XIX ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей отаршылдығына қарсы күресіп, қазақ жерінің тұтастығын сақтауда асқан ерлігімен, табандылығымен танылған батырлардың бірі – Дәуімшар Қуатұлы. Ол жастайынан ел қорғап, өз тұсындағы қоғамдық, саяси істерге белсенді атсалысқан. Патша үкіметінің отарлау саясатына және Хиуа хандығының басқыншылығына қарсы күрескен халық батыры.
Ақын-жыраулар Қалнияз Шопықұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Қалым Тұманұлы, Сүгір Бегендікұлы, Үбіғали Бақтығалиұлы, Сәбит Баймолдин, Мұратбай Ұлықпан, тағы басқалар Дәуімшар батырдың Шерқала шайқасы мен Ұлықұмдағы қарымта соғысын, Жем бойындағы қақтығыстарын жырға қосып, мол деректер қалдырған.
Ғалымдар Халел Досмұхамедұлы, Қабиболла Сыдиықұлы, Ізбасар Шыртанов, Әнес Сарай, Нұрлан Құлбаев, тағы басқалар зерттеу мақалаларында Дәуімшар батырдың ерлік істері туралы жазған.
Тарихи оқиғаларды зерттеп-зерделеуде қазақтың ауыз әдебиетіне, аңыз әңгімелер мен сол тұстағы ақын-жыраулардың жыр-дастандарына да жүгінеміз. Өйткені олардың негізгі арқауы – өткен тарихымызға арналған. Дәуімшар мен Құдабай батырларды ең көп жырлаған – «Жорық жыршысы» атанған Қалнияз жырау Шопықұлы. Ол бір жырында:
Сармыс, Шотан, Ер Жанақ
Қалмақ жаумен шабысқан.
Атағозы, Ер Лабақ
Дұшпанды қуған қоныстан.
Дәуімшар, Мыңбай, Құдабай
Патшаға қарсы ұрысқан, – ерліктерін дәріптейді.
Ақын, жырау Мұрат Мөңкеұлы өткінші өмір туралы термесінде батыр да, би де ажалдан құтыла алмайтынын, бірақ олардың ерлігі мен сөзі өміршең екенін айтады:
Ер өлмейді демеңіз,
Тал түсте Қыдыр дарыған,
Уызында жарыған,
Инедей қарны ашпаған,
Еңменіп жерді баспаған,
Тақыр жерде тайласқан,
Еменнен найза сайласқан
Беріштен шықты Ағатай!
Алақандай Нарынды
Бұйрат қылып қақ жарған
Махамбет пен Исатай!
Жетірудың ішінде
Есет пенен Бөкенбай!
Сегіз арыс Адайда
Дәуімшар мен Құдабай!
Сейілханды бостырды,
Қайратына шыдамай!
Бұрынғы өткен ерлердің
Қайратын айтсам мынадай! – деп сүйсінеді.
Тарихи әрі ғылыми дерек көздеріне сүйенсек, Дәуімшар батырдың соңғы жорығы Жем бойында шамамен 1812 жылдың күз айларында болған. Қатарына ағылшын сарбаздарын қосып алып, барлау жұмыстарын жүргізіп, отарланған жерлерді игеруді жоспарлаған Ресей патша үкіметінің әскеріне қарсы соғыста ерлікпен қаза тапқан. Сол соғыста екі жақтан да көп кісі өледі. Жемнің оң жағында жергілікті жұрт «Орыс мола» атап кеткен қауымда өздерін топограф ғалымдармыз деп таныстырғандар – яғни қазақ жерін картаға түсіріп, империяның есебіне алуға арнайы жіберілген әскери топ, орыс-казак және ағылшын сарбаздары, ауыр артиллериямен аттанған адютанттар, офицерлер, т.б. әскери шенді кісілер жерленген. Дәуімшар батырдың денесі Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс ауылына қарасты Дәуімшар қорымында мәңгі тыныс тапқан. Қорым мемлекет қамқорлығында. «Ақтөбе», «Маңғыстау», «Батыс Қазақстан облысы», «Айбын» энциклопедияларында Дәуімшар батыр және ол жерленген қорым туралы деректер жарияланған.
Қалым жырау Тұманұлы батырлардың ерлігін үлгі қылып:
Дәуімшар мен Құдабай
Патшаның әмір жарлығы –
Қазаққа қылған зорлығы
Көңілге жүрген ұнамай.
Сол себептен қос батыр
Қазақ елі ары үшін,
Атақоныс жер үшін,
Аянбай жұмсап бар күшін
Жауға шапқан шыдамай.
Ежелгі жыраулардың соңғы сарқыты Сүгір Бегендікұлы «Мүштәрих» сөзінде:
Дұшпанға қарсы шауып олжа алған
Сармыс батыр, Дәуімшар-Құдабайым.
Халқының қамын ойлап Төле молда,
Түрікменмен тату еткен бұл Адайын.
Моласы осылардың Жем бойында,
Барғанда дұға етің, сіз ағайын! –
деп, ерлік пен елдікті, парыз бен қарызды еске салады.
Дәуімшар батыр Қуатұлына арналған ескерткіштің ашылу салтанатына орай «Шоғы батыр» қоғамдық қоры «Қаламгер» әдеби порталымен бірге online форматта ақындар мүшәйрасын ұйымдастырды. Оған 18 ақыннан шығарма келіп түсті.
Карантин жағдайына байланысты мүшәйраға автордың өзі қатысуы міндеттелмеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер атаулы дипломдарға және қаржылай сыйлықтарға ие болады. Сондай-ақ бұл өлеңдер алда шығатын арнайы жинаққа енеді.
Маңғыстаулық инвесторлар, мәрт меценаттар – «Шоғы батыр» қоғамдық қорының төрағасы Жаңбырбай Дәрменов пен ұйымдастыру алқасының төрағасы Ісенбай Қалдаманов, Мақсат Ибағаров бастаған азаматтар ескерткіштің айналасын да абаттандырып, демалыс орнына, балалардың ойын алаңына айналдырды.
Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы арнайы конкурс ұйымдастырып, ең үздік ескерткіш жобасы таңдап алынған болатын. ҚР Мәдениет қайраткері, түркістандық мүсінші, сәулетші шебер Серік Жаңабеков еңселі ескерткішті қоладан құйып шықты. Тұғыры мәрмәр тастан қаланды.
Даңқты батыр Дәуімшар Қуатұлына арнап орнатылған ескерткіштің ашылу салтанаты пандемия жағдайына байланысты ашық аспан астында, шектеулі адамның қатысуымен ғана өтіп жатыр. Болашақта індеттің беті қайтқан соң арнайы мерекелік шаралар, ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылмақ.