Оның аты әлі күнге ресми тарихта таныла қойған жоқ, оқулықтарда кездеспейді. Бұның басты себебі, Ресейлік саясаттың Қаратай ханның кейпін мейлінше жек көріп, барынша тарихтан аластағанында болып отыр.
Қаратай – қазақ халқының тарихындағы биік те, беделді әулетте дүниеге келді. Оның атасы Әбілқайыр хан аңызға айналған бүкілқазақтық қолбасы болғаны мәлім, оның есімі әсіресе жоңғарға қарсы жорықта әйгілі болып, батыр атанды. Кейін Кіші жүздің алғашқы ханы болып сайланды.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛДАР:
Қазақтың соңғы хандығы. Жәңгір хан.
Каким был флаг Казахского ханства?
История Казахстана: легенды и легендарность
Қаратайдың әкесі Нұралы хан Әбілқайырдың тұңғыш ұлы ретінде хан тағына бірінші мұрагер еді. Оның да аты жас кезінен-ақ жоңғарға қарсы ерлігімен шыққан қолбасы болатын. Әбілқайыр хан өлгесін оның тағына отырған Нұралыны Ресей патшалығы Кіші жүздің ханы ретінде мойындауға мәжбүр болғаны мәлім. Қаратай болса, Нұралының інісі, қалмақ билеушісінің қызы Ырыс ханымнан туған ұл болатын. Нұралы таққа отырған кезде оның тағына үміткер болудан бас тартып,оны қолдаумен болады.
1796 жылы ағасы Есім хан Кіші жүздің билеушісі ретінде хан сайланғанда, Қаратай оның да сенімді серігі бола білді. Қаратай жас кезінен-ақ, Байұлы тайпасын билеумен көзге көрінді. Бірақ көп ұзамай Қаратайдың тағдыры басқа жолға түсті.
1797 жылы белгілі би әрі батыр Сырым Датұлының бір жасағы Есім ханның ауылына шабуыл жасап, ханды өлтіреді. Сол кездегі хандыққа қарсы Сырымның «халық кеңесін» құру ниеті айқындалған кезең болса керек. Әйтпесе, қарапайым халықтың ханды өлтіруі бұрын-соңды бола қоймаған еді. Есім хан өз ауылын қорғап жүріп қапыда қаза табады.
Осылайша ойда-жоқта билеушісіз қалған Нұралы ханның тағын Қаратайдың иеленуіне тура келеді. Әрине хан тағына отырған ол өз ағасының кегін алуға тиіс болатын. Қаратай ханның осыдан кейін Сырым Датұлына ашық қарсы шығуы қажет еді. Өйткені, халықтан шыққан билеуші Сырым халық сайлаған заңды ханды өлтірді.
Алайда, 1797 жылы хан сайлауы кезіндегі құрылтайда Шыңғыстың кіндігінен тараған Әбілқайыр ханның ұрпақтары екіге жарылып тартысады. Нұралының тақты көздеген ұрпағы ел билеуге лайық хан ретінде Қаратайды көргісі келсе, Әбілқайырдың кіші ұлы Айшуақты жақтаушылар өз кандидатын саяси таласқа қосады. Дегенмен, сол кездегі әділ сайлауда Айшуақ хан сайланады. Алайда бүгінгі советтік тарихшылар Айшуақтың жеңісін Ресей патшалығының арқасы деген көзқараста болғанмен, тарихшы, видеоблогер Асланбек Қансарбаев қазақ құрылтайын ол кезде Ресейдің ықпалынан тәуелсіз орган ретінде қарайды. Ол Айшуақтың жеңісін Қаратайдың өз немере ағасымен одан әрі тайталасуды доғарып, тақты беруімен түсіндіреді.
1805 жылы денсаулығының әбден сыр беруін ескеріп, Айшуақ хан тақ мұрагерін анықтау үшін құрылтай шақыруды көздейді. Алайда, Айшуақтың 16 ұлы билікті ешкімге бергісі келмей, суперықпалды Қаратайды еңсеру мүмкін еместігіне бас қатырады. Олардан басқа сол кезде бұл таққа бас қатырып жүрген Ресей патшалығының Орынбор губернаторы Волконский де бар еді.
