Бірақ та 1980 жылы болған бұл олимпиададан сегіз жыл бұрын 1972 жылы Мюнхен Олимп ойындарында алтыннан алқа таққан тағы бір қазақ жігіт болатын. Оның аты – Әлжан Мүсірбекұлы Жармұхамедов. Ол сол кездері аты аңызға айналған Совет одағының баскетбол құрама командасының басты ойыншысы болған еді. Бұл команда азуын айға білеген әрі ешкімге дес бермейтін америкалық команданы соңғы минутта жеңіп кетіп сан соқтырғанымен қоймай, Олимп алтынын жеңіп алған айтулы құрама болатын. Бұл ойын финалында Әлжан ағамыз басқа ойыншылардан ең ұзақ ойнаған және ешкіммен алмаспай, басты шабуылшы болған жеңімпаз еді. Алаңдағы 40 минут ойынның 36 минутын дамыл таппай өткізді. Бар болғаны бірінші бөлімде 2 минут, екінші таймда 2 минут қана тыныққаны бар.
Тіпті 2017 жылы түсірілген «Өрге қарай қозғалыс» (Движение в верх) фильмін түсірушілер №7 орында ойнаған Әлжан Жармұхамедовты өз рөлінде ойнатуға мәжбүр болғаны бар. Соңғы минуттағы мәре ойынын қазақтың тарлан жігіті Жармұхамедовсыз түсіру қиын болды.
Әлжан 1944 жылы Шымкент облысы Бостандық ауданы Табақсай ауылында дүниеге келеді. Бұл аудан 1950 - жылдары Өзбекстанға өтіп кетті де, сол себепті оның ұлты өзбекке таңылып келді. Әлжан баскетбол деген спорттың барын 10-сыныпта жүріп біледі. Бірақ оның тарлан ойыншысы болу ойында да болмаған еді.
1961 жылы орта мектепті бітіргесін ол екі жыл бойы Шыршықтағы зауытқа қырнаушы-шлифовальщик ретінде жұмысқа тұрады да, сол зауыттың спорт клубында баскетбол ойнауға кіріседі. Оның келісті тұлғасындағы тұма қасиетті алғаш таныған осы зауыттың спорт нұсқаушысы Роман Салиддинов болатын, ол Әлжанды баскетболға үгіттеп, ақыры спортқа бетін бұрғызады. Ақыры ол баскетбол алаңынан шықпайтын ойыншы болады. Әлжан 1963 жылы Ташкенттің Дене шынықтыру институтына түседі де, «Ташкен СКА» клубының баскетбол ойыншысы болып шыға келеді. Оның 206 см алып дене бітімі баскетболдың жарасымды ойыншысы болуға жаралған еді.
1967 жылы КСРОның спартакиадасы кезінде Өзбек КСРның құрамасына кіреді де, спартакиаданың ең таңдаулы үш ойыншысының қатарына ілігеді. Бұдан соң көп ұзамай ол КСРО құрамасының құрамына өтіп, сол жылы Ебропа чемпионатына қатысады. Екінші дивизионда жүріп, елдің алдыңғы қатарлы құрамасына бірден жету өте сирек болатын құбылыс еді. Осы чемпионаттан соң ЦСКА мен құраманың бас бапкері Александр Гомелский «Сен ЦСКАға кел, мен саған Мәскеуде бар жағдайды жасаймын» дегеніне қарамастан, «Рақмет, Александр Яковлевич, мен отаным Қазақстанға барып, Алматының «Буревестнигіне» ойнағалы жүрмін» дейді. Бірақ бұл бас тартуы оған жолбайлау болғандай еді. Гомелский оны құрамадан шығарып, 1968 жылғы Олимп ойындарына баратын құрамға кіргізбейді. Оның үстіне ол Алматыға ауысуға да жолы бола қоймады.
Алайда сол кездегі саяси ықпалы зор Өзбекстанның бірінші хатшысы Шарап Рашидов Әлжанды Ташкентте қалдыруға барын салады. Бірақ та 1968 жылы ЦСКА-ның бас бапкері өзгеріп, Армен Алашачян болмағанда кім біледі, Әлжанның жолы қалай боларын? Алашачян маршал Соколовскидің көмегімен Жармұхамедовты әскерге алады да, оны ЦСКА-дан бір шығарады.
1970 жылы КСРО құрамасының жаңа бапкері Владимир Кондрашиннің арқасында Әлжан құрамаға қайта алынады. Бұның қайтарымы ретінде Әлжан Жармұхамедов 1972 жылы болған Мюнхен Олимп ойындарына қатысып, жеңімпаз болғаны белгілі. Бұл жолы КСРО құрамасы екі есе сенсация жасады деуге болады: біріншіден ол кезде Америка құрамасын ұту мүмкін емес делінетін, екіншіден, ұтыстың сәті соңғы секундтарға тиесілі болатын. Осылайша әлемдік спорт тарихында КСРО баскетболы АҚШ ойынынан басым түсті және бұл ойында қазақтың қапсағай денелі жігіті Әлжан Мүсірбекұлының асығы алшысынан түскен еді.
Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынған