«Менің атам елден біржола көшуді ұйғарыпты, өйткені діни сауатты болғасын қызылдар соңына түскен. Үдере көшкен бұл топтың басшысы Тақан ата болыпты, ол кісі жүректі де, білекті еді. – деп бастады әңгімеші. - Көшті ұзатып салып, ол кісі жалғыз өзі тосқауылға қалады: соңдарынан қуғыншы болса, содан көшті қорғау керек еді. Содан бұлардың соңына екі орыс, бір қазақ түскен екен. Біраз жүріп, әбден шаршап әлгілер тынығуға жатқанда, Тақан ата тарпа бас салып, үшеуін де үндерін шығармастан өлтіреді. Оларды көміп, қару-жарағын алып, аттарын жетектеп көшке қосылады.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛ:
Шамға ауған Ықылас ишан кім еді?
Бірақ олар бірден шекара аса алмай, бірнеше жылдай қазырғы өзбек жеріндегі Үшқұдықта тұрақтайды. Содан Бұқара мен Самарқанның арасында күнкөріс үшін көмір тасып күнелтуге мәжбүр болыпты. Көмір тасып сатыпты. Көмір керуенін де сол Тақан ата жетектеп, керуенбасы болады. Сол Тақан атаға тапсырып, бір кемпір жалғыз баласын түйеге мінгізіп қосып жібереді. Бір түні әлгі жалғыз жетім баланың түйесі жоғалып кетеді, ол кезде ұры көп... Содан Тақан ата ізімен қуып барса, әлдебір тау етегінде бір атты кісі түйе жетектеп барады екен. Жетіп барса, еңгезердей сарт: «Әй, қазақ, ажалыңа келдің бе?» деп қарсы шығады. Тақан ата анаған ұрлаған түйені қайтаруды талап етеді, көп ұзамай екеуі алысып кетеді. Әлгі сарт атамыздан екі есе зор болса керек, әл бермейді. Тақан атаны әлгі ұры астына басып алып, қылғындыра бастайды. Бірақ Тақанның мәсісінің қонышында ылғи бәкісі жүреді екен, сол пышағын суырып алып, еңгезердей сарттың сатанына екі-үш рет сұғып алуға күші жетеді. Әлгі сарт «аһ» деп аунап түсіпті. Тақан ата оны өлтірмей, тастап кетпей, бір төсеніші бар екен, соған жатқызып, жарасын таңып, өзін байлап, бүркеп, тиеген жүк құсатып, атқа өңгеріп, жүріп кетеді. Өзі жаяу жетектеп, ашығып келе жатса, бір қойшы кезіге кетеді. Шопаннан тамақ сұрапты, ол кездегі малшылар қарынға салып қуырдақ алып жүреді екен. Содан шопанның қуырдағына аттың үстіндегі «жүгін» айырбастайды. Шопан олжаға риза болып, тамағын береді де, жүк тиелген атқа барып ашып қараса, еңгезердей сарт болып шығады. Ол Тақан атаның артынан айқай салады, бұл бұрылмастан түйені жетектеп шаба жөнеледі...Сөйтіп атамыз жетім баланың түйесін аман жеткізіпті.
Керуен жолында су тапшы, анда-санда ғана құдық кезігеді, сонда түбіне түсіп, суын сарқып шығаратын да сол Тақан ата екен. Бір күні осындай сусыраған жағдайда, қауға тартушы кісі судың бәрін өз түйелеріне беріп, құдық түбін сарқып жатқан Тақан атаның малына бермепті. Бұны аңғарған Тақан ата, әлгіге, «құдыққа енді сен түс, мен малымды суарайын» депті. Әлгіні түсіреді де, құдықтың ауызын үлкен таспен жауып, бастырып тастайды. Оған жолдастары «әй, бұны не, өлтіресің бе оны?» деп жабылады. Ол: «бұндай жолдастың барынан жоғы» дейді де, керуенді жетектеп жүріп кетеді, бірақ ол келесі керуеннің келіп, әлгіні құтқаратынын білген еді. Әлгінің құдықтан ойбай салып жатқан үстінен түскен басқа керуеншілер одан қорқып, адам ба, жын ба, деп әлгіні әуре қылып, шығарып болмайды. Сөйткен Тақан ата Ауғанға да аман жеткен. Онда да талай қызық болыпты.
Ауғанға аман жеткен қазақтар бір қотыр сарайға тап болады. Ол бұрын атқора болған ба, әйтеуір еңселі қаңыраған сарай болуы керек, адам тұруға лайықсыз пана болыпты. Ашығып зорға жеткен қазақтар соны паналапты. Жергілікті ауғандар сойған малының қалған-құтқанын, бас-сирақтарын лақтырады екен. Бұлар соны талғажау етіп күнелтіпті.
Бір күні қазақтардың бұл тірлігін бір ауған көреді де, ауылдастарына барып, «мына қазақтар адам етін жеп жатыр» деп қауесет таратады. Содан ауған жастары жиналып келіп, қотыр сарайға басып кіреді. Олар келіп айқай салады: «Әй, қазақтар, сендер неткен айуансыңдар, адам етін неге жейсіңдер!..» деп. Содан бұлар адам еті емесін айтса, әлгілер сенбей, ақыры жанжал шығып, ауғандар қазақтарды сабай бастайды. Төбелесте қазақтар пытырай қашады да, Тақан атамыз ғана жалғыз қалып қояды. Тепкіге түскен Тақан ата, бір қазақ кемпірге айқай салады: «бақан әкел, бақан әкел» деп. Әлгі әжеміз де қауқарлы кісі болса керек, бір бақанды атамызға ұстатады. Содан атамыз ауғандарды жапырып, жалғыз өзі сабап тастайды. Біреуінің басын жарады, қолын сындырады, аяқтарын жаралайды. Ауғандар тым-тырақай қашады. Жастары жеңілгесін, енді ауғанның ақсақалдары қотырсарайға келеді. Содан ауған шалдары жігіттерінің басын жарып, қол-аяқтарын сындырғасын қазақтармен қаттырақ сөйлесуге келген ғой. «Біздің жігіттерді сабағандар шықсын былай!» деп бұйырады. Содан Тақан атамыз жалғыз өзі шығады. «Оларды сабаған мен едім, жалғызбын!» дейді. Содан таяқ жегендер де оны мойындайды, істің мәнісін ұққан ауған ақсақалдар өз балдарына таяқ ала жүгіреді: «бір адамнан таяқ жеген сендерде обал жоқ!» - деп кіжінеді. Сөйтіп, ауған ақсақалдары кешірім сұрап, ауған мен қазақ арасы өте жақсы болып кетеді. Бұл Герат қаласының маңы екен.
Тақан атамыздың бір әдеті бар еді дейді. Ешкімге айтпастан апталап жоқ болып кетіп, ойда жоқта пайда бола кететін. Онысын әркім әр саққа жүгіртеді екен: біреулер ойлайды, барып, орыстармен соғысып келеді екен, болмаса ауғанның басқа жеріне барып өш алып келеді деп. Біреулер оны Қазақстаннан қашып келгендерге көмектесіп келіпті деп түрлі хабар тарап жатады екен. Әйтеуір, атамыз өле-өлгенше қазақ үшін барын салып, алысып кетіпті... Өзі өмірінде жар құшып, бала сүймеген Тақан атамыз ақыры жоқ болып кетті. Бірақ менің әкемді өз баласындай еркелетіп, түнгі аспандағы айды нұсқап алып берейін бе деп еркелетеді екен, жарықтық...
Фотосуреттер ашық дерекөздерден алынған