Общество

Қазақы танымдық сандар мен ғұрыптар

Серік Ерғали

15.06.2022

Танымымызда ерекше дәріптелетін сандар бар, олар белгілі бір қасиет пен танымға қатысты мойындалған. Мәселен, үш, жеті, тоғыз, он екі секілді сандар, жай ғана ғұрыпқа қатысты емес, сонымен бірге танымға бөккен құндылық деуге болады. Әсіресе сойылған малдың мүшеленіп, суға пісірілетін еттің он екі жілікке (болмаса тоғыз не жеті мүшеге) жіктеліп тартылатынын басты дәйек көреміз. Жалпы, онекілік бұл көзқарас ежелгі ілімге негізделген түркілердің ғарыштық құрылымды он екіге жіктеуден туындаған танымында жатыр. Он екі мүшел, он екі тайпа (он екі саққа жүгірту) секілді ондаған ғасыр бойына бұзылмай келе жатқан жіктеу.

Уақыт пен Кеңісті адамзаттың ежелгі ерте танымына айналдырған түркілер бұл асты рухани құндылық ретінде алып келе жатыр.  Бұлайша он екіге жіктелу малдың он екі жілігінің болғандығынан емес, мәселе - түркітектілердің онекімүшелдік Уақыт пен он екі шоқжұлдыздық ғарыштық Кеңіс құрылымын негіз етуіне қатысты берілетін құрбандықта жатыр. Түркітектілер әубаста ғаламды Жаратушының жаратындысы ретінде қабылдап, соған тәу етті, бағынды, сыйынды. Өйткені, оның артында Ұлы Жаратушы тұрғанын «бір тәңір» деген сөзбен бұған дейінгі ілім мен таным арқылы көз жеткізген бабалар дәуірі тұрды. Солар құрбандық жасау жоралғысын қалыптастырды.

Соғым сою дәстүріне қатысты «Жіліктеме» шарасы да осы талаптан туындаған ғұрыптың бір көрінісі болып табылады. Соғымды 12 жілікке бөліп тарату салтында ежелгі аттылар танымының аспандағы 12 шоқжұлдызға қарай өз мемлекетін 12 «саққа жүгіртіп», хандық атынан жасалған құрмалдық малды 12 мүшемен сыбаға тарату жоралғысы болды деген топшымыз бар. Атты мәдениеттің Аспан әлемін бір хандық деп елестеткенін ескерсек, ондағы әрбір шоқжұлдыз бір тайпа-ел болмақ, демек, Көкке бағышталған құрмалдық әрбір шоқжұлдыз-елді қамтуы тиіс болған. Былай қарағанда тұтастық 12-ге жіктеліп тұр, оған сәйкес құрбан малдың да соған сәйкес 12 мүшеге бөлініп таратылуы рәсімделген. Түркілер осы танымға негіздеп, өз қағанатын да онекімүшелік мемлекеттік құрылымға сәйкестеген: мысалы, Шыңғыс ханды ақ киізге он екі бидің көтеруі осының мысалы. Жалпы бұл таным аса ежелгі адамзаттық құндылықтан тарайды. Христиан әлемі де он екі апостолға бағынады.

Бүгінгі исламдық құрмалдық та үшке бөлінетінін ескерейік: бір бөлігін құрбандық беруші жанұясымен тұтынады, енді бір бөлігін кедей-кепшікке берсе, үшінші бөлігін қонаққа, бұрынғыша Көктен келетін Қыдырға сыйлайды. Бұрынғы таным заманға сәйкестенгені болмаса, бәрібір сол қалпы атқарылуда. Тек қана таным жағы қасиетті санға негізделеді.Құрбандық асы дегенде ежелгі танымға сәйкес Ай мен Күнге арналып сәйкес түрде сиыр мен жылқы құрмалдық етілгенін де аңғарғанымыз жөн. Ай мүйізді делінетін сиыр малы Айға лайық та, күн сәулесіндей жалы төгілген жылқы Күнге лайықтап құрбан етілген. Үнділер танымында ежелгі Күнге деген жылқы құрмалдығы «Ашвамедха» аталған күйінде сақталып қалды.

