Культура

Сабатой – Сабантой емес

Серік Ерғали

23.05.2022

21 маусым — Күн мен Түннің жазғы арбасу күні. Бұл күн астрономиялық жаздың басы. Сабатой – жаз маусымының басталуына сәйкес келетін әрі жазғы түн тоқырауына қабат аталатын түркі мерекесі. Жылдағы ең ұзақ күндіз бен ең қысқа түн болып табылады. Жаздың басталу мейрамы. Бұл уақыт табиғаттың гүлдену көрінісін паш етеді. Жер беті түрленеді, әдеміленеді, көкорай шалғынға оранады. Табиғат от пен қуаттың көзіне айналады. Жаңа туған төлдер марқаяды, піседі. Міне Сабатой мейрамы осы шаққа сәйкес келетін салтанат. Алайда, бүгінде жалпытүркілік сипаттан ажырап, ұмытыла бастағанын жасыруға болмайды. Сол себепті көптеген халықтардың этнографиясында бұл атаулас мейрам кездестіру де қиын.

Бұл мерекені бүгінде түркі халықтарының ішінде тек қана саха жұрты «Ысыах» атауымен жоғары дәрежеде жаңажылдық мәртебе беріп өтіп жүр. Мереке ғасырлар бойғы алуан идеологияның әсерімен түрліше аталып, түрлі сипатқа енгенін жасыра алмаймыз. Сабатой мерекесі - аса ежелгі тәңірлік танымнан бастау алатын мейрам. «Сабатой» сөзі былғарыдан тігілген қымыз құйуға арналған ыдыс атауынан қалыптасқан. Көшпелі жұрттар жазғы бұл мейрамды қымызбен байланыстырса, отырықшыл түркі халықтары егіспен байланыстырады.

ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛДАР:

Наурызды мейрамдаудың үш санаты

Амал. Көрісу. Мүшелдік жыл басы

Түркі халықтары төрт дүлейді/стихия Жаратқанның ұлы жаратындысы ретінде қастерлеген. Олар - су, от, топырақ және ауа. Түркі танымында аталмыш төрт дүлейге Уақыттың төрт жылдық маусымы сәйкеседі: көктемге - Су дүлейі, жазға - От, күзге – Топырақ, қысқа – Ауа дүлейі шендесіп, соған орай кеңіс те төрт күйге түседі. Жаз маусымында жер бетіне шықпайтын шөп, өсімдік қалмайды, адам да, жәндік те, жан-жануар да қорекке қарық болып, қоңданады, физика тілімен айтқанда бойларына қуат жинайды. Қазақ шөбі шүйгін маңды «отты» жер атайтыны осыдан. Көктем «жылға» сөзінен - «жылтоқсан», жаз - «оттоқсан», күз маусымы – «күзтоқсан» аталып келе бертініректе ұмытылған. Тек қана «желтоқсан» сөзі қыстың алғашқы айының атауына айналған. Әрбір тоқсанның келу мезгілі Күн мен Түннің арақатысына сәйкес танылған: көктемгі күн-түн теңесімінде – Наурыз, күзгі теңесімде – Сабантой, жазғы Түн тоқырауында – Сабатой мерекелері атап өтілген.

«Сабатой» аталатын мереке бүгінде сібірлік бұрынғы көшпелі түркілерде еміс-еміс сақталған. Сабатой мерекесі дәл қазіргі күні толық мейрам ретінде тек қана саха халқында «Ысыах» атымен тойланады. Алайда, кейбір түркі халықтары жазғы бұл мерекені көктемгі соқа тоймен шатастырып жүр. Жазықтағы жартылай көшпелі шұбаштарда бұны «сухатой» атайды. Бірақ «сапан» сөзі кейбір халықтарда соқа ретінде ұғылып, соқа тойын «сабантой» мерекесімен шатыстыратыны бар. Бұл атау «сабатой» атауының бұрмаланған түрі деп есептеуге болады, өйткені, сабантой мерекесі күзгі жиын-терін мейрамы болып қалыптасқан. Және де «сабан» сөзі түркі халықтарында күзгі егіннің сабағымен байланысты айтылатын ұғым. Яғни «сабантой» мейрамы - күзгі ұлы мерекенің атауы.

Шұбаш халқы жүздеген ғасырлар бойы өз дәстүрін барынша бұлжытпай сақтап келген түркілердің бірі әрі бірегейі. Шұбаштың «джимек» аталатын (Çимěк) мерекесі осы сабатойдың аса ежелгі мерекесінің нағыз сипаты деуге келеді. Бұл мереке ең ұзақ күндіз күнінен басталып (21 маусым), жеті күн бойына мерекеленеді. Джимек мейрамында шұбаш қыз-келіншектер айнала хормен ән шырқайды. Бұған арнайы «сăвă калани» аталатын әндер әзірленген. Шұбаштар жақсы билесең – жыл бойына ауырмайсың деген ырымы бар. Күннің бұл тоқырау мезгілінде төбеге, қыратқа шығып, даланы, алқапты жұт пен шөлден, бұршақты нөсерден сақтауға жалбарынған.  

