Общество

Әлеуеті төмен ауылдар. Қауықтағы қауым.

Гүлжан Абайқызы

09.02.2022

Қауық ауылы десе, сол өңірдің көнекөз қариялары болмаса, көпшіліктің біле қоюы неғайбыл. Шөбі шүйгін, сулы, нулы жерге сонау бір жылдары Қаратаудың басынан бір рулы ел қоныс аударып, қауым жұртқа айналыпты. Бұл ауыл Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Кейден ауылдық округіне қараған. Топырағы құнарлы малға да, жанға да жайлы жерден инфрақұрылымның жоқтығы талай жанды көшірді. Көшпей отырған 7-ақ үй.

Кіндік кескен алтын қазықтан айырылғысы жоқ. ҚР Өңірлік даму министрлігінен әлеуеті төмен ауылдық елді мекендер тізіміне осы Қауық ауылы еніп, 2018 жылы ауыл таратылды. Болашағы жоқ деген ауылда болашақтан үміті зор бірен-саран тұрғын қала берді. Себебі бір кездегі елді мекенде ауыз су мәселесі өзекті, мектеп, балабақша атымен жоқ болатын.

Қауық ауылының тұрғыны Жанайдар Битасов көз ашқаннан осы жерде еңбек етіп келеді. Бір кездері Қауықта сиыр ферма салынып, ірі қара мал баққан. Өйткені мал ұстауға табиғаты тамаша жер дейді. Қауық деп аталарының неге атағанын да болжаммен түсіндіріп берді. «Ауылдың бір жағы қалың орман желден қорғап ық болатын, байқасаңыз әлі солай. Сондықтан малға да, жанға да ықтасын боп қорған, пана болғандықтан Қауық деп атаса керек», – деді Жанайдар Битасов. Оның айтуынша, бір кездегі бір қауым елі бар совхозда қазір саусақпен санарлық үй қалыпты. Тіпті қазір бұл мекен Аққұм ауылының Қауық көшесі боп аталады екен.

«Бір жылдары бізді көшіреміз, ауданнан үй саламыз деді, одан қаржы жоқ деді. Кейін осы жерге суды тасып береміз, балаларды мектепке тасуға мүмкіндік жасаймыз деді. Өздігімізден көшуге мүмкіндік жоқ. Қайда барамыз? Ауданда 2-3 бөлмелі шағын үйлер 5 млн теңге тұрады. Ал біздің үйді кім алады? Құны да жоқ».

Ал ауылдың тағы бір тұрғыны Дәулет Иманбаев жастарды қалаға жіберіп, ата қоныста үлкендердің қалып жатқанын айтады. «Бір жылдары баспана беріп, көшіреміз деді әкімдік. Онымен ешкім ешқайда көшкен жоқ. Туған жерде отырамыз дедік. Рас ауылда жастарға қиын, олар жұмыс істеу керек, оқу керек. Ал үлкендер жағы қайда барамыз, кіндік кескен жерімізден жырақтап кеткіміз келмейді. Мал бағамыз. Басқа табыс көзі жоқ. Бір кездері көшкіміз келген, бірақ аз да болса малымыз бар. Сол малға жайлы болған соң кетпей отырмыз. Оның үстіне жұмыс жоқ. Жұмыс болса отырмаймыз ғой». Қауықтықтардың сөзінен жайлы пәтер берсе де, шұрайлы қонысты тастап кеткісі жоқ көңілдерді аңғардық.

ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛ:

Бейбіт күнде қираған қала. Үміт еткен тұрғындар

Ауылдағы жеті үй бір-бірімен тату, береке-бірлікте тірлік етіп жатыр. Су болса, интернет ұстаса, арасында қыдыратын әдемі бақ болса, жастарымыз тұрақтар еді дегенді де жасырмады. Алайда ауылдың алтын қазығындай болған қауықтықтарды қуантар жақсы жаңалықтар да бар. Қауыққа қуат көзі қосылды. Аққұм ауылына қатынап оқитын оқушыларға арнайы «УАЗ» автокөлігі бөлініп, су тасымалы үшін де көлік берілген. Әйтеуір бір кездері әлеуеті төмен саналған ауылдағы жеті үйдің тұрғындары жетімнің күйін кешіп жатқан жоқ. Керісінше, төрт түлікті қолға алып, малға жайлы жайылым іздегендер үшін таптырмас мекен болса керек.

Айтпақшы, «Туған ауыл түтінінің» авторы жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов осы бір қасиетті жерде дүниеге келіпті. Қазақтың қабырғалы қаламгері туған ауылдың киесі болса керек, ауылдастарының кіндігі осы бір жердің тамырына біржола байланыпты. Сосын да болар өңір халық арасында «Қауық –қазақтың қазығы» деген қанатты сөз сақталған. Алақандай ауылдың нарға артар жүгіндей мәселесінің бірі – ауыз су еді. Өйткені тұрғындар таза тіршілік нәрінен үміт үзген-ді. Алайда аудан әкімдігі демеушіліктің арқасында 4 шақырым су желісін тартпақ. Өйткені ауыл статусынан айырылған мекенге мемлекеттік бағдарламалар бір нәрсеге қол жеткізу мүмкін емес-тін. Ал Үкімет болашағы жоқ ауылдардың қатарына қосқан Қауықтың ертеңі шынымен қалай болар екен деп жұрт әлі де алаңдайды.

