Тобанияз 1875 жылы Маңғыстаудағы Жеменей болысының Әлнияз Пұсырманұлының қарапайым жанұясында дүниеге келеді. Ол Адай тайпасына қарасты жеті атасынан бері қаратабан кедей әулетінің ұрпағы еді. Бірақ та Тобанияздың арғы атасы жоңғар шапқыны дәуіріндегі елдің қорғаны болған атақты Ер Қонай Кенжеұлы болатын. Тобанияз бала кезінде ауыл молдасынан сауат ашып, арапша қаріп таныған. Дегенмен жасынан зерек ол Алшынға әйгілі Сырым батырдың жездесі Жаналы биден бата алып үлгерген еді.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛДАР:
Қазақтың соңғы хандығы. Жәңгір хан.
Жасынан, яғни 13 жасында әкесінен жетім қалғанын, өзінен кіші іні-қарындастарын ол арпа қазып, тары еккенін, етікші болып, жона тілгенін, ер шауып, қазақы үй сүйегін, жихазын жасап өсіргенін жазады.
Ол он төрт жасынан ел билігіне араласып, «бала би» атанады. Адайдың белгілі Мәтжан биінің өзі көбіне соңғы сөзді «қара бала Тобанияз айтсын» деп соған тоқ етерін айтқызған және де өзінен кейінгі бас би етіп соны қалдырған көрінеді.
Тобанияз жастайынан шабандоз, палуан әрі батыл мінезді азамат болып ержетеді. Түрікпендермен арада және Ажтархан орыс казактарымен болған дүрбелеңде талай рет өзін көрсете біліп, 20 жасында «батыр» атанады.
1910 жылы 35 жасында Жеменей болысының болысы болып сайланады. Бірақ осы жылдары жұт болып, ашаршылықта халық қырыла бастайды. Алғаш рет ол елдің қамын жеп, бұл аштыққа кінәлі патша өкіметі екенін ашық айта бастайды. Бұдан әрі оның ресейлік патшаға қарсылығы 1916 жылы жалғасады. Тобанияз қазақ жігіттерін тыл жұмысына жегуге келген патша шабармандарын кері қарай айдап шығарады.
Алайда ол қамауға алынып, патша құлағанша 1917 жылға дейін абақтыда отырады. Төңкерістен соң шыққан ол, бірден сол кезде құрылған «Алаш» партиясына кіріп, рухани демеуші болады. 100 жігітті Ойыл кадет мектебіне жіберуге, олардың барлық керек-жарағын өзі қамтуға, тіпті ат-көлікпен, басқамен жабдықтап алаш жасағын құруға, олар бітіргесін әрқайсысына 20 жігіт қосып, адай полкын құруға Алашорда өкіметіне уәде етеді.
1917 жылғы қазан төңкерісіне көп үміт артқан Тобанияз совет өкіметін орнатуға белсене қатысады. 1918 жылы ол Маңғыстау революциялық комитетін басқарады. Бүкіл Маңғыстау аймағын басқаруға мүмкіндік алғанда ол өзі елінің жағдайын жақсартуды ғана ойлайды. 1918 жылы Әліби Жангелді басқарған үлкен жасақ келіп түседі. Бұл жасақтың басты міндеті Ақтөбеге қарай жерлерді басып өтіп, батыс Қазақстанда кеңес өкіметін орнату болатын.
Бірақ басты бөлігі орыстардан тұрған бұл жасақты қырудан сақтап қалған Тобанияз көрінеді...
Жасақ қазақ ауылының біріне түсіп, орыс сарбазының бірі түрегеліп тұрып өзенге шаптырыпты. Сол кезде арыны басылмаған ауыл жігіттері «бүгін өзенімізді былғаса мына иттер, ертең өмірімізді бүлдірмей ме?!», деп бас салып, солдаттардың быт-шытын шығарып сабайды. Олардың қол-аяқтарын байлап, арбаға тиеп, Әлібиге қарай шабады. Сол сәтте Әліби Жангелді Тобанияздың үйіне барып тығылып, елден кешірім сұрайды. Маңғыстаудан қашып құтылады.
Әліби бұл оқиғадан соң, Тобанияздың қазақ өлкесіндегі абыройы мен беделін мойындап, кейін оған Маңғыстау уезі бойынша Қазақтың далалық төтенше комиссарының орынбасары лауазымын береді.
1920 жылы атаман Толстов бастаған Орал казактары басып кіреді. Олар кіргенімен қоймай, ауылдарды тонап, шауып, білгенін істейді. Оларға қарсы күресті Тобанияз батыр ұйымдастырған еді. Маңғыстау жігіттері атқа қонып, казактың 15000 әскерінен 2000 ғана тірі қалдырады. Сол кезде Толстов Тобанияз батырдың алдына жығылып, «бұдан былай адай еліне жоламайтынын» айтып жалбарынады.
