Ал енді әлеуметтанушылардың зерттеуіне сүйенсек, кейінгі 3 жылда жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 17-19 пайыз болып отыр. Мұндай статистиканға, әрине алдымен пандемия әсер етсе, экономикадағы дағдарыс жағдайы да басты себептің бірі. Сондай-ақ өзге жылдарды айтпағанда тек биыл жыл басынан бері 17 мың отандық кәсіпорын жұмысын тоқтатқанын ескерсек, жұмыссыздық деңгейінің өсуі заңдылық.
Сондай-ақ жастардың жұмыссыздығына тағы да мынадай бірнеше фактор әсер етіп отырғанын айта кету керек.
Біріншіден, жастардың іскерлік қарым-қатынас орната алмауы, екіншіден, жұмыс өтілінің аздығы немесе болмауы. Үшіншіден, еңбек нарығы мен жұмыс іздеу әдістері туралы ақпаратының аздығы. Ал соңғысы бәлкім бұл да соңғы себеп болмауы мүмкін. Мектеп бітіруші түлектер болашақ кәсібі туралы ештеңе білмей, яғни кім болатынын болжамай ата-анасы таңдап берген мамандыққа түсуі. Осы қатарға жастар, өздері таныстықтың жоқтығын да қосады.
Ал әлеуметтанушылар болса, бүгінде жастар диплом үшін ғана оқып, қолымда күректей диплом болмаса, жұмыс таба алмаймын дегенді түсініктен арылып келе жатқанын айтады. Заманмен бірге халықтың білім алу, еңбек ету туралы түсінігі де өзгеріп келеді. Қазір ата-ана баласын Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында несие алып оқытқанша, мына тұрған Финляндия, Латвияға жіберіп оқытуды үйренді. Өйткені ол елдерде оқу тегін, - дейді әлеуметтанушы Ілияс Тілеубергенов.
Жастар кәсіпті қалай меңгеріп жүр?
Алдымен пилоттық жоба ретінде басталып, кейін еліміздің барлық өңірінде сәтті жүзеге асқан Еңбек мемлекеттік бағдарламасы шынымен өзін-өзі ақтады ма? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы Гүлнұр Шынтаеваның айтуынша, биыл аяқталған Еңбек бағдарламасы арқылы 2017 жылдан бері 578 мың адам жұмыспен қамтылса, 70 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал бұл жердегі жастардың үлесі 36 пайыз, яғни осы уақыт аралығында 90 мыңға жуық жас жұмыс тапқан. Ол жұмыс тұрақты ма, әлде уақытша ма? Өйткені төрт жылдан бері ел өңірінде жүзеге асқан Еңбек мемлекеттік бағдарламасының оң тұстарымен қоса, жетілмеген жақтары да аз емес. Мемлекет қазынасынан миллиардтап қаржы бөлінген бағдарлама аясындағы бірнеше жоба жастарды уақытша ғана жұмыспен қамтуға бағытталғаны өкінішті.
Бұл тұрғыда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов Еңбек мемлекеттік бағдарламасы үш ай, алты ай немесе жарты жыл әрі кетсе бір жылдық бағдарламаларды қамтығанын айтады. Ал министрлік берген жоғарыдағы статистика осының арқасында тұрақталып сақталып тұр. Депутат осы орайда Neet санатындағы жастарды ұмытпау керектігін айтады. Өйткені 250 мыңнан астам жас қазір осы санатта тұр. Бұл жастар диплом алып оқуын бітірмегендер немесе еш жерде жұмыс жасамайтындар. Сол себепті мемлекетте NEET санатындағы жастарды анықтайтын әдіс қалыптаспаған. Себебі бірізділік жоқ, әр министрлік, әр әкімдік осы санаттағы жастарды өз бетінше есептейді дейді Мәди Ахметов.
Шынымен жұмыссыз жастар санының күрт өсіп не төмендеуіне осындай аз мерзімге бағытталған жобалардың болуы әсер еткені рас. Алайда кәсіп бастау үшін берілген үкіметтің қаржысына көлік алып, той жасап, үй жөндеген жайттарды да көз көрді. Сұрауы жоқ қаржыдан бұрын шағын ғана сервистік қызмет көрсетудің қыр-сырын меңгермеген соң кәсіп бастаймын деген талай жастың ісі орта жолда қалды.
Бұл орайда өз пікірін білдірген Ілияс Тілеубергенов біздің еліміздегі кәсіптің бәрі клиентке бағытталмаған, тек тендерге байланысты екенін алға тартады. Сондықтан мұндай кәсіптің көкжиегі әрі кетсе 3 жыл дейді. Бұл ірі кәсіпорындарға да байланысты екенін ескерген жөн. Өздеріне сапалы, білімді жұмысшы іздеген жұмыс беруші оның еңбек ақысын да жоғары қою керектігін ұмытпау керек.
Жастар қалай сұранысқа ие болады?
Қоғам жаңарып, қанша дәуір алмасса да әр кезеңнің өз проблемасы болады. Ал боймен емес оймен, біліммен жарысатын ХІІ ғасырда да жұмыссыз жастардың жайы өзекті боп тұрғаны өкінішті. Мысалы, мегаполис қалалардың бірі Алматыда 14,1 мың жас бос жүрсе, Алматы облысы бойынша сегіз мыңнан астам жас азаматтың жұмыссыз екені мәлім. Ал бас қалаға бас тіреп келген елорданың 7700 жас тұрғыны қазіргі ресми дерек бойынша жұмыссыз екен. Бұл тек жұмыспен қамту бөліміне тіркелгендері ғана. Қазір еліміздегі жастардың 19%-і ғана өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғанын ескерсек, сұранысқа ие болу үшін тек дипломның болуы аздық етеді.
Сондықтан жастар университет, колледж қабырғасында жүріп-ақ ең бірінші менеджментті меңгеру керек. Сондай-ақ өзі үшін маркетингті оқып үйренгені абзал. Одан соң кем дегенде 5 тілді білгені жөн дейді Жапонияның бизнес мектебінен білім алған экономика ғылымдарының докторы Бауыржан Исабеков. Өйткені әрбір жасты нарықтық ортаның қыспағынан алғырлық, сапалы білім мен зор жауапкершілік қана алып шықпақ.