Төрік халықтарының ішінде Батыр атағын екі мәрте алған жалғыз Талғат Бигелдинов болса, азиялық қыздардың үшеуі ғана батыр атағын алды, оның біреуі татар, екеуі бірдей қазақ қыздары болатын.Осымен-ақ қазақ халқы өзінің қаншалықты батыр екенін паш етті.
Бұл батырларымыз жасыруға мүмкін емес болғасын атақ алғандар болса, қаншама қазақ баласы өз ерлігін кейінгі ұрпаққа жеткізе алмай кетті!
Соның бірі - бір емес, үш рет Совет Одағының батыры атағына ұсынылған Ыбырайым Сүлейменов болатын. Ең бір қызық нәрсе сол – Мәншүк пен Ыбырайым бір күнде, бір жерде және бір сәтте қаза тапқан.
Неміс армиясы 1943 жылдың қазан айында Невел қаласын тастап, қаланың батысындағы теміржол бекетіне қарай шоғырланады да, мықты қорғанысқа көшеді. Бұлардың қатарын сирету үшін, осы маңға таяу Ступенчатое деген жотадан оқ жаудыру тиімді көрінеді. Совет әскері сол жотаны қолға түсіріп, соны иеленуге тырысады. Бір кезде бұл жота қызылдардың қолына түседі де, алайда немістер барын салып, одан совет әскерін ығыстыруға тырысады. Сол қиян-кескі шайқаста, жотада қымтап, қорғанысқа бірнеше сарбаз қалдырылады. Олар - қазақтың қос батыры Мәншүк пен Ыбырайым еді. Жотаның сол қапталын «Максимка» пулеметімен қазақ қызы Мәншүк Мәметова қорғаса, оң қапталда нағыз сұрмерген Ыбырайым Сүлейменов жайғасады. Осылайша анталаған қас дұшпанға екеуі екі түрлі қарудан оқ жаудырып, екеуі де ерліктің өшпес және қайталанбас өнегесін көрсетіп кетті. Қиян-кескі сол шайқаста екеуі бірге қаза табады. Олар өздерінің соңғы деміне дейін немістерді жотаға беттетпестен ие болудың арқасында, негізгі әскер аман-есен шегінеді.
Екеуі бірге қаза тапқан қазақтың көзі мен ағындай ұл-қызы бірге жерленеді. Бұл шайқастан кейін Мәншүк бірінші дәрежелі «Отан» орденіне, ал Ыбырайым «Ленин» орденіне ұсынылады. Сол кезде Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлы бастаған қазақ сардарлары қос батырға лайықты марапат берілуін талап етіп, Мәскеуге дейін барыпты.
Ақыры 1944 жылдың 1 наурызы күні Мәншүк Мәметоваға Совет Одағының батыры атағы беріледі де, ал Ыбырайым Сүлейменов дымсыз қалады. Оның себебі мынада еді. Сол кезде батырларды марапаттау жұмысы екі адамға тапсырылған екен: Михаил Калинин мен Филипп Голиков. Бұлар Сталиннің ең сенімді адамдары болатын. Біреуі – КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, екіншісі – Қорғаныш Халық комиссариатының кадр басқармасының бастығы еді.
Бұлар қазақтың ұл мен қызын лайықты марапаттау талабы түскенде, екеуі де бір бұйрықпен екі қазаққа батыр атағын беруден бірден бас тартады. Сол кезде Мәлік Ғабдулиннің қолдауымен қыз балаға батыр атағын беру лайықталып, қыздың жіңішке жолы мадақталады және бұл екі орыс басшыға да қолайлы көрінеді. Сөйтіп славян емес ұлттың өкілі ретінде қазақ қызы басқа ұлт өкілдері үшін ізашар болады. Ал Ыбырайым батыр марапаттан тыс қалды.
Бірақ Ыбырайым сол кездің өзінде-ақ нағыз батырға тән, оның бейнесі мен ерлігі аңыздай таралып, жария болған еді. Мәскеудің озбырлығына қарамастан қарапайым совет әскерлері мен,тіпті фашист сарбаздарына дейін оның ерлігін ерекше айтумен болыпты.
Ыбырайым 1911 жылы бүгінгі Жамбыл облысы Сарысу ауданында тарақты рулы шаңырақта дүниеге келген. Оның арғы бабалары Тәуке ханның Наймантай батыры мен Абылай ханның Байғозы батырлар еді. Ол жастайынан жабағы мініп, өсе келе трактор айдап, техникаға әуес болады.
Отызға енді толған Ыбырайым соғысқа аттануға мәжбүр болған еді. Ол 1941 жылы Алматыда жасақталған «100-атқыштар бригадасының» мергендер ротасына түседі. Дені қазақтан жасақталғасын бұл бейресми «жүзінше қазақ» бригадасы аталатын. Ол ерекше қабылетімен көзге түсіп, сұрмергендер қатарына қабылданды. Сөйтіп ол 1942 жылы Мәскеуді қорғайтын армия қатарында тікелей соғысқа түседі.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛДАР:
Мамира – СМЕРШте қызмет еткен жалғыз қазақ қыз
«Азат» қозғалысы – Тәуелсіздік қарлығашы
Алғаш рет Ы.Сүлейменов батыр атағына «Марс» операциясында ұсынылған. Сол кезде ол немістің 15 мергені мен байқаушыларының көзін жойып, қатардан шыққан байланысшы рота командирінің орнын басады, жаралы 30 жауынгерге аман қалуға көмектеседі. Бірақ оған бұл жолы төсбелгі ғана бұйырады. Ендігі жолы ол «Белые луки» қаласы үшін болған шайқаста батыр атағына ұсынылады. Оның командирі Морецкий Ыбырайымның 10 күн ішінде 42 гитлершіл жауды құртқаны туралы, кейін 1943 жылдың 4-12 қаңтар арасында жаудың 160 жауынгері мен офицерін мергендікпен жойғанын жазып, марапатқа ұсынады. Бірақ бұл жолы қазақ батырына бар болғаны «Қызыл жұлдыз» ордені ғана тиеді.
Алайда, нағыз батырды қарапайым орыс солдаттары мен офицерлері мадақтап, өнеге тұтты, ол туралы жақсы лебіздерін аяған жоқ. Десек те, тегінің сәйкеспеуінен төсбелгімен шектелген Ыбырайым батыр бүгінде төл халқының бәрібір мақтанышы, қаһарманы.
Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынған