Оны біреулер күрт, енді біреуі төрік-оғыз, тағы бір нұсқа бойынша ол түрікпенделген күрт тайпасынан делінеді, яғни ұзақ уақыт бойы оғыздар арасында тұрып, соларға сіңген күрт тегінен дейді. Мәселен, қазырғы кезде түрікпендер арасына сіңген күрттер жеткілікті. Олардың тілі түрікпенше және өздерін түрікпенбіз дейді.
Айюбилер әулетін қарастыра келе, бұл әулет төрік (түркі) руларымен тығыз байланыста өрбігені байқалады. Олар төріктер арасында өмір сүріп, төрікше сөйлеп, негізінен төрік дәстүрін ұстанған, төрік жаугершілігін де жалғастырған. Орта ғасырлық ислам жазбаларында Айюбилер жеңісі төріктердің әскери жеңісімен шендестіріледі. Салахаддиннің замандас ақыны Сана ибн әл Мүлк оның Алепоны алған жаугершілігін арапқа да, күртке де жатқызбай, таза төрік жеңісі ретінде дәріптейді.
Соңғы жылдардағы саяси идеология кесірінен, кресшілер жорығына қарсы шыққан төріктердің тарихи жеңістерін араптар мен күрттерге тану жаппай белең алды да, төрік ізін өшіруге тырысты. Алайда кейбір тарихшылардың жазуынша Айюби әулеті бір кездері парсыларға тиісті екендігі жазылады. Ол парсылар бірнеше ғасыр бойы төріктенді делінеді. Мәселен тарихшы Абдол Әли Салахадддиннің тегі кавказдық парсыларға жататынын, кейін төріктеніп кеткендігін келтіреді. Бұл автор айюбиліктер ұзақ уақыт төрік ортасында тұрып, әбден парсы тегінен жұрдай болды деп жазады. Бірақ олар әскери ортада болғандықтан төрік дәстүрі оларды әбден сіңіріп алады-мыс. Кейінірек Салахаддиннің әкесі мен немере ағасы селжүк билеушісі Нұраддин Зәңгиге қызмет еткенде, олар төрік әскерін басқарып, төрікше сөйлеуге мәжбүр болады.
Бұл жайында 12-ғасырдағы кресшілер жорығына қатысқан араптың жазушысы әрі қолбасшысы Усама ибн Мұңқыз өз жылнамасында Салахаддинге арналған үзінді бар: «Салахаддин өзінің малайына бұрылды да төрікше сұрады: мен ұқпадым, мынау не деп тұр?».
Бізге жеткен дереккөздерде Салахаддинді замандастары Мұзаффар-аддин Көкбөрі атағандығы мәлім болып отыр. Бұл лақаптың бірінші бөлігі арапша «жеңімпаз» болса, екінші бөлігі төрікше Тәңір жарылқаған бөрі-батыр мағынасында еді. Бұның өзі көп нәрсені аңғартады.
Ал енді кейбір авторлар Салахаддиннің отаны деп Әзербайжанды нұсқайды. 14-ғасырдағы белгілі ислам оқымыстысы Ахмет ибн-Мұхаммед бен әбу Бәкір «Салахаддинді бәрі де даңқты әзірбайжан батыры ретінде жазған» деп келтіреді. Бұл автор аталмыш дерекке тарихшылардың бір де бірі қарсы келген емес дейді. Салахаддиннің әкесі мен немере ағасы Сириядағы Алепода әскери гарнизонда қызмет еткенге дейін, арғы ата-бабасы басқа төрік билеушілеріне қызмет етіпті. Оның атасы Кавказдан ұлдарын ертіп Бағдадтағы селжүк әміршілеріне қызмет етеді. Тигр өзеніне салынған бекіністің коменданты болған. Дерекөздер бұлардың төріктен шыққандығын ашық жазады.
Тағы бір деректе, 1229 жылы Иемен Мысырдан тәуелсіздік алып, дербес сұлтанат құрады. Бұл елде төріктекті рассулиттер әулеті билік етеді. Бұлар Айюбилер әулетінің өздеріне туыстығын ескеріп, дәстүрін сақтаған. Сөйтіп олар Мысырдағы төрік-мәмүліктермен тығыз байланыста болған. Рассулиттердің «алтөрікмәни» деген титулы болған. Салаххаддиннің отбасы мүшелері төрікше аталады, мысалы оның зайыбы Ысмат Аддин хатун аталған. Оның бір бауырының есімі - Тұраншах ибн Айюб, тағы біреуі - Тоқтақын ибн Айюб болған. Бұл дәстүр айюбилер әулетінің күйреуіне дейін үзілмеген: 13-ғасырдың 40-жылдары ел билеген Айюби әулетінің тұқымы да Тұраншах аталады. Ал күрт болса, олар неге өздерін төрікше атайды?
Салахаддиннің шығу тегінің алуан болуы ақпарат пен деректің тым аздығы мен оның қаһарман ретіндегі тым биіктігі болатын. Алыпты кім болса да иеленгісі келетіні белгілі. Қалай болғанда да, Таяу Шығыстағы аңызға айналған бұл төрік әулетін ешкім де иелене алмайды.
Сурет ашық дереккөздерінен алынған