Қызылорда өңірінде «алты үйі Апанқақ» деп аталып кеткен тағы бір осындай ауыл бар. Қауықтың тұрғындары ауыз судың зардабын тартса, керісінше, Апанқақтың іргесіндегі құбырдан үздіксіз ағып жатқан су талайлардың таңдайын қақтырды. Бұл жер кеңес үкіметі кезінде мұнай іздеп қазылған екен. Алайда қара алтынның орнына күміс бұлақ тіршілік нәрі пайда болыпты. Сол мөлдір су 1964 жылдан үздіксіз ағып жатыр екен. Бір қызығы судың температурасы 42 С. Шілденің шіліңгір ыстығында да, қыстың аязды күнінде де бір температурадан өзгерген емес дейді тұрғындар. Бұл жерге алыс-жақын елден ауруына шипа, дертіне дауа іздеп келушілер көп. Дамылсыз су ағып жатқан құбырдың жанында жұрт жуынатын екі нысан тұр. Ескі де болса, ем-дом алушылардың сеніміне ие қасиетті жер боп тұр. Әсіресе, простатит, ревматизм, денеге шыққан түрлі деңгейдегі тері ауруларының емі осы жерде деп сенеді. Ыстық шипалы су сегіз жүз метр тереңдіктен шығып жатыр. Құрамында сынап пен йод бар, жер астынан тоқтаусыз шығып жатқан ыстық су дертке дауа. Тіпті бұл жердегі судың құрамын Алматыдан медициналық зертхана қызметкерлері жылына бір рет келіп, тексеріп тұрады екен. Алайда бұл жерге дейін жетер жолдың жайы бөлек тақырыпқа арқау болар дүние. Біздің айтпағымыз, Апанқақтағы алты үйдің жайы.

Апанқақ ауылы аудан орталығы Жаңақорғаннан сексен шақырым жерде орналасқан. Бір кездегі Талап совхозына қарасты бірінші қой фермасы болыпты. Ауылда 16 мың бас қой болған. Кеңес одағы ыдырағанда дүркіреп тұрған ауылдың тірлішігінен береке кетіпті. Бір кездері осы жерден өсіп-өнген Нарзулла Мәуленов қазір Шымкент қаласында тұрады. Оны қасиетті жері бар, шипалы су бар атамекенінің тағдыры алаңдататыны рас. «20 жыл бұрын 13-14 үй болған, шағын қалашық сияқты еді. Тал егілген әдемі көшелері бар еді. Қазір бәрі жоқ. Жері мал ұстауға ыңғайлы. Мал да пұл бақсаң, депозит қой» дейді Нарзулла Мәуленов.

Ал мал бағып, оны өсіру үшін де адамға серпіліс керек. Инфрақұрылымды түгелдеп бермесе де, игіліктен жырақта жатқан қазақтың жайына қарайлайтын кім бар дейді тұрғындар. Өйткені Апанқақта негізінен қарттар ғана қалған. Жасқа кетпе, ауылда бол, осы жерде өс-өн деуге қисын жоқ.

«Екі аптада бір рет азық түлік алуға ауданға барып келеміз. Қазіргі тірлігімізге ырзамыз» дейді тұрғындар. Ата-бабамыздан келе жатқан киелі мекен. Суы шипалы, жері құнарлы. Өзімізге жайлы деп жайбырақат, мамыражай тірлік кешкендей болғанымен, көңілде алаң аз емес. Десе де жұртта қалса да, құт санаған ауылдан адамдар осылай кетпей отыр.

Фотосурет ашық дереккөздерден алынған


Гүлжан Абайқызы

Публикации автора

Қазақтың жаны — жайылым жері. Жер комиссиясы не шешіп жатыр?

Мемлекеттік басқару жүйесі. Үкіметтен министрлікке

МӘМС & Медицина

Елде бизнес ашуға кедергі көп пе?

Шетел асқан қаржылар. Экономистер не дейді?

Қымбатшылыққа кім тосқауыл бола алады?

Топ-тема

Другие темы

НОВОСТИ | 21.11.2024

Цифровой коридор построят Азербайджан, Грузия и Казахстан

НОВОСТИ | 21.11.2024

Инфляция ускорилась до 8,5% — Нацбанк РК

НОВОСТИ | 21.11.2024

350 млрд тенге заработали производители РК на госзакупках

НОВОСТИ | 21.11.2024

Сенат вернул в мажилис проект бюджета

НОВОСТИ | 21.11.2024

Улицу именем бывшего премьер-министра РК назвали в Астане

НОВОСТИ | 21.11.2024

Львенка пытались продать в Шымкенте