Ежелгі қытай жазбалары бойынша «б.д.д 117 жылы Қытай үйсіндерге Шыжән Сиән деген елшісін жібереді. 300 адам ерткен елші өзімен бірге сыйлыққа 600 жылқы, 1000 өгіз бен қой, орасан мол ақша мен жібек артып аттанады.»
Алайда Үйсін еліне келіп, сарайға келген қытай елшісі үлкен мәселеге тап болады. Үйсіндер өздерінің ғұн тайпаларынан шыққандығын және олардың өздеріне туыс екендігін білетіндігі өз алдына, сонымен бірге Хән империясын көшпелі елдердің қас жауы санайтын болып шығады.
Хән императорынан әкелген барлық сыйлықты жайып салып, елші үйсін патшасынан қабылдау рәсімі ретінде тізесін бүгуді айтқанда, кеудесін керген үйсін қағаны басын да имейді. Сосын ғұндарға қарсы келісімшарт жасап, оларды жеңген жағдайда үйсіндер өздерінің ежелгі Дөңқуан маңына қайтып оралуға мүмкіндік алатынын айтқанда, үйсін патшасы елшіге аман-есен кейін қайтуға бұйырады. Ғұндарға қарсы бәрібір шарт жасаспайтынын айтады.
Бірақ қадалған жерден қан алатын елші Шыжән Сиән құр қол қайта алмайтын еді. Сосын ол үйсін тайпаларының арасынан беделді біреуді тауып, сол арқылы шарт жасасуды ойластырады. Ақыры ол үйсін патшасының үлкен ұлымен келісудің сәтін түсіреді. Ол әкесін азғырып, қытай елшісін кейін қайтарып, хәндермен саудаласып көруді айтады. Ақыры ол ұлының сөзіне тоқтап, Қытайға елшісін жөнелтуді ұйғарады. Жолға шыққан үйсін елшісі жауап ретінде 1000 жылқы алып хән патшалығына сапарға шығады.
Үйсін елшілігі Хән патшалығына келіп, жөн сұрасқанда олар өздерін «хасақпыз» деп атайды. Бұны жазушы, тарихшы Ернар Мәсәлим өз зерттеуінде келтіреді. Оның келтіруінше бұл сөз үйсіндердің халық ретіндегі өз атаулары болып шықты. Бұл сөз бүгінгі «Қазақ» этнонимі болатын.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛ:
Зарина – даланың дана патшайымы
Сақтар парсы империясына қалай көмектесті?
Спитамен – Македонскийден Ұлы даланы қорғаушы
Қытай императорына келген үйсін елшісі оған мынадай талап қояды: «Біз ғұндарға қарсы одақ құрмаймыз. Алайда біз саған қарсы ғұндармен бірігеміз. Егер де император, бұны қаламасаңыз, сіз өзіңізге туыс ханшайымды үйсін қағанына қатындыққа беруіңіз керек!»
Бұндайды күтпеген император аңырып қалады, бұл ұсыныс соншалықты бұрын-соңды естімеген өрескел жағдай еді.
Қытай патшасы ғұндар мен үйсіндердің бірігуінен өзіне қаншалықты күрделі ахуал орнайтынын жақсы білетін – ол шошып кетті. У-ди император жалма-жан айналасынан лайықты ханшайым іздей бастады. Бірақ ол ханшайым болашақта үйсін патшасының басын айналдырып, оны ғұндарға қарсы қойып, хән империясына қарата алатын болуы керек еді.
Ақыры Жетісу өңіріндегі үйсін-қазақтардың еліне қарай 16 жасар Үлю Ситзиун қасына қаптаған шенділер мен қызметшілерді, нөкерлерімен ертіп аттандырылды.
Бірақ үлде мен бүлдеге оранып келген У-ди патшаның бауырының немере қызы қазақ қағаны ұнатпады, сөйтті де ол қызды өзінің үлкен ұлының тоқалдарының бірі етіп береді. Сөйтіп, қытай императорының ойы жүзеге аспай қалды, өйткені үйсін патшасы түгілі оның ханзадасының да көзқарасын бұратындай хән ханшайымының мүмкіндігі болмады. Тіпті ханшайым өзінің үйсін күйеуін айына бір-ақ рет көретін мұрсаты болыпты. Ақыры Үлю ханшайым б.д.д. 101 жылы босана алмай қаза табады.
Осылайша айбынды үйсін қағаны өз еліне де, туысқан тайпаларға да сатқындық жасамастан, қас дұшпанды орнына қойып, 2000 жылдан артық уақыт бұрын құрған қазақ қағанатының баянды болуына барын салды.
Фотосуреттер ашық дреккөздерден алынған