Қаратай Нұралыханұлының хан тағына отыруынан Волконский, Қаратайдың бүкіл қазақ даласын Ресейге қарсы қою мүмкіндігінен зәресі ұшады. Осы себептен де ол Айшуақ ұлдарының бірін хан етуге барын салды. Сөйтіп Айшуақ ұлдары 1805 жылы қыркүйекте өздерінің жақтастары қатысқан құрылтай өткізіп, онда алас-қапас Жантөре Айшуақұлын хан сайлайды. Алайда бұл қазақ демократиясының тарихи ережесін бұзу еді: бұл жиынға Кіші жүздің бүкіл ықпалды тұлғалардың қатысуы заңды болатын. Осылайша далалық дәстүрге сына қағылды. Бұған тікелей ықпал еткен Орынбор әскери-губернаторы Волконскийдің кесірі болды.
Осылай құпия өткен құрылтай туралы естіген Қаратай Дала заңын бұзғандарға қарсы ашық күреске шықты. 1806 жылы Қобда өзенінің жағасында өткен құрылтайда Қаратайды жақтастары хан сайлады. Осылайша Кіші жүз бейресми түрде қақ жарылды. Бұл қазақ даласына ықпалын күшейте түскен Ресей патшалығына таптырмайтын ахуал еді.
Осының бәрін жақсы білетін Қаратай хан тағына отырған бойы, Жантөре хандығына ғана емес, Ресейге қарсы ашық түрде күреске шықты. Бұны қолдап Кіші жүздің көптеген ру-тайпалары оны жақтап шықты. Қысқа уақыт ішінде Жантөре хандығын жүздің аумағынан біршама ығыстырып жібереді. Қаратай Ресейлік бекіністерге қауіп төндіре отырып, жаңадан бекініс тұрғызу жоспарын тоқтатып тастайды. Көп ұзамай Қаратай хан Ресейдің Орта Азиямен байланыстыратын керуен жолдарын да өзіне қаратып алады. Оған қарсы шыққан орыстың жазалау жасақтары ойсырай жеңіледі. Ақыры 1809 жылы Жантөрені қолға түсіріп, оны отанын сатқан опасыз ретінде өз үкімімен өлтіреді. Қаратайға қарсы Айшуақтың ұлдары Жантөренің кегін алуға ұмтылады. Қаратайға қарсы Жантөренің басты тірегі болған Жетіру тайпасы да шығады. Қаратай халықты қырғынға ұшыратпас үшін шегініп, Хиуа жеріне ығысады. Бұл жағдайды пайдаланып, Айшуақ ұлдары мен Волконский өз позициясын нығайтуға қайта кіріседі. Тағы құрылтай шақырылып, Кіші жүздің ханы болып Серғазы Айшуақұлы сайланады.
1812 жылы Наполеонның Ресейге шабуылын пайдаланып, Қаратай хан Кіші жүзге оралып, күресті қайта бастайды. Бірнеше рет бекіністерді қиратып, орыс-казак әскерін талқандайды. Губернатор Волконский патшадан қандай жағдайда да Қаратаймен келісу турасында тапсырма алады. 1814 жылы Қаратай хан мен Волконский кездеседі. Патша тарапы ханға түрікпен тағына отыруды ұсынады. Бұл кезде түрікпендердің ханы болған Қаратайдың туған бауыры Пірәлі хан дәл осы кезде қаза болған еді. Бұл да бекер емес болар. Қаратай оның тағынан бас тартып, ақыры ол өзін патша Кіші жүздің нағыз ханы ретінде мойындаса, Ресейге қарсы шықпайтынын жазбаша ұсынады. Бірақ бұған екі жақ та келісе алмаса да, Волконскийдің қатысымен Қаратайдың ұсынысы шынайы қауесет түрінде таралады. Шындығында ол Ресейге қарсылығын доғарғысы келген емес, алайда тақ оған Айшуақ әулетін әлсіретіп, Кіші жүзді біртұтас етуге қажет болған-ды. Бұны басқаша ұққан жақтаушы батыр-билер Қаратайдан бас тартады. Ақыры жаңадан хан болып Шыңғыс әулетінің мүлдем басқа бұтағынан шыққан Арынғазы сайланады. Ол Әбілқайыр ханның ұрпағы емес еді. Бұдан Кіші жүз элитасының Әбілқайыр ұрпағынан әбден түңілгенін байқатады. Әрине, Қаратай Арынғазы ханмен күресуге күш пен қауқары бар бола тұра, ол Кіші жүздің тағы да қақ жарылғанын қаламады. Сондықтан ол керісінше барлық элитаны Арынғазыны қолдауға шақырды. Ал өзі 1826 жылғы ақырғы деміне дейін туған жерінде өз балаларын тәрбиелеумен өтті.
Ресей империясына қарсы күреске барын салар қазақтың тағы бір жарқын тұлғасы өмірін осылай өкінішпен аяқтады.
Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынған