Ал енді ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы ел халқының 95% -ын сапалы ауыз сумен жабдықтау жоспарланды.
Комитеттің тағы бір мәліметінде 2020 жылы қорытындысы бойынша елді сумен жабдықтау қызметтері 94,1%-ке орындалған. Оның ішінде ауылдарда – 90,1%, қалаларда – 97,5%. Барлығы 17,7 млн-нан астам адам тіршілік нәрінің игілігін көріп отырса керек.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛДАР:
Бейбіт күнде қираған қала. Үміт еткен тұрғындар
Әлеуеті төмен ауылдар. Қауықтағы қауым.
Әсіресе Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарындағы қала халқы 100% сумен қамтылды делінген. Нақтылап өтсек, Алматы облысында 98,3%, Атырау өңірінде 98,5% және Қызылорда облысында 97,6%таза ауыз су мәселесі шешілген. Демек, осы өңірлердегі ауылдар түгелдей дерлік ауыз судан тапшылық көріп отырған жоқ. Ал шын мәнінде солай ма? Енді рет-ретімен тарқатып, осы аймақтарға қарасты ауыл ағайындарының жанайқайына құлақ түрсек.
Мысалы, Алматы облысының Көксу ауданы Алғабас ауылының халқы 10 жылдан бері орталықтандырылған ауыз су құбырынан ащы су ішіп отыр. Ең сорақысы жарамсыз су тұтынатын тұрғындар арасында ауруға шалдығушылар жиілеген. Ащы су ішкен халық арасында бауыр, бүйрек ауруымен ауыратын адамдар саны артып барады екен. Алғабас ауылындағы орталықтандырылған ауыз су құбырының ұзындығы 11 шақырым. Оған 218 абонент қосылған. Тұрғындар есептегіш құрал орнатып, ақшасын уақытылы төлеп отыр, алайда сапалы ауыз суға бір жарыған емес. Өйткені ішіп отырған сулары тұзды. «Су мұнарасынан сынама алып, Алматыда сараптама жасаттық. «Ішуге жарамсыз» деген қорытынды шығарып берді» – дейді ауыл тұрғындары. Десе де басқа барар жер, ішер су болмаған соң сол тұзды суға тәуелді боп отырғаны қынжылтады. Оның үстіне тұздың тым көп мөлшері денсаулыққа зиян екені тағы бар. ХХІ ғасырда осындай су ішу деген сұмдық қой деген ауыл тұрғындары ай сайын кран ауыстырса да оның бәрін тұз жеп тастайтынын айтады.
Айта кетейік, Алғабас ауылының орталықтандырылған ауыз су құбыры 2012 жылы «Көксу таза су» мемлекеттік кәсіпорнына өткен. Олар ауыл халқына ұңғымадан шығатын су мен ашық су көзінен алынатын ауыз суды араластырып беруге мәжбүр. Себебі бұл ауылға бір ұңғыманың күші жетпейді. Ал таудан ағып келетін судың тұзы шамадан тыс көп. Мамандардың айтуынша, екеуін резервуарда араластырғанда оның құрамындағы тұз бекітілген нормадан аспауы тиіс. Алайда аудандық санитарлық эпидемиологиялық станция зертханалары былтыр күз айларында судан сынама алып, «ішуге жарамды» деп қорытынды шығарып берген.Аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, ол сынамалардың қорытындысы СЭС лабароторияларында тұр. Ауданда қосымша құны 13 млн 447 мың тұратын тағы бір су мұнарасын орнату үшін жобалық-сметалық құжаттама да есептеліпті. Десе де бұл жұмыс ретке келгенше тұрғындарға тұзды су ішуге тура келері анық.
Мұндай мәселе осы облыстағы Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылында да өзекті. 15 мың тұрғыны бар Түргендегі ауыз су мәселесін түбегейлі шешуге бірнеше жыл уақыт кететінін әкімдіктер де мойындап отыр. Қазір су тапшылығын ауылдың тең жартысы сезініп отыр. Өткен жылы жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Дегенмен жаңа су құбырының қашан тартылатыны әзірге белгісіз. Өйткені су құбыры өте ескі. 1970 жылдары салынған құбырлардың сын көтермейтіні рас. Әкімдіктегілер болса, қырық жыл болған құбыр өз жұмысын атқарды. Арасында бұзылып, сынып, жарылуы заңды ғой. Ондайда біз дер кезінде хат жолдаймыз сол жұмыстарды атқаруға – дейді.
