Совет өкіметі жылдары Құныскерейге банды, контрреволюционер,барымташы, азғын деген айдар тағылып, жаманатты етіп, оның халық батыры кейпін өшіруге тырысты.
Алайда егемен ел ретіндегі Қазақстан тарихшылары оның барлық іс-әрекеті мен ғұмырын зерттей келе, оның қайғылы өмірі нағыз халық батырына тән екеніне көз жеткізіп отыр. Оның батырлығы мен ерлігі сонда – жалғыз өзі тұтас кеңес жүйесіне қарсы шайқасқандығында еді.
Құныскерей батыр 1895 жылы бүгінгі Атырау облысының Тайсойған құмында туған, ол балалық шағында Ыбырай Алтынсариннің бастамасымен салынып, ашылған жергілікті Кермеқас және Қаракөл орыс-қазақ мектептерінде сауат ашқан.
Құныскерей өз заманының көзі ашық, сауатты тұлғасы еді. Ол Болыстың хатшысы болып істеген. Кеңес өкіметі орнаған тұста ол ауылдық кеңестің төрағасы болады.
Алайда өміріндегі екі жағдай оның ұстанымын қайта қарауға мәжбүр етіп, коммунистермен ашық күреске итермелейді. 1920 жылы кеңес өкіметі малмен отырған қазақтарды тұралатып кеткен жойқын салық салады. Ауық-ауық чекистер қазақ ауылдарын аралап, тексеруден бас көтертпейді. Көбінесе олар дұшпан іздеп, коммунистердің саясатына қарсы жандарды аулаумен болады. Осының бәрі жаны адал Құныскерейдің көзінше жүріп жатады. Ол болса қарапайым адамдарды атқамінерлерден арашалаумен болады.
Құныскерейдің шыдамын тауысқан мына оқиға болды: 1922 жылы ол чекист-коммунистерге өзінің қонағы, «халық жауы» деген айдар тағылған Кіші жүздегі белгілі ақын Ерғали Аязбаевты беруден бас тартады. Ерғали ақын болса Құныскерейдің жандай құрдасы әрі құдасы болатын.
Бұл оқиға жазушы Қайыржан Хасановтың деректі «Қызық тағдырлы адам» атты әңгімесінде жазылады. Белгілі қазақ жазушысы Хамза Есенжанов Құныскерейдің өміріндегі бұл көріністі өзінің «Жүнісовтер трагедиясы» атты романында пайдаланады.
Сол жолы Құныскерейдің үйін аудандық милиция бастығы Ырза мен болыстық комитет төрағасы Зиман (ол болашақ академик Салық Зимановтың әкесі болатын) бастаған жасақ қоршап алғанда, ол ауылдық кеңес төрағасы болса да, өзінің қонағын оларға беруден бас тартады. Атыс басталғанда Құныскерей аудандық милиция бастығын атып түсіреді, ал балалық кезден білетін Зиманды аяғынан ғана атып, жаралайды да, жапан түзге тартып тұрады.
Көп ұзамай Құныскерейді маңайлап, оның бірнеше туысқаны мен совет өкіметіне қарсы адамдардан топ құралады. Совет өкіметіне қауіп төндірген батырға қарсы Орал чекистері мен милициясының, қолдағы қызыл армияның барлық күші жұмылдырылады. Құныскерейдің туған ауылы тұрақты түрде бақылауға алынады. Оның туған-туыстарын қамауға алады. Қартайған әкесін большевиктер атып тастайды. Үш күн бойы оның мүрдесін алуға тыйым салып қояды. Батырдың жары Әсемді «халық жауының әйелі» деп қамап, ақыры оны Сарытауға (Саратов) жөнелтеді. Ал кішкентай екі қызын жетімдер үйіне тапсырады да, олар көп ұзамай сонда шетінеп кетеді.
Құныскерей бала-шағасына қатысты бұл ауыр ахуалға қарамастан, ауық-ауық коммунистерге жорыққа шығып, ұстатпайды. Зорлықпен жиналған малды айдап кетіп, оларды қарапайым халыққа таратумен болады.
Әбден діңкелері құрыған чекистер Мәскеуден көмек сұрауға мәжбүр болады.
Атырау облыстық мұрағатында Гурьевтік чекистер бастығы жазған, «контрреволюционер-банды Құныскерей Қожахметовпен күресуге жәрдем сұраймыз» делінген жеделхат бар.
Бірақ оны ұстау қиынға соғады, себебі, жергілікті кедейлер оған барын салып көмектесіп, жасырумен болады. Құныскерей басқа да көтерілісшілермен байланыста еді. Ол Нарын құмында бекінген Аманғали батыр мен маңғыстаулық адай батыры Құрмашпен тығыз байланыста болатын.
Он жыл бойы күрескен Құныскерей, 1930 жылдың басында қауіпсіздікті ойластырып,өзінің көтеріліс жасағын таратады. Құныскерейдің өзі жасырын түрде Қазақстаннан кетіп, Башқұртстанға бет алады. Ол Уфа қаласына барып, алыстан қосылатын туыстарына барып жасырынады. Ол теміржол бекетіндегі асханада жұмысқа тұрады. Чекистердің соңына түскенін байқап, ол Новосибирскіге тартады.
1933 жылдың күзінде Құныскерей батыр Қарақалпақстанға өтіп кетеді. Одан әрі оңтұсқа қарай Түрікпенстанға өтеді. Ол жерде Әбілқайыр Жаманов деген атпен ұста болып, сосын бригадир, совхоз директорының орынбасары ретінде сәтті ғұмыр кешеді. Ақалтеке жылқысын өсіреді, «Социалистік еңбектің екпіндісі» деген атақ та алады. Түркпенстанда үйленген Мариямнан екі қыз Шолпан мен Айман туады.
Балаларының айтуы бойынша 1964 жылы әкесі аурудан емес, туған жерін сағынып құсалықтан қаза табады. Сөйтіп ол Түрікпенстанда жерленеді.