Общество

ХХ ғасырда қазақтар ұшыраған ашаршылық қайдан шықты?

Серік Ерғали

04.05.2022

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары ұшыраған қазақ халқының ашаршылық қырғыны байларды кәмпескелеуден шыққан еді. Тарих ғылымы әлі де Қазақстандағы репрессияның қазақ байларын құртып-жоюдан басталғаны турасында тіс жара қойған жоқ. 1919 жылғы көктемде болған большевиктер партиясының 8-съезінде Владимир Ленин Қазақстанның сол кездегі бәлшебик басшысы Станислав Пестковскиге «Қазақ байларымен нақты күрес турасында ойластыру керек» дегені бар. Бұдан кейін тіпті қазақ байларына ғана бағытталған заңдар шыға бастады.

1927 жылғы қарашада өткен Қазақ АССР-ның 6-партконференциясында ірі байлардың малы мен құрал-сайманының бір бөлігін тәрк етуге жол ашу жөнінде ұйғарылады. 1928 жылы 27 тамызда Қазақ АССР-ның Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің «Бай-феодалдардың ірі шаруашылықтарын тәркілеу туралы» қаулы шығарды. Бұл құжатта «Қазақтар көшпелі рулық қатынастармен тірлік ететін мәдениет жағынан артта қалған халық, ірі бай адамдар бұл республиканың  экономикалық-мәдени дамуын тежеп отыр. Сондықтан совет билігін орнату үшін ірі байлардың кедейлерге ықпалын жою керек» делінген. Бұл құжат арқылы бәлшебиктер билігі Ұлы далада үлкен ықпалы бар қазақ байларының көзін жоймай, Қазақстанда советтік билік орнату мүмкін еместігін ашық айтып отыр.

Үш күннен кейін «Мүлкі тәркіленгендердің айдалатын орнын анықтау туралы» тағы бір қаулы шығады. Бұл шешімге сәйкес қазақ байларын өздерінің туған жерлерінен өзге өңірге жіберіп, олардың ықпалдарын жойғысы келді: оңтүстік пен Жетісу байлары - Орал қаласына, оралдық байлар - Жетісуға, атыраулық байлар – Қызылжарға, Қарқаралы байлары - Қостанайға, семейлік байлар – Шымкент жаққа, керекулік байлар - Ақтөбеге, Шымкент байлары – Маңғыстауға, Ақмола байлары – Атырауға, ақтөбелік байлар – Қарқаралыға, қостанайлық байлар – Семейге айдалатын болды. Бірақ бәлшебиктер қазақ байларының қай жерде де қадыры барын білмеді.

Қазақ байлары әр ауылдың, әр рудың экономикалық тірегі болғаны мәлім. Бәлшебиктердің теориясына сәйкес бай мен кедейдің арасында шын мәнінде ағайынгершіліктен өзге таптық көзқарас та, тартыс та болмады. Бай әруақта кедейлер үшін материалдық күнкөріс көзі ғана емес, көзі ашық, көкірегі ояу тұлға ретінде сыйлы еді. Қазақ ауылдары мен өмірлеріндегі ағарту саласы мен дін, басқа да рухани-мәдени шаралар байлардың күшімен ғана жүзеге асатын.

Тіпті, қазақ даласына кең тараған алғашқы «Қазақ» газеті мен «Абай» журналы Есенғұл мен Тұрысбек Маманұлдарының демеуімен шыққан еді. Осындай қазақ байларының демеушілігі арқасында ресейлік білім беру орындарында біліммен сусындаған қазақ жастары Алашорданың негізін қалағаны рас болатын. Қазақтың марқасқалары Ресей тарапынан мойындарына іс түскенде де, оларды арашалауға байлардың әлеуеті араласқаны мәлім. 1906 жылы Міржақып Дулатұлы түрмеге түскенде, оны байлар Қаражан Үкібайұлы мен Қасен Ақайұлы 7500 рубіл төлеп босатып алған екен.

Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан Семей түрмесінде науқастанып қалғанда, бай Медеу Оразбайұлы «Әлеке қазаққа керек адам» деп абақтыға күн сайын қымыз бен қой етін тасумен болыпты.