Кейін шетелге қашқан Толстов өзінің күнделігінде былай жазады: «Мен үшін соңғы адайдың сүйегін мұражайдан көру бақыт болар еді. Ал егер де мен Ресейге оралсам, ең алдымен Тобанияз Әлниязды атып өлтіремін!»
1920 жылы бәлшебектердің ұйымдастыруымен бүкілқазақстандық съезд өтеді. Бұл жиында олар талай уәде мен баяндаманы бұрқыратып аңғал қазақтың басын айналдыруды ойластырады. Сол сәттің бірінде мінбеге атып шыққан Тобанияз былай деп мәлімдейді: «Менің елім көшпелі. Мал бағумен шұғылданады. Оған жер тар, шалғын шөп пен су тапшы. Осындай елге салық салып езуге бола ма?» - дейді. Бұл тағы да төніп келе жатқан ашаршылықтың алдындағы бұлқынып шыққан сөз еді. Осының нәтижесінде Маңғыстау түбегіндегі қазақтар салықтан босатылып, 1942 жылға дейін ешбір салық төлемепті.
Ол кезде Маңғыстауға сырттан тиіскен дұшпан да жеткілікті еді. Әсіресе Хиуадан келетін қарақшылар тыным бермейтін. Ақсақалдар тарапынан қаншама рет ескерту жасалса да, олар қарақшылықты доғармапты. Ақыры шыдамы таусылған Тобанияз, 1920 жылы Құрмаш секілді батырлардың басын қосып, 3 мың сарбазбен Хорезмге басып кіріп, Хиуаны басып алады.
Жергілікті кеңес билігі Тобаниязға ешкімнің аяқ баспайтынына ант еткеннен кейін ғана ол ат басын кері бұрады. Осының бәрін бақылап отырған Мәскеу Тобаниязды орнынан алып, қамауға бұйырыпты. Бірақ оған, жергілікті биліктің шамасы келмегендіктен, ауызекі ғана енді бұлай істеме дегендей ескертумен құтылады.
1921 жылы қазақ даласында жұт болып, аштық пен тырысқақ індеті басталады. Сол кезде Тобанияз амал жоқ қайта атқа мінеді.Ол әуелі байлардан малдан қор жинап, мал таратады. Астрахан, Сарытау, Самардан құрал-сайман, тұқым алдырып егін ектіреді. Тырысқақты тоқтату үшін белгілі батыс Алаш баскері әрі дәрігер Халал Досмұхаметпен бірігіп, шағын аурухана ашып, екпе ұйымдастырады.
Ол кеңес билігінен қаржы бөлдіріп, көптеген ауылда бірнеше мектеп пен Форт-Шевченкода жетімдерге интернат аштырады әрі оларды Ахмет Байтұрсынұлының әліппесімен оқытады. Бұларды бітірген озат оқушыларды Ресейдің жоғары оқу орындарына түсіріпті.
Бірақ оның басты қызметі – Маңғыстауды Қазақстанға қостыруы еді. 1870 жылғы Адай көтерілісінен кейін уезді патша билігі төртке бөліп, орысқа, өзбекке, түрікпенге қаратып әлсіретуді қолға алады. Кейінгі бәлшебектер де осы саясатты жалғастырғысы келді. Бірақ бұны бірден ұққан Тобанияз 1920 жылы Қазақ атқару комитетінің отырысында сөз алып, «...түріктің қыпшақ тобына жатамыз, қазақпыз, он екі ата Байұлының бірі – адаймыз... Қазақстанға қослуымыз керек!» дейді.
Оның ұсынысын Б.Қаратаев, С.Меңдешев, Н.Төреқұловтар қолдап, шешім қабылданады. Елдегі арыз-шағымды қазақтың дәстүрімен орда үй тігіп, сонда қабылдайды екен. Ол сағаттап елдің дауын шешіп, арызын айтқызған. Ресми билікке билер алқасымен ақылдасуды талап еткен. Совет өкіметінің өкілі бола тұра, қасынан діндар адамдарды тастамай, бірге жүрген. Адай елі оны «хан» атаған. Бұны бәлшебектер ұнатпады, ақыры 1922 жылы оған «ұлтшыл», «банды» деген жала жауып қаматады. Алайда адайлардың наразылығынан қорқып, оны босатады. Оның босауына өкіметтегі ұлтшыл қайраткерлер де кіріскен еді. Ол бірнеше уақыт жұмыссыз жүріп, 1924 жылы ғана қарапайым салық қызметкері болады. Оның сонда да халыққа билігі жүрді. Бұны Голощекин Қызылордадағы жиында «Адай округын әлі де княз Әлниязов басқарып отыр» деп кіжінеді.
Ақыры оны 1928 жылы Ақтөбеге апарып қамап, 1930 жылы Алматыда атуға бұйырады. Оның сүйегі әