ұшуға рұқсат етілмеген. Әкенің ардақты абыройы кеңестік саясат үшін кесір еді, сол соңынан қалмай саяси сенімсіз кадр ретінде әскери бөлімге жіберілмеді.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛДАР:
Қызылдар мен Алашорданы келістірген тұлға
Әбілқайыр ханды өлтіруге тапсырыс кімнен болды?
1940-41 жылдары аэроклубта У-2 самолетінің нұсқаушысы болады. Бұған жасымастан ол 1940 жылы Москваның шетел тілдері институтының француз, ағылшын және неміс тілдері факультетінің сырттай бөлімін оқиды. Тілмаш ретінде ағылшын, француз және немiс тiлдерiнде еркiн сөйлеген. Оның бұл білігін НКВД байқап, өз пайдаларына тартады. Басында оны алашордашылдың тұқымы ретінде қыспаққа алуды ойластырады, бірақ совет өкіметіне сол кезде мықты кадр да керек еді. Сөйтіп 1941 жылы соғысбасталған бойда Ғалихан тез арада жоқ болып кетеді – оны сыртқы барлаушы ретінде Европаға жіберген еді. Оның бұл қызметі туралы әлі де архив ашылағн жоқ. Бірақ ол 1943 жылы Италияда болғандығы мәлім.
2-дүниежүзілік соғысқа қатысып, тұтқынға түсіп, одан қашып шыққан соң Голландиядағы Қарсыласу майданының сарбаздары құрамында ұрыс қимылдарына қатынасады. 1944 жылдың соңына қарай жас барлаушы Голландиядағы советтік консулдыққа әскери кеңесші ретінде алынады.
Соғыс аяқталған соң 1945 жылдың тамыз айынан бастап неміс, француз, ағылшын тілдерінің тілмашы ретінде үш жыл Голландия (Нидерландия) мемлекетінің аумағында Кеңес үкіметі тарапынан құрылған айырықша топпен бірге аталған мемлекеттің Амстердам, Ротердам, Утрехт қалаларында қызмет қылады. Бұл топтың негізгі міндеті мен мақсаты екінші дүниежүзілік соғыс уақытында фашистік Германия тарапынан еріксіз жұмысқа алынған Кеңес елі территориясындағы украиндықтар мен белорустарды және өлім лагеріндегі соғыс тұтқындарын елдеріне қайтару болатын. Сонымен, 1945-48 жылдары соғыс тұтқындарын елдерiне қайтару туралы халықаралық комиссиялардың бiрiнiң құрамында тiлмаштық қызмет атқарады.
Осылай жүргенде ол Нидерландының бұрынғы королiнiң ортаншы қызы, ханшайым Иоке Мулдерспен танысып, соған үйленеді. Олар 1947 жылы Херат есімді ұл сүйеді. 1948 жылы Ғалихан Биахметұлы елге әйелi мен баласын алып келе жатқан кезде шекарада тексеріп, жас нәрестелi Иоке шетел азаматы болғандықтан шекарадан өте алмай, Кеңес үкіметінің талабына сай келмегендіктен, келіншегі пұшайман болып керi қайтады.
Сол жылы Ғалихан Биахметұлы Шымкент жақта Анна Дубова деген орыс қызымен танысып, үйленедi. Одан үш ұл көреді. Тұңғыш ұлы 1992 жылы кісі қолынан опат болады, екінші ұлы 21 жасында қайтады, кенже ұлы анасымен Ресейдің Тверь қаласына орналасады.
Ғалихан Биахметұлы елге келген соң орта мектептерде шет тілі мұғалімі және Оңтүстік Қазақстан облысы газеттерінде журналист қызметтерін атқарған. 1977 жылы зейнетке шығады. Күтпеген жерден 1950 жылдардың аяғында Ғалиханның атына Мәскеудегі шетелдiк елшiлiктен арнайы шақырту қағазы келеді. Оны шақыртқандар – халықаралық делегация құрамында келген Голландияда қалған әйелі Иоке мен ұлы Херат екен. Бірақ ол бара алмайды, ол кезде аурушаң болатын. Бірақ себеп ол да емес, кеңестік тыңшылар тарапынан жасалған бақылау болса керек.
Ғалихан Биахметұлы 82 жасында 2000 жылы Шымкент қаласында қайтыс болды.
Фотосурет ашық дереккөздерден алынған