Общество

«Азат» қозғалысы – Тәуелсіздік қарлығашы

Серік Ерғали

22.12.2021

Азаттық жолында ұлттық әлеуетті жұмылдырып, 90-жылдардағы саяси өмірге араласып, өз ықпалымен белгілі бір дәрежеде нәтижеге қол жеткізе қалыптасқан бірден бір жалпыұлттық саяси ұйым Азат қозғалысы болды.

Бұл кезде Балтық бойы мен Қап тауындағы елдерде, Украина мен Беларустасаяси ұлттық майдандар құрылып жатты. Прибалтика, Кавказда, Украина мен Өзбекстанда саяси шаруа Одақтан бөлінуге сайығанда, Қазақстанда 1988 жылы қуғын-сүргін үдерісін әшкерелейтін одақтық «Мемориал» қоғамының бөлімшесі «Әділет» қоғамы іске кірісті. 1989 жылы антиядролық Невада–Семей қозғалысы мен  «Қазақ тілі» ұйымдары құрылып, ұлттық тілдің мәртебесі жөніндегі майдан Қазақстандағы саяси басты талап қазақ тілінің мәртебесімен шектелді. Бұл жайт саяси мәселенің себебінен емес, салдарынан бастаған қазақы қоғамның басқа жұрттардан гөрі еселеніп езілгендігін көрсетті.

1990 жылдың 30 маусымы күні ашылған «Азат» құрылтайы екі күнге созылды. Нәтижесінде  Қозғалыстың Жарғысы мен Бағдарламасы қабылданып, 7 тең төрағасы сайланды. «Азат» қозғалысы құрылған сәттен бастап, 1917 жылғы ұлттық «Алаш» партиясының құндылықтарын алға тартты. Қозғалыс құрылғанымен оның елдің бар өңіріне тарап, жұмыс істеуі жергілікті тұлғалар мен ұйымдардың қосылуына байланысты өрбіді.

«Азаттың» белді қайраткері Батырхан Дәрімбетов өзінің «Азат қозғалысы» кітабында қозғалыстың құрылуын былай еске алды: «Азат» қозғалысына әркім әртүрлі жолдармен келді... М. И. Есенәлиев Г. В. Колбин тұсында республикадағы жоғары лауазымды екінші адам еді. Сайын Шапағатов 1989 жылы Маңғыстауда «Парасат» ұйымын құрып, аймақта қалыптасқан ұлтаралық жанжал қаупінің алдын алған-ды. Оралдық азаттықтар жергілікті орыс-казак ұйымының бас көтеруіне қарсы ұйымдасқан топ болды. Біраз жігіт Шымкенттегі «Бетбұрыс», Ақтөбедегі «Алдаспан» ұйымдарымен қосылды». Бұл сөздер – Батырхан Дәрімбеттің естелігінен.

Азаткер журналист Жұмаш Кенебай өзінің мақаласында «Азат» қозғалысы атқарған жұмыстар нәтижесін былай еске алады:  

- «Одақтық шарт» дегенге үзілді-кесілді қарсылық танытты;

- «Азаттықтар» «Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияның» жаңа нұсқасын әзірлеп, оның қалай да дер кезінде қабылдануына атсалысты.

- Қозғалыс тәуелсіз Қазақстан Конституциясының жобасын әзірлеуді бірінші болып қолға алды.

- Оралда орыс казактарының бассыздықтарын дер кезінде ауыздықтап, елдің жер аумағын мемлекеттік шекара анықталғанша, мызғымастығын бекітті.

- Семей ядролық полигонын жабу шарасына «Азат» белсенділері: М.Есенәлиев, А.Асылбеков, Ж.Кенебай, С.Ерғалиев, Р.Алтайұлы, С.Сақалұлы, Г.Еруова, А.Сырғабаев, А.Үсібалиева, Ж.Абдуллаева, Н.Әлімұлов, Ш.Жалжанова қатысты. Павлодардағы Ермак басқыншының ескерткішін алдыруға күш салған азаттықтар: А.Асылбеков, Б.Дүрменова, С. Қондыкерова, Б.Дәрімбет, Д.Сатыпалды.

«Азат» қозғалысы тарыдай шашылған қазақ жұртын егемен бола бастаған елге жинауды ерте қолға алды. Ақтөбелік азаткер Қайырбек Тоқтаров «Аргументы и факты» газетіне 1991 жылы «Желающие казахи переехать в Казахстан обращаться по адресу: ...» деген хабарландыру жариялап, қаншама қазақты елге тартты. Бұның соңы шетелдегі қазақтардың, әсіресе Маңғолиядан елге оралмандардың келуіне түрткі болды - одан әрі елде репатриациялық үдеріс басталып кетті.