Сабатой мейрамының көшпелі өмір салты үшін аса қолайлы да жарқын сәт екенінде дау жоқ. Бұл айды бұрын «отамалы» атаған қазақ сүт өнімінің молайған шағында береке мен ырыстың маусымы қарағаны сөзсіз. Мыңбай Исқақов өзінің «Халық календары» атты еңбегінде «Отамалы ертедегі қазақ шаруашылығына өте-мөте жақын, содан тікелей туған ай. Бұл айда шөп өсіп, жер отаяды, малдың аузы көкке толады» деп баяндайды. Осыған қатысты талай пәлсапалық құндылықтар қалыптасқан:

«Отамалы жақсы болса, от алғанша, Жаман болса, отағанша». Бұл жерде жаздың жайлылығы мен жердің оттылығы, шөптің шүйгіндігі әңгіме болып отыр. «Отамалы» сөзі малдың отығу ұғыманан туындайды.

Сабатой мерекесінің орнын қазақтың көшпелі өмір салты дәуірлеген кезеңде жайлауға көшу үдерісі басқан. Осы жайлау көші өз бойына Сабатойдың барлық қадыр-қасиеті мен көрінісін сіңіре мерекені жазғы көштің ерекше үлгісін қалыптастырған деуге болады. Алайда, Сабатой мейрамының советтік нұсқасы болғанын ұмытпауымыз керек. Ол – шопандар тойы болатын.

Сабатой – оттоқсан аталатын тоқсан күн жазды әспеттеу салтанаты; отқа құрмет, Күнді кие тұту, Жарықты қадыр тұту, от пен судың үйлесімін тілеу секілді адамзаттық құндылықтарды сіңірудің басы.

Сабатой жазғымейрам болғандықтан жоғарыда атап өткеніміздей, бұл мерекенің бір көрінісі жазғы жайлауға көшу деп толық айта аламыз. Соның көрінісін көз алдымызға әкелетін Әдепхан Төреханұлының мына жазбасын келтірейік:

 «Жаз шыға көк толық шығып, жауқазын мен қызғалдақтар қырға толып, тобылғы толықсып, барлық өсімдіктер бүршік жарып гүл ашады. Төрт түлік мал төлдеп бітіп, олар марқайып жетіледі. Жайлауға көшіп келгенде барлық өсімдік толысып піседі. Бие байлап, саба-саба қымыз ашытылған. Сиыр сауып, кебеже-кебеже май алынып, күбі-күбі айран ұйытылып, өре-өре құрт, ірімшік, ежегей кептіріледі. Ата-бабаларымыз көш көліктеріне түйені, жылқыны, өгізді, пайдаланған...»

Сабатой мейрамында сүт өнімдерінің молдығы, шөптің шүйгіндігі, қуаттың яки оттың қызулығы барынша паш етіледі. Сол себепті бұл мереке сүттің молдығын тілеу жоралғыларына жол береді. Отқа қатысты кие тұту рәсімдері жасалады. Топырақтың қызғандығының белгісі болып табылатын далалық қызғалдақ гүлі нышанға айналады. Әдетте бұл гүл күннің алғашқы қызуы қыздырған құмаққа шығады. Ал құс біткен өз жұмыртқасынан балапан өргізеді. Әсіресе қарлығаш құс қазақта киелі саналып, оның балапан өргізуіне жайлы ұя салуға мүмкіндік береді. Даланың қарлығаш құсы ауаны тілгілеп ұшып, ұя сала бастайтын кезі де осы мезгіл.

Жаз маусымы той мен салтанатқа қолайлы уақыт. Сайып келгенде Сабатой мейрамы От пен Суға, Күндіз бен Түн үйлесіміне қатысты барлық шаралар мен жоралғыларды, ғұрыптарды қамтиды. Ендеше бұл мерекемізді жатсынбай қалпына келтіретін уақыт келді.

Фотосуреттер ашық дерекөздерден алынған



Серік Ерғали

Публикации автора

Советтік барлаушы болған алашордашылдың ұлы

Әбілқайыр хан – жалтақ тарихшылардың құрбаны

Қызылдар мен Алашорданы келістірген тұлға

Әбілқайыр ханды өлтіруге тапсырыс кімнен болды?

Қазақ жерін қорыған Мақсұт

Сабантой – түркілердің күзгі мерекесі

Топ-тема

Другие темы

СПОРТ | 14.12.2024

Бельгия — фаворит. Мы — в аутсайдерах

ИНТЕРВЬЮ | 14.12.2024

Алексей Шемес: Я искал Спилберга!

НОВОСТИ | 13.12.2024

Токаев подписал указ о награждении энергетиков

НОВОСТИ | 13.12.2024

Что построят вместо резиденции президента в Актау

НОВОСТИ | 13.12.2024

Уволить акима района в Алматинской области рекомендуют в АДГС

НОВОСТИ | 13.12.2024

ЖК «Французский дом» сносят в Алматы