Оңтұс-батыс елдері сиырға үйір де, тіпті батыс өркениетінің ежелгі ошағы болған үнді-ирандық Үндістан сиырға табынып та кетті. Ал күншығысты бойлаған аттылар жылқыдан бар бақытын көруге құмар болды. Осылайша адамзатта сиыр Айдың, жылқы Күннің нышаны болып қалыптасты. Осыдан келіп Күнді дәріптейтін атты свастика/айқас жәдігерлер пайда болды. Сиыр құрбандығына үйір елдер отырықтанды да, жылқы құрмалдығы аттылар мәдениетіне негіз салды. Бұған Ботай мәдениетін ескерсек, кемі - 6000 жыл.

Бір қызығы, үнді-ирандық мәдени ошақтан шыққан халықтар жылқыны жемейді де, ал атты халықтар сиырға әуес емес. Ал қазақтар соңғы совет дәуірін ескермегенде, сиырды бесінші түлікке жатқызады.

Енді бір танымдық сан – жеті. Қазақта бұған қатысты малды жеті мүшеге жіктеп асу қалыптасқан.

1. ұсақ малдың басы немесе ірі малдың шекесі – тарылушыға бір бас биік болу тілегін білдіреді;

2. жамбас пен құйрық сыйлау – береке мен ырыстың, игілік пен байлықтың болу тілегі;

3. сүбелі қабырға – бірлік пен ынтымақ, бейбітшілік тілеу;

4. асық жілік – өмірдегі сәттілік пен саулықтың, жақсылықты тілегі;

5. беломыртқа немесе белдеме – өмірдің қиындығына төтеп беру мен төзім, күш-қайрат тілеу;

6. бауыр – туыстық, бауырластық пен достық тілегінің атрибуты;

7. жауырын – өмір мен жолдың кедергісіздігі мен сәттілігіне жолашар тілеу.

Аттылар мәдениеті мал етінің мүшелері белгілі бір инфо-энергетикалық сүйемелі бар материал екендігін сіңірген. Бұл кванттық-психологиялық деңгейдегі астарлы танымнан сіңген сенім еді. Сол себепті де осы саланың қасиетті 7 санына сәйкес жеті мүшеге бөліп табақ тарту этнографиялық киелі дәстүрге айналды. Жетіліктің өзектілігі адам бойындағы 7 чакрамен бірге қарастырылатын тақырып болса керек.

Міне осы киелік танымды тәрк етпеу мақсатымен асқа қару жолатпаған, яғни қосалқы сайманмен емес, қолмен жеу ғана ас қуатын арттырады, киесін бұзбайды, қуаты мен құтын қашырмайды деген сенім жатыр. Тіпті күні кешеге дейін қазақ нанды қолмен үзіп жеген, пышақпен тілмеген.

Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынған



Серік Ерғали

Публикации автора

Советтік барлаушы болған алашордашылдың ұлы

Әбілқайыр хан – жалтақ тарихшылардың құрбаны

Қызылдар мен Алашорданы келістірген тұлға

Әбілқайыр ханды өлтіруге тапсырыс кімнен болды?

Қазақ жерін қорыған Мақсұт

Сабантой – түркілердің күзгі мерекесі

Топ-тема

Другие темы

НОВОСТИ | 21.11.2024

Цифровой коридор построят Азербайджан, Грузия и Казахстан

НОВОСТИ | 21.11.2024

Инфляция ускорилась до 8,5% — Нацбанк РК

НОВОСТИ | 21.11.2024

350 млрд тенге заработали производители РК на госзакупках

НОВОСТИ | 21.11.2024

Сенат вернул в мажилис проект бюджета

НОВОСТИ | 21.11.2024

Улицу именем бывшего премьер-министра РК назвали в Астане

НОВОСТИ | 21.11.2024

Львенка пытались продать в Шымкенте