1991 жылғы Қазақ жерінің бүтіндігін сақтаған Оралдағы Қыркүйек оқиғасы кімнің кім екенін білдіре қойған жоқ, «Азаттың» беделі мен абыройын арттырып, жұрттың оған мүше болуға жаппай кірген кезең туды. Казактармен болған Орал текетіресінде сепаратистерге «Азаттың» соққы беру арқасында: ұлттың саяси белсенімі артып, рухани еңсесі көтеріліп, халықтың өзіне деген сенімі пайда болды. Ең бастысы – сол тұстан төнген шекара қаупі сейілді.

ХХ ғасырда қазақ халқы тарихында айрықша орын алатын ұлттық саяси сананың ұжымдасу мысалы болған екі құбылыс болды. Оның бірі – ғасырдың бас кезіндегі ұлттық зиялы қауым құрған «Алаш» партиясы да, екіншісі – ғасырдың соңында қарапайым бұқараның азаттыққа деген құлшынысынан туындаған «Азат» қозғалысы.

Қазақстанның азаттығы жолында құрылған «Азат» қозғалысының қаншалықты тарихи құны бар десек, ол мынау:

1. Қозғалыс қазақ халқының тәуелсіздігін қымсынбастан күн тәртібіне қойған және сол жолда жалпықазақстандық бірден бір саяси ұйым түрінде қалыптасты;

2. Азат қозғалысы Қазақстанның тәуелсіздігіне алғышарт жасаған қоғамдық-саяси факторға айналды, елдің аумағының тұтастығын қорғап қалды;

3. Қозғалыс Қазақстанды Ресейге тәуелді аумақ мәртебесінен шығарып, шынайы тәуелсіздікке лайықты саяси субъект ретінде әйгіледі: 1991 жылғы Оралдағы Қыркүйек оқиғасы бұдан былай Қазақстанның өз аумағына ие болатындай халықтың бар екендігін көрсетті, дефакто Қазақ елі бар екенін әйгіледі.

4. Қозғалыс өзінің 5 жылға созылған мерзімінде саяси және интеллектуалдық әлеуетін қалыптастырып, ұлттық-демократиялық толыққанды, ықпалды ұйымға айналып үлгерді;

5. «Азат» - Қазақстандағы тұңғыш демократия бастауында тұрды және өз мүмкіндігінше ұлттық демократияға үлес қосты.

6. «Азат» қозғалысы Тәуелсіз Қазақстан рәміздерінің негізін қалады: бүгінгі мемлекеттік тудың көгілдір бояуы - «Азат» қозғалысының жалауына тән түс болатын; бүгінгі мемлекеттік әнұран Азат қозғалысының барлық шараларында салтанатпен шырқалған «Менің Қазақстаным» әні еді; Астананы Алматыдан көшіру мәселесі де Орал оқиғасына қатысты сепаратизм қатерінен азаттықтар күн тәртібіне қойған мәселенің өзектісі болды.

7. «Азат» қозғалысы – Қазақстанның егемен болуға қажетті алғышарт қалыптастырудағы ұйытқы болған фактордың бірі. 400 мыңдай түрлі этнос өкілдері қозғалысқа мүше әрі қолдаушылар қатарында болды.

Қорыта келгенде, «Азат» қозғалысы – Алаш азаттығының қарлығашы.

Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынған


Серік Ерғали

Публикации автора

Советтік барлаушы болған алашордашылдың ұлы

Әбілқайыр хан – жалтақ тарихшылардың құрбаны

Қызылдар мен Алашорданы келістірген тұлға

Әбілқайыр ханды өлтіруге тапсырыс кімнен болды?

Қазақ жерін қорыған Мақсұт

Сабантой – түркілердің күзгі мерекесі

Топ-тема

Другие темы

НОВОСТИ | 21.11.2024

350 млрд тенге заработали производители РК на госзакупках

НОВОСТИ | 21.11.2024

Сенат вернул в мажилис проект бюджета

НОВОСТИ | 21.11.2024

Улицу именем бывшего премьер-министра РК назвали в Астане

НОВОСТИ | 21.11.2024

Львенка пытались продать в Шымкенте

НОВОСТИ | 21.11.2024

Экстрадированному из РФ казахстанцу грозит пожизненное

ГЕОПОЛИТИКА | 21.11.2024

Санкционные противоречия и Казахстан