Сөз орайы келгенде қоса кетейік, Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше жалпы елімізде 2761 ауыл болашағы жоқ елді мекендер тізіміне енген. Осынша ауылда 1 миллионға жуық адам тұрады. Болашағы жоқ деп шорт кескенімен, бұл ауылдарда малмен жан бағып отырған тұрғындарды ұмытпаған жөн. Тіпті бұл тізімге енбей қалған, тұрғын саны 50-ден асса да Үкіметтен бөлінетін қыруар қаржыдан қағылып отырған шағын ауылдар да аз емес. Осыдан 3 жыл бұрын «Ауыл – Ел бесігі» жобасы ауылдағы ағайынға қол созбаққа «жолға шықты». Жоба орта жолда қалды ма? Қазір игілігін көрген ауыл туралы естімеппіз. Мүмкін бар шығар. Алайда ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту мақсатында құрылған бұл жоба осы Шалғын секілді шетте қалған елді мекендерді неге іздеп таппайды? Өйткені бұл жерлерде де өмір бар, бірақ өмір сүруге, болашаққа ұмтылуға мүмкіндік толық болмай тұр.
Шалғындағы тұрғындар үшін ең өзекті мәселе – мектептің жағдайы еді. Өйткені ұрпағына сапалы білім беру кімнің болса да арманы. Ал апатты жағдайда тұрған ауыл мектебі су тасымақ тұрмақ, жаңбыр жауса, кірпіші езіліп, қисая беретін. Осыдан кейін мұғалімдер де, оқушы мен ата-ана да алдымен осыған алаңдайтын.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛ:
Ауыз су мәселесі ауыз толтырып айтар жағдайда емес
Әлеуеті төмен ауылдар. Қауықтағы қауым.
Бейбіт күнде қираған қала. Үміт еткен тұрғындар
Сонымен әупірімдеп тұрған ауылдағы негізгі мектеп биыл ақыры құлады. Ауылды құмдағы сайға жиналған қарғын су басқан. Тасқын су шалғындықтардың ең осал жерінен кеп соқты. 9 жылдық мектептің қосалқы құрылысы қирады. Мектеп негізінен үш ғимараттан тұрады. 1964 жылы салынған бастауыш сынып корпусы бұған дейін де апатты жағдайда тұрған-тын. Мектептің орта корпусы 1988 жылы, ал құлаған ғимарат 2007 жылы саман кірпіштен салынған. Оны да ауыл тұрғындар өз күштерімен салған еді. Онда кітапхана, спорт залы, директор мен бірнеше қызметкер кабинеті болған. Алайда саман кірпіштен салынған ғимараттың қабырғасы қызыл суға шыдамады. Опырылып, едені суға кетті. Айта кетейік, 9 жылдық мектепте 40-қа жуық бала білім алады.
Тұрғындардың айтуынша, бүгінде судың беті қайтқан. Тасқын су кезінде комиссия құрылып, ат ізін салмайтын атқамінерлер ауылдың жағдайын көруге келіпті. Суға кеткен ауылдықтарды эвакуациялаған. Бірнеше үйдің қабырғасы опырылып кеткен, нақты айтсақ 25 үй суға кеткен. Малмен ғана жанын бағып, нәпақа тауып отырған шалғындықтар үшін оңай болған жоқ. Тасқын су төрт түлікке де шығын келтірді. Алайда қазіртұрғындар ауылға келіп, туыс-таныстарының үйін паналауда. Ал мектеп оқушылары болса, ауыл клубында оқуыларын жалғастырып жатыр.
Алайда қырылған төрт түлікке өтемақы төленген жоқ. Ауыл тұрғыны Мереке Шадиярдың айтуынша, су тасқынына орай құрылған орталық комиссия өкілдері келіп, суға кеткен мал басының есебін тіркеп кеткен. Тек өтемақы беру-бермеу туралы тап басып ештеңе айта алмады.
«Біздің мақсатымыз осы шығынымызды өтеп баспанаға көмектессе. Басқа талабым жоқ. Сосын осы ауылды ұстап отырған біздің мектеп қой, ол да осындай жағдайға ұшырады. Малды шығарып үлгере алмай қалдық. Бұрын мұндайды көрген жоқпыз ғой», – деді ауыл тұрғыны Мереке Шадияр.
Ауыл тұрғындарының шығынын арнайы құрылған комиисия мен тәуелсіз сарапшылар есептейді. Ол үшін тұрғындар аудандық комиссияға арыз тапсыруы керек. Шығынды өтеу аудан немесе облыс бюджеті есебінен жүзеге асады. Ауылдастың басына іс түссе, жұмыла кетіп, қайырымдылыққа жүгінетін қазақтың жомарт мінезі бар. Сол себепті тасқын судан зардап шеккендерге демеушілер қаржысы да тартылуы мүмкін. Өйткені бүгінде облыста меценаттар жеткілікті, волонтерлер да қаражат жинаумен айналысып жатыр.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев құлаған үй мен шығын болған мал бойынша өтемақы төлеу немесе қандай да бір материалдық көмек алу үшін ең алдымен құжаттары сай болуы керектігін айтады. Тек тұрғындар бүлінген баспана немесе шығын болған мал өзінікі екенін дәлелдесе, комиссия куәгерлердің растауына жүгіне алады. Мұндай жағдайда ауыл тұрғындарының шығыны бюджеттен тыс қаражат есебінен де өтелуі мүмкін. Сондай-ақ әкімдіктегілер енді ауылды ұстап тұрған білім шаңырағының жайы не болады деп алаңдаған шалғындықтардың көңіліне медеу болар уәде берді. Су тасқынына байланысты ауданда төтенше жағдай жарияланған болатын. Мұндай кезде ешқандай конкурссыз қаржы қарастыру мүмкіндігі бар екенін жеткізіп, құрылған комиссияның шешімімен құлаған мектептің орнына 60 орындық білім ордасы салынатынын айтты. Құрылыс көп ұзамай басталмақ.
Иә, бұл жаңалық басына іс түскен қай жанның да жыртығына жамау боп, кеудеге үміт берер анық. Үмітсіздіктен шаршаған шалғындықтар бұл қиындықты да еңсерер. Тек уәде еткендер басталады деген істің басын су құйып, соңы сиырқұймышақтанып кетуден қорқады. Әзірге үміт сөнген жоқ.