Бәйтерек туралы белгілі қазақ аңызы Уақыт пен Кеңістікті және Жер мен Көкті қосатын ғаламдық өзекті паш етеді. Бұл мифтің мазмұны былай: айдалада жер мен көкті тіреген алып бәйтерек тұр. Оның басына келіп Асыл құс самұрық алтын жұмыртқа туып кетеді-міс. Оны бәйтеректің түбін мекендейтін айдаһар жұтып тұрады екен, ақыры айдаһарды бір батыр келіп басын шауып өлтіріп, алтын жұмыртқаны құтқарады. Мұндағы айдаһардың самұрық тапқан жұмыртқаны жұтуы – Уақыттың адам ғұмырын мүжуі болып табылады; Бәйтерек – өмір кеңістігі, ғаламдық өзек/ось; Самұрық/Асыл құс (қазақ «қара құс» атайды, қасиетті құс дегені) - адамның арманы, аңсары; айдаһармен алысып жеңетін батыр – адамның күш-жігері, еңбегі, қажыры мен қайраты. Бұл мифтік аңыз арқылы космогониялық ғұмырдың үдерісі бейнеленген.
Шоқтерек – рухтар жолы
Алтай өңірінен табылып, Санкт-Петербург Эрмитажындағы І Петрдің Сібір жинақтамасында/коллекция сақталған (кейбір сілтемелер Тыва еліндегі Хандар ойпатының Аржаан үйігі/курган деп көрсетеді) ежелгі сақтардың мұрасы саналатын «Шоқтерек түбіндегі аттылар» (ж.с.д. ІҮ-ІІІ ғ.) атты мына алтын доға композициясында үш адам бейнеленген. Сол жақта шошақ бөрікті/сәукелелі қыз бен оң жақта қос ат тізгінін ұстаған мұртты кісінің алдында ұзынынан сұлаған мұртты ер кісі жатыр. Бәйтеректе қорамсақ ілулі.
Бұл көріністегі шоқтерек - мықан (өмір) ағашының бір сипатын аңғартады. Яки адам өлгенде оның жаны осы жолмен, яғни шоқтеректің бойымен Көкке кетеді деген сенім бар. Ауырып жаны қайта қонса да осы жолмен қайтады-мыс. Сұлап жатқан адамның ағаш түбінде жайғасуы да оның жанының адаспай терек бойымен Көкке кетуін болмаса оның аман қалуын тілеуге мүмкіндік барын білдіреді.
Йол – рухтың қозғалыс жолы
Белгілі фольклортанушы Е.Д.Тұрсынов ( «Древнетюркский фольклор: истоки и становление», «Дайк-пресс», 2001) түркілік танымға сүйене отырып, былайша сыйпаттайды:
«... средний мир (мир человека) предстает неким связующим звеном между верхним и нижним мирами, ибо души людей находятся и в верхнем мире, помогая живым людям (это аруахи – духи предков, помогающие своим потомкам, живущим в среднем мире), и в то же самое время в нижнем мире, куда спускаются души умерших злых людей, черных шаманов, людей погибших насильственной смертью и не погребенных и т.д.» Кроме того, души неродившихся людей также находятся в мире мертвых, ибо живые – это воплощение ранее умерших, совершающих извечный кругооворот, рождаясь, умирая и возвращаясь к живым. В то же самое время души неродившихся людей обитают и в верхнем мире, откуда они по ветвям мирового дерева спускаются и входят в утробы женщин, беременеющих после этого...» Бұл түсіндірім бойынша, жолға айналған терек/дарақ адамның екі дүние арасындағы қатынас жолы есебінде де мойындалып, барлық өмірлік басты қозғалыс осы Жолтерек арқылы жүретіндігі талай туындыға арқау болған.
Бәйтерек – жан тасу жолы
Мифолог Серікбол Қондыбай («Қазақ даласы және герман тәңірлері», Алматы, «Сага» баспасы, 2006 ж):
«Қашаған фольклортанушыларға белгісіз болып қалған көне аңыз-жырлармен таныс болған, «Адай тегі» дастанын жырлағанда да ол өзіне таныс беймәлім мифтік модельді пайдаланған» - дейді. Сол дастанда:
Бәйтерегі өрлеген,
Бұтағы бұлтқа сермеген.
Ағаш жоқ, сірә, бұлардай
Қайың, терек,тал емес
Шегіршін, жөке тағы емес
Атағы тартқан құмардай...» - деген сурет бар.
Осы ағаш түбінде Ханбибі қыз күн сәулесінен (нұрдан) жүкті болады. Мұндағы Күн - тәңір Жаратушы кейпі де, Нұр-тәңір оның ұшқыны, ұлы. Бұл жырда бәйтерек Жаратқаннан жатырға түсетін жаны мен ана жатырын жалғаушы жол.
Бәйтерек бақсы атрибутында
Бақсы даңғырасының (бубен) дөңгелек жүзін ғаламдық біртұтас үй іспетті қабылдауға болады: оның қақ ортасын ала тігіңкі бағыттағы найзаға (жебе) ұқсас түзу сызық астыңғы жағында жартылай күмбез түрінде о дүние әлемін, ал «найзаның ұшы» енген үстіңгі шеңбер - аспан әлемін білдірсе, бұл екі арадағы «найза-бәйтеректің» бойы ортаңғы адамзат әлемін бейнелеген. Мұндағы найза, тағы да сол – бәйтерек, ғаламдық ось.
Жолтерек / йол – тілек тасушы
Жолтеректің рөлін бүгінде ежелгі тәңірлік танымды христиандық құндылыққа айналдырған халықтарда жаңажылдық шырша есебінде қолданыста. Оны түркілік «йол», яғни «жол» сөзімен атап, орыс тілінде «ка» жалғауымен «ёлка» (йолка) деп жүр.
Демек, арнайы ғұрып кезінде жолтерек адам мен Көктің арасындағы тілектің, қарым-қатынастың жолы ретінде қызмет атқарғандығына куәміз. Ендеше бәйтерек бүгінгіше айтқанда - ғаламдық ақпарат жолы.
Жолтерек – түркілік мерекелер атрибуты
Сондай-ақ, жолтерек - сақа халқының жаңа жылы есептелетін Ысыах-Олонхо мерекесінің басты атрибуты. Олар мұны «аал луук мас» - алып ұлы ағаш атайды.
Жолтерек өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап қазақ Наурызының да атрибуты болып сыналап сіңді. Бірақ оны көпшілік байқамай отыр.
Тіпті, астанада көшелерінде Наурыз мейрамында тігілетін орда үйлердің жанына да арнайы нұсқалары қадалатын болды.