Б.д.д. 344 жылы 22 жасар қолбасшы Кіші Азияға жорыққа аттанады.Бұл кезде ол Македония мен Грекияның патшасы болып таққа отырған кезі еді. Ол бұл жолы оңай олжа бола қоймайтын Парсы патшалығына қарсы шыққан еді, оның өзі де бұған сонша сенімді болмады. Ол әскерін екіге бөледі; бір бөлігі 40 мың қолмен Жерорта теңізін жүзіп өтіп Кіші Азияға қарай, екінші 30 мың қолы Қара теңізді айналып өтіп, жолайы Грекияның отарларын бағындырып, Кавказ арқылы Парсы жерінде қосылуы керек еді.Сөйтіп Парсыға екі тараптан – батыс пен теріскейден соққы беру көзделді.
Теріскей әскерін «қосмүйізді Ескендір» фракиялық қолбасшы Зопирионға тапсырады.Ол Ескендірдің әкесінің патшалық дәуірінен келе жатқан айтулы «біркөзді» қолбасшы еді. Зопирион Македония патшалығының қазынасын ғана емес, алтын кеніштерін де басқарыпты.
Теріскейдегі жорықтың басында Зопирион біршама жеңіске жетеді, Дунай бойындағы біраз елдерді бағындырады. Сосын Қара теңізді бойлап, оның жағалауындағы Грекияның біршама отарын өзіне қаратады. Бүгінгі қазба жұмыстары Македонияға Тира,Истрия, Никоний,Ольвия қалалары қарағанын дәлелдеп отыр.
Алайда Зопирионның жорығы бұдан әрі сәтсіздікке ұшырайды, өйткені оның қарсы алдынан күтпеген жерден айбынды көшпелі сақ әскері шығады. Өйткені, әлгі басып алынған грек қалалары сақтармен арадағы сауда жолындағы маңызды байланыс ошақтары болатын. Бұл ахуалды сақ көсемдері жайдан жай өз пайдаларынан сусытып жібергісі келмеді. Бұдан басқа далалық саяси сайыпқырандар парсы патшалығынан кейінгі кезек өздеріне де келетінін жақсы білді. Сондықтан сақтың сармат, дах, қаспы секілді іргелі тайпалық бірлестіктері бірігіп, басып кірген «мүйізді» дұшпанға қарсы аттанады.
Сақтардың күтпеген жорығы мен шабуылы Зопирион қолын тықсырғаны сондай, ол Ольвиядағы тосқауылдағы әскерін қарсы жорыққа шығаруға мәжбүр болады,тіпті Дунайға шегінеді. Қаша соғысқан Зопирион Днестрге барып тіреледі, бірақ сақтар ол жерде оның әскери қолының быт-шытын шығарады. Ақырында 30 мың әскер қырылады, Зопирионның өзі осы жорықта қаза табады. Бұл тарих римдік тарихшылар Мокрови мен Помпейдің еңбектерінде жазылып қалған. Бұл жеңіс сақтардың Кир мен Дарийді жеңген тарихи жеңістерімен қатар аталатын айтулы оқиға болатын.
Македонскиге өзінің бас қолбасшысы Зопирионның қазасы туралы хабар жеткенде, ол қайғыға душар болып, Парфияда үш күндік аза жариялапты. Бұл да ежелгі рим тарихшыларының жазбасындағы бар мәлімет.
Одан әрі Ескендір өз еліне сақтар тарапынан шабуыл болатынына күдіктенсе де, ол тоқтамастан парсыға шабуылын жалғастырады. Оның бұл есебі дұрыс болып шығады, сақтар біреудің жеріне сұғына еніп, шабуылдамаған еді. Бұл жолы да олар Македонияға аттанған емес, бар болғаны өздерінің мүдделерін қорғаумен шектелді. Әйтпесе олар қиналмастан Македония-Грек империясын тас-талқан етері қақ еді, себебі, оның бас көтерер барлық қолы мен еркеккіндікті азаматтары парсыны жаулауға аттанғаны мәлім еді. Бірақ бала-шағаны басыну көшермендер тарапынан болған емес.
Осылайша, Зопирион әскерінің жеңілуі қосмүйізді Ескендір тарихындағы ойсырай жеңілудің алғашқы ащы дәмі болатын. Бұған дейін оның армиясын ешкім жеңіп көрмеген еді. Александр Македонскийдің император болғалы қатты қорыққан кезі де осы болған. Сақтардың бұл жеңісі Кавказ бен Қара теңіз жағалауындағы халықтардың аман қалуына және Ескендір әскерінің олай қарай аяқ баспауын бірден бір себеп осы болған.
Осылайша, одан арғы жеңістің дәмін тату үшін Александр Македонский ат басын апайтөс Евразияға емес, түстікке, яғни Үндістанға қарай бұруға мәжбүр болады.