Бүгінде құбырдан су ақпай қалғанда әкімдік суды тұрғындарға көлікпен тасиды. Оның өзіне жауапты «Бастау» серіктестігі міндетін дұрыс атқармайды екен.
«Бастау» ЖШС 1800 абонементке су жеткізуі тиіс. Алайда серіктестікке тиесілі құбырлар әбден ескірген. Сондықтан олардың жұмысына қатысты сын көп. Бірақ компания басшылары тұрғындармен кездесуден қашып жүр. Ал әкімдік өкілдері болса, «ауыл сусыз қалмайды. Қазіргі уақытта бір жарым шақырым құбыр жөнделіп жатыр», – деп сендірді. Тұрғындар болса, 30 жылда бір ізге түспеген ауыз су жырының қашан бітеріне шын көңілден сене алмай дал. Ал Қытаймен шектесетін шекаралық аймақта орналасқан Көкжар ауылының да тіршілік нәрінен тарыққанына 30 жыл болды.
«Арықтан малмен бірге су ішіп жатырмыз. Сол арықтан мектепке де тасылады. Жағдай оңай болмай тұр. Көкжар ауылының тұрғындарына ауыз су жүйесі қашан тартылатыны білгісіз. Әкімдіктегілер бұл жұмысты халық санына қарай кезең-кезеңмен жүргізетінін айтып отыр» – дейді ауыл тұрғыны Талғат Абдулдин.
Шекара шебіндегі ауылдардың осындай күйге түсуі, әрине елдігімізге сын. Өйткені мұндай жерлерде әлеуметтік мәселелер бірінші кезекте шешілуі тиіс. Мәселен, Алакөл ауданындағы шекаралық аймақта 20 шақты ауыл орналасқан. Олардың бәріне ортақ мәселе – сапалы ауыз судың жоқтығы.
«Биыл Үйгентас ауылдық округінен 5 ауылға ЖСҚ әзірленуде. Атап айтатын болсақ, Теректі, Бибақан, Кеңес, Лепсі, Екіпінді ауылы. Жобалық сметалық құжаттарын аяқтасақ, 2023 жылға құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз» деп жеткізді аудандық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясының бас маманы Алмас Жұмабеков.
Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Ұзынтам ауылы да өркениеттен тыс қалған мекен. Алпыстан аса отбасы тұратын елді мекенде шешілмеген әлеуметтік мәселе шаш-етектен. Өзгесін айтпағанда орталықтандырылған ауыз су жүйесі атымен жоқ. Тұрғындардың келіп-кетіп жатқан әкімдерден деген сенімі әбден сөнген. «Қанша әкім ауысты, жасалып жатқан ештеңе жоқ» деп қынжылады. Бүгінде ұзынтамдықтар тіршілік нәрін колхоз кезінде қазылған ұңғымадан тасып ішіп отыр. Бұл жерасты суына малды да суарады екен. Ал округ әкімі құны 226 млн тұратын ауыз судың сметалық-жобалық құжаты жасалғанын, бүгінде ол тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мекемесінде қаралып жатқандығын алға тартады.
Бұл – бір ғана Алматы облысындағы біз теріп шыққан ауылдардың проблемасы. Еліміздің қай өңірінде болмасын тіршілік нәрінен тарығып, арызын тыңдар жан таппаған қаншама ауыл-ел бар. Тіпті осыдан бірнеше жыл бұрын қаншама қаржыға жүргізілген құбырлар судың жоқтығынан тот басып тұр. Мұндай ауылдар де жетерлік. Сонда 30 жылдан бері елмен жүздесіп, халықтың мұңын тыңдайтын шенді мен шекпендіге шынымен халықтың шырылы жетпегені ме? Ауыз суға деп мемлекеттен бөлінген қаржының құмда ізі, сайда саны жоқ болғаны ма?
Фотосурет ашық дереккөздерден алынған