«... Құныскерей Қожақметов дейтін атақты «жарты басыңыз» ысық Кейкіман батырдың әулетінен. Кейкіман және Қожақметтің туған әкесі 1869 жылғы «Ел ауа» кезінде, кәдімгі Жем бойындағы «Ал келді» дейтін жердегі патша әскерімен шайқаста қаза тапқан. Қожақмет сол кезде 11 жасар бала. Ал Кейкіманның інісі сол уақиғадан кейін Шора батыр, тана Жалмұқамбет молда, ишан Досов дейтін адамдар соңына ерген қырық үймен «Тескен тау» өтіп кеткен. «Тескен тауы» түрік жеріндегі бір тау ма қалай. Түркия мемлекетінің рұқсатымен сол қырық үй қазақ сол жылжудан жылжып отырып, Шам шаһарының түбінде орын тебеді. Бөлек ел болып Шам халифасының қарамағына кіреді. Мешіт ұстап, медресе ашып, шаруашылығын шаруалап, қазақтың ескі ғұрпын, салтын сақтаумен қатар қолөнері шеберлігіне де бейімделеді. Алтын, күміс бұйымдар жасайтын зергерлер, кілем тоқитын тоқымашылар шығады, тіпті қазақтың өзі өркендеткен бау, басқұр жасау, кесте тігу, текемет, түскиіз, ши тоқудан өзге де өнершілер пайда болған: қанжар, қылыш, найзаға ұңғы, садаққа жебе соғатын шеберлер де бар екен. Өздері қырық жыл ішінде екі есе өсіп, бір тайпа ел болған. Мұны мен хажыға барып келген ілуде бір ғана қазақ әйелі, Мағрипа Шығаева дейтін кісінің 1908 жылы өз аузынан естідім. Мағрипа ханым Бөкейліктегі Шығай төренің, кәдімгі Нұралы ханның әулеттерінен...»
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛ:
Большевиктерден жеңілмеген Құныскерей батыр
«Банды» аталған Аманғали батыр
Б. Қаратаев айтқан Құныскерейдің арғы бабасы Кейкіман батырдың бас идеологы болған ишан Ықылас Досұлы кім?
«Халықты бүлдіруші» деген желеумен мәжбүрлі түрде 1868 жылы Ойылға қарай қоныс аударған Досжан ишан осы Ойыл өзенінің Шилі тармағында мешіт-мектеп салып, бала оқытыпты. Ондағы мешіті «Ишан ата» деп аталды. Мешіт Ақтөбе облысы Темір ауданының Шұбарқұдық ауылынан оңтүстікте 5 шақырым жерде орналасқан. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ақтөбе өңірінде ишандық дәстүрді дәріптеген ишандардың бірі – Ықылас Досұлы. 1869 жылғы «Уақытша Ережеге» қарсы көтерілістің жетекшілерінің бірегейі. 1869 жылы қаңтар айында Уфаға барып, ондағы мүфти қожа Сәлімгерей Тевкелевпен кездескен. Осы сапардан соң Ықылас ишан енгізгелі жатқан басқарудың жаңа тәртібіне патшалы билілікке ашық қарсы ғазауатқа шығады. Сол жылдың ақпан айында Тамды бойындағы өз ауылында Қобда-Елек бойының билерін шақырып, кеңес өткізіп, халықты ережені қабылдамауға, қару алып үкіметпен күресуге шақырады. 1869 жылдың көктемінде Ықылас ишан ел-жұртпен бірге Үстірт өңіріне қоныс аударған. 1874-1875 жылдарда Хиуа, Қожелі қалалары арқылы Парсы, одан әрі Түркияға ауып кеткендігі туралы ақпарат бар.
1869 жылы Ресей патшасының қазақтарды түпкілікті отарлау туралы шығарған жаңа заңдары қазақ арасында үлкен дүрбелең туғызғаны мәлім. «Жаңа низам» немесе «Ел ауа» аталған көтеріліс қазақ даласына түгел жайылды.
Әсіресе, батыс өңірінде көтеріліс ауқымды болды. Бұл көтерілістердің басы - қасында, елге белгілі старшындар мен қатар би, сұлтандар, дін өкілдері де болды. Ықылас Досұлы осы қозғалыстың негізгі дем берушісі әрі рухани көсемі болған, өзі ислам дінінің ірі ғұламасының бірі болатын.
Ақтөбе облысының Алға ауданының аумағында Елек, Тамды өзендерінің аралығын жайлаған.
1869 жылы қаңтар айында, Уфа қаласына барып, сол уақыттағы мүфти Сәлімгерей Тевкелевпен жолыққан соң, енгізілгелі жатқан басқарудың жаңа заңына ашық қарсы шығып, елді бағынбауға шақырып, көтеріліске үндейді.
Халыққа дінімізден, ділімізден айырылып қалуымыз мүмкін екенін ескертеді.
Елге жазалаушы әскер шығып, дүрбелеңнің, патша тарапынан жасалған қысымның салдарынан ел тым-тырақай жан-жаққа ауа бастағанда Ықылас ишан да өзіне қараған ауыл-аймағымен әуелі Үстіртке, кейін Хиуа хандығының аумағына қоныс аударыпты.
1874-1875 жылдары Қожейлі шәрінде өмір сүрген. Ал Ресей патшасының көтеріліс басшыларының кейбіріне берген кешірімі, Ықылас ишан Досұлына жүрмеген. Оны патша өзінің қас дұшпаны санаған.
Сондықтан ол әулетімен Османлы еліне ауып кетуге мәжбүр болса керек. Жоғарыда келтірілген. Б.Қаратаевтың жазбасына қарағанда ол одан әрі Шамға (Дамаск, бүгінгі Ирак) қарай өтіп, сонда қазақ мәдени автономиясын құрып өмір сүргенге ұқсайды. Ол жерде бүгінде кім білсін, соған қараған әулеттің ұрпағы болуы да ғажап емес.
Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынған