Общество

Зарина – даланың дана патшайымы

Серік Ерғали

27.12.2021

Тарихта Томиристен де кем емес, аты әйгілі сақ патшайымы Зарина бар. Тарихи деректерге қарағанда, Зарина біздің дәуірімізге дейінгі 4-ғасырда массагет тайпасының белді әулетінде дүниеге келіпті. Әкесі массагет секілді мықты тайпаның билеушісі еді. Зарина есімінің өзі билеуші жанұясындағы ұзақ күткен перзент екендігін байқатады. Бұл есім ежелгі түркі сөзінен алтын ұғымын білдіретін. Зарина әкесінің жалғыз әрі ерке қызы болғанымен, оны 16 жасқа толғанда барлық сақ тайпаларының біріккен одағын басқарған қағаны Кидрейге ұзатады.

Бұл қағанатқа массагеттер, парадарайлар, тиграхаудтар мен хаумаваргалар біріккен еді. Бұл күрделі заман болатын, бір ғасыр бұрын сақтардың соққысына киммерліктер, барлық Жерорта теңіз аймағы, Палестина, Урарту, Ассирия мен Мысыр қаратылған еді. Мәди қаған енді сол дәуірдегі алдырмас патшалық Бабылға қарсы аттануды көздеген кезі болатын. Бірақ Бабылды бір өзі шапқысы келген Мидияның патшасы Қияқсардың сарайында сатқындықпен Мәди қағанды ойын-той кезінде өлтіріп тынады. Сөйтіп, сақтар жаулаған ортақ жердің бәрі Мидияның иелігіне көшеді.

Енді Мидия билеушісі сақтардың жерін басып алып, өзіне қаратуды ойластырады.Мидияға қарсы күресті Заринаның ері Кидрей басқарады. Дәстүрге сәйкес Зарина ылғи да күйеуінің қасында жорықтарда болып, өзін көрсеткен батыр бикеш ретінде қалыптасады.

ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛ:

Сақтар парсы империясына қалай көмектесті?

Спитамен – Македонскийден Ұлы даланы қорғаушы

Сақтар Македонский әскерін қалай жеңді?

Ежелгі үндіні 5 ғасыр билеген сақтар

Бір жорықта Кидрей өліп, сақтар одағының басшысы болып Зарина таққа отырады. Ол сақтардың бөлек-бөлек болып, қарқынды түрде күшейген мидиялық патшалықты жеңу мүмкін еместігін жақсы білді. Сондықтан ол Каспи мен Қара теңіздердің арасындағы ержүрек парфяндық тайпамен одақтасуды ойластырды. Келіссөз нәтижесінде Зарина парфян патшасы Мермерге күйеуге шығып, біртұтас мемлекет құрады. Бірақ келісім бойынша Мермер тек қана парфяндықтар мен сақтардың біріккен әскерін ғана басқаруы тиіс болады.Ал сақ тайпаларының ішкі ісі Заринаның қолында қалады. Осының нәтижесінде Мидия сақтардың жеріне солтұсқа қарай аяқ баса алмайды, ал мидиялықтар мен сақтар өзара тәуелсіздігін сақтап қалады.

Алайда, бейбіт өмір ұзаққа созылмайды, Мермер мен Заринаның арасында жанжал шығады. Мермер өзін еркек ретінде көп ұзамай мидиялықтар мен сақтардың бәрін өз қолында ұстаймын деген ойда болған екен. Алайда бұған ашық қарсы шыққан Зарина, бір жанжалдың үстінде күйеуі Мермерді өлтіріп тынады. Бізге жеткен аңыз ойынша Зарина бұл ісін былай деп ақтапты: Мермер – менің күйеуім, бірақ маған елім мен халқым қымбат.

Мермердің өлімінен кейін, Азияның талай билеушілері оны айттыруға ұмтылады. Бірақ олардың ішіндегі лайықтысы Мидияның патшасы Астяктың ұлы Стриангей болатын. Олар бір жорық үстінде кездесіп қалып, бір біріне ғашық болған көрінеді. Бірақ Стриангей бар болғаны тақ мұрагері еді де, Мидияның сақтарға қарсы жорығын ол тоқтата алмады. Бірақ кейінірек Стриангей Мидия тағына отырады, ол кезде Заринаның басы бос болатын. Бірақ бұл жолы да Зарина өз халқының тағдырын жоғары қойып, екінші қатарға жеке бақытын қалдырды. Ол сақ халқы Мидия еліне кіріптар болса, өз жауынерлері Мидияның әскери ісіне қызмет етуден басқа ештеңесі қалмайтынын ұқты. Сондықтан ол өз сезімін құрсап, Стриангейге тұрмысқа шығудан бас тартады. Осылайша ол өмірінің соңына дейін жалғыздықпен өтсе де, халқының абырой-атағына бөленеді.

