Культура

Мамира – СМЕРШте қызмет еткен жалғыз қазақ қыз

Серік Ерғали

09.09.2022

Қазақ даласы ерлермен бірге тізе қоса батырлық көрсеткен нәзік жандардың тарихына да толы. ХХ ғасырдағы Екінші дүнижүзілік соғысы қазақ қыздарының кезекті сынағы болғаны рас және олар бұл сынақта абыроймен, асқан ерлікпен өздерін әлемге паш етті. Ұлы даланың амазон қыздары өздерін тағы да жарқ еткізді. Майданға 7747 қазақстандық қыз-келіншек аттанып, олардың ішінде лейтенанттан майорға дейінгі 800-дей сардар бибілер болған. Яғни майданға аттанған қыздардың ішіндегі он пайызы сауатты да, майдан басқарушылар болыпты. Олар әскердің түрлі бөлімшелері мен саласында қызмет еткен.

Ендігі әңгіме соғыс кезіндегі қызыл империяның ең жабық та құпия қызметінде болған қарапайым қазақ қызы туралы. Бұл қызмет совет одағының әскери қарсы барлау агенттігі болатын және басты міндеті – жаудың агентурасын анықтап жою, сондай-ақ сатқындармен күрес.  Бұл басқарма аңызға айналған СМЕРШ атауымен мәлім, яғни – орыстың «смерт шпионам» деген тіркесінен құрылған атау еді.

ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛДАР:

«Азат» қозғалысы – Тәуелсіздік қарлығашы

Зарина – даланың дана патшайымы

Бұл қызметтің топас НКВД-дан айырмасы нақтыда нәтижелі төтенше істері болды. Оған аса қатаң түрде іріктелген мамандар жиналған еді. Соның бірі де бірегейі – Мамира Жантілесова болды. Алайда ол туралы әлі күнге бір де бір ақпарат жоқтың қасы. Ал негізінде оның есімі қазақ тарихы мен батырлардың қатарында тұруы керек еді, тіпті, бүгінгі отандық қызметтің оқу-үйрену саласында ол туралы оқытылуы да қажет болатын.

Мамира Айтқұлқызы Жантілесова Ақтөбе облысы Жұрын ауданы 15-ауылда 1921 жылы дүниеге келген. Мамираның бала шағы ел тарихындағы ең бір зарзаманға тап келеді: 20-30 жылдар арасында дүркін-дүркін болған репрессия мен ашаршылық жылдары еді. Сөйтіп ол 12 жасында аштықтан әке-шешесі мен екі бірдей ағасынан айрылады. Әупірімдеп аман қалған туыстарының қарауында жүріп, ақыры Қарақалпақ жеріне ауып барып, аман қалуға мәжбүр болады. Ол жерде ол жетімдер үйіне орналасып, одан әрі қаржы техникумына оқуға түседі.

Ол техникумды бітіре салысымен, қазақтай мейірбан да қарапайым қарақалпақ халқына сіңіспестен, Алматыдағы туысқандарына тартып тұрады. Алматыда 1938 жылы заң институтына айналған сол кездегі ол құқықтану мектебіне түседі. 1941 жылы озат бітіруші ретінде оны Қазақ КСРінің НКВД жанындағы әскери контрбарлау қызметіне жұмысқа алады. Мамираның бұл қызметке келуі соғыстың басталуына да сәйкес келеді. Орналасқан бойда ол совет-герман соғысының құпия шайқасына кіріп кетеді.  

Әрине, Қазақстан аумағында ашық соғыс пен шайқас болмағанымен, жабық та құпия соғыс одан да қатал әрі қатерлі болатын. Дегенмен, ашық ажал өтінде болмаса да, фашистердің ең тәжірибелі агенттері мен шпиондары Қазақстанға өткен екен. Өйткені, Қазақстанға советтік ең маңызды өндіріс ошақтары мен қару-жарақ өндірістері көшіріле бастаған болатын. Сол себепті де неміс фашистері осы нысандарда диверсия мен бүлдіру жұмыстарын аса мықты агенттер мен шпиондарға тапсырып отырған. Сөйтіп, советтік басты тыл Қазақстан екені бүгінде айтылмаса  да сол кездегі Гитлердің сыртқы саясаты жақсы біліпті. Сол кезеңде Қазақстанда жаңадан жобаланып, шыға бастаған қару-жарақ жобалары мен сызбаларын ұрлау да солардың басты міндеті еді.

1942 жылы Мамираны Мәскеуге іссапарға аттандырып, НКВДның әскери барлау бойынша бас басқармасына жібереді. Бұл оның аса білікті де әлеуетті маман болғанынан хабар беретін ақпарат. 1943 жылы СМЕРШ құрылғанда, Мамира Жантілесова осы мықты арнайы қызметтің басты қызметкерлерінің бірі де болады.

Мамира өзінің осы астыртын куәлігімен Калиниград майданына барып, Тылды қорғау қызметінде болады. Онда ол әскери бөлімдерге сіңіскен жаудың агенттері мен шпиондарын анықтап, құртумен айналысады.

Мамира Жантілесова жеңісті 3-Беларус майданында СМЕРШтің жауапты қызметкері ретінде қарсы алған еді.

Осыншама қыруар қызмет атқарса да, майдандағы пышақтың жүзінде өлім мен өмір арасында күн сайын жанпида жағдайында жүрсе де, қаншама жауды ұстап, жолын кессе де, Мамира марапат таратылғанда ылғи да ескерілмейтін еді. Оған бар болғаны «Германияны жеңгені үшін» төсбелгісі ғана бұйырыпты. Бұған оның не ұлттық тегі болмаса қызыл империя жаратпайтын  еркін де бойұсынбас тәуелсіз айбынды мінезі кедергі болғаны рас.

Ол соғыстан кейін де Өзбекстанның КГБ-сында, одан соң Қазақ КСРның КГБ органында қызметін жалғастырды.

Қазақтың айбынды батыр қызы 85 жасында 2006 жылы қайтыс болды. Өкініштісі сол – СМЕРШте қызмет еткен жалғыз қазақ қызы бүгінгі ұрпаққа беймәлім қалып отыр.

Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынған


Серік Ерғали

Публикации автора

Қазақтың тұңғыш Олимп чемпионы

Төріктер өркениеті: монша мен кәріз құбыры

Ыбырайым батыр

Мамира – СМЕРШте қызмет еткен жалғыз қазақ қыз

Ташкент – Қазақ хандығының ордасы

Ауған асқан Тақан атаның хикаялары

Топ-тема

Другие темы

НОВОСТИ | 10.12.2024

Казахстанцы бьют рекорды в потреблении сосисок

НОВОСТИ | 10.12.2024

Продажи жилья выросли почти на четверть в Казахстане

НОВОСТИ | 10.12.2024

В ДУМК напомнили верующим о правилах намаза

НОВОСТИ | 10.12.2024

Пять трансграничных хабов появятся в Казахстане

НОВОСТИ | 10.12.2024

Нацбанк данных в сфере экологии создан в Казахстане

НОВОСТИ | 10.12.2024

Стратегическая объездная дорога открыта на юге Кыргызстана