Патшалық Ресей құлап, уақытша өкімет орнағанда, қазақ байлары бірігіп Алашорданы қолдайды. Ике Әділ, Есенғұл Маман, Қасен Ақайұлы, Баймұхамбет Қосшығұл, Тобанияз Әлниязұлы секілді ондаған байлар барлық шығынды өз мойындарына алады.

Ресейде Азамат соғысы тұтанғанда, қазақ байлары тағы да Алаш әскерін қаржыландырып, жасақтайды. Ыбырай Ақбай алашордалық 600 сарбаздың киім-кешегі мен қару-жарағына жұмсалатын шығынды өз мойнына алады. Иса Көпжасар Алаш әскеріне таңдаулы 100 арғымағын береді. Абайсалық Омар алашордашыларға  200 мініс ат бөледі.

Қазақ байлары осылайша мемлекет құруға аянбады. Осының бәрін сырттай бақылап біліп отырған бәлшебиктер, өз билігін толық орната бастаған тұста қазақ байларына да бас салды. Ресейде шаруа мен помещиктерді бір біріне айдап салып, тап тартысын қоздырған бәлшебиктер Қазақстанда ол қылықтарын іске асыра алмады. Бұқара халық байларға қарсы шықпады, олармен тартыспады. Өйткені, бай мен кедей жайылымды ортақ пайдаланып, өріс пен еңбекті әділ бөлісті. Және де, әдетте бұлар бір атаның баласы болып келетін еді. Жұт кезінде, табиғат апатында бүкіл ауыл байдың малын аман алып қалуға жабыла кірісті. Сондықтан бәлшебиктер байлардан мүлдем құтылып, қара халықты өз құзырына толық алуды ойластырған еді. Сөйтіп, қазақ байларын олар жалғыз-жарымдап емес, әулетімен құртуға кірісті. Белгілі тарихшы Талас Омарбектің жазуына қарағанда, 1928-1929 жылдары бәлшебиктер билігі ірі 696 қазақ байын құртып жіберген. Ал 1933 жылы 22933 байдың тұқымын жойып жіберді.

Осының кесірінен қазақ халқы жаппай ашаршылыққа ұшырап, қырылды. Бұның барлығы қазақтың әлеуметтік құрылымын жойып, қазақтардың үйреншікті тіршілік көзінен тез арада жойылып, басқа кәсіпті меңгеруге шамасы келмегендіктен болған жойқын қырғын еді. Бұдан кейін зорлап ұжымдастыру қолға алынды да, оларды шолақ белсенділер басқарып халыққа тағы да қырғидай тиді. Олар жоғарыдан түскен бәлшебиктер бұйрығын барын сала атқарумен болды. Белсенділер Мәскеуден түскен азық дайындауға қатысты бұйрықты осылайша көзсіз түрде қолда бар малды қырумен асыра орындады. Осының кесірінен елді ашаршылық жайлады. Бұны да елде қалған-құтқан орташа байларға жауып, олардың да түбіне жетті. Ақыры ғасыр басында 6 миллион болған қазақтың саны Екінші дүниежүзілік соғыс біткенде 2 миллион 300 мыңға әрең жетті.

Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынған


Серік Ерғали

Публикации автора

Қазақтың тұңғыш Олимп чемпионы

Төріктер өркениеті: монша мен кәріз құбыры

Ыбырайым батыр

Мамира – СМЕРШте қызмет еткен жалғыз қазақ қыз

Ташкент – Қазақ хандығының ордасы

Ауған асқан Тақан атаның хикаялары

Топ-тема

Другие темы

НОВОСТИ | 21.11.2024

Цифровой коридор построят Азербайджан, Грузия и Казахстан

НОВОСТИ | 21.11.2024

Инфляция ускорилась до 8,5% — Нацбанк РК

НОВОСТИ | 21.11.2024

350 млрд тенге заработали производители РК на госзакупках

НОВОСТИ | 21.11.2024

Сенат вернул в мажилис проект бюджета

НОВОСТИ | 21.11.2024

Улицу именем бывшего премьер-министра РК назвали в Астане

НОВОСТИ | 21.11.2024

Львенка пытались продать в Шымкенте