Зарина көшпелі өз халқының салтын қадыр тұтқанымен, одан әрі дамуына қалалардың да керегін білді. Осылайша Заринаның бұйрығы бойынша Сырдарияның жағасына Роксанаки қаласы салыныпты. Ол үлкен бекініс түрінде болған. Қаланың артқы жағы Сырдың жағасымен қоршалып, оң және сол жағынан терең ор қазылыпты. Ал басты қақпа өте қитұрқылықпен жасалыпты.  Қақпа үш қабаттан тұрған, егер бірінші есік жау қолына түссе, дұшпан әскері келесі екінші қабатпен арада қысылып қалған, осы кезде қорғаушы қол оларды үстерінен атқылап, түрлі қарулармен қырып салатын мүмкіндігі болған. Осылайша қаланың екінші қақпасын ашуға ешкімнің де мүмкіндігі болмапты. Бұл қала қазақ хандығына жараған Сығанақ қаласының ұласуына дейін жетіпті деген ұйғарым да бар.

Зарина патшалығының соңына қарай Мидияны талқандаған Парсы мемлекеті Азиядағы бірінші ел деңгейіне көтеріледі. Кемеңгер Зарина ерте ме, кеш пе, сақтардың парсымен бет пе бет келетінін білген еді. Сол себепті ол сақтардың бірлігін сақтаумен болды. Бұдан басқа ол өз армиясына жаттығуды тұрақты жасап, әскери қолын жарау ұстады. Сондай-ақ ол жас қыздардан құралған «амазон» жасақтарын құрды. Бұларға 12-13 жасар қыздарды алып, оларды сарбаздыққа әбден баулыды. Сөйтіп, Заринаның бұйрығы бойынша бір мүшелге толған қыздар әуелі әскер қатарында болып барып қана күйеуге шығу құқығына ие болыпты. Ол бұны болашақ соғыста қиын болатынын ескере тұрып, осындай шараға баруға мәжбүр болған еді. Осы жасақтан шыққан Заринаның бірнеше серіктестері тарих бетінде қалған.

Күнсұлу – Заринаның жеке торғауыты бола жүріп, 100 сарбаздан тұратын жасақты басқарған. Арнагүл – Заринаның әскери істегі бас кеңесшісі болған жауынгер қыз. Зарина құрып кеткен сақ амазондары ол өлгеннен кейін де өз істерін жалғастырған. Осындай жасақта өзінің жеткіншек кезін өткізген Томирис те тарихи әйгілі тұлға болып қалыптасуын осыдан бастаған еді.

Ал Заринаны сақ халқы ақ жуып арулап, алып пирамидалық үйік үйіп, барлық керек-жарағымен бірге жерлейді. Ктесий тарихшының келтіруіне қарағанда, Заринаға үйілген үйіктің әрбір жағы 690 метр болған көрінеді. Оның пирамидасы әлі күнге табылмағанмен, ұлы Даладағы көп үйіктің бірі болуы әбден мүмкін.

Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынған


Серік Ерғали

Публикации автора

Советтік барлаушы болған алашордашылдың ұлы

Әбілқайыр хан – жалтақ тарихшылардың құрбаны

Қызылдар мен Алашорданы келістірген тұлға

Әбілқайыр ханды өлтіруге тапсырыс кімнен болды?

Қазақ жерін қорыған Мақсұт

Сабантой – түркілердің күзгі мерекесі

Топ-тема

Другие темы

НОВОСТИ | 05.11.2024

Казахстан и Франция объединят усилия на международной арене

НОВОСТИ | 05.11.2024

Казахстанцы экономят на витаминах: объем продаж упал на 47%

НОВОСТИ | 05.11.2024

Мы благодарны капитанам французского бизнеса — президент РК

НОВОСТИ | 05.11.2024

84 млн тенге взыскано с «дропперов» в Акмолинской области

НОВОСТИ | 05.11.2024

Экологи бьют тревогу: тысячи орлов гибнут на западе Казахстана

НОВОСТИ | 05.11.2024

Реальные перемены говорят за себя — эксперт о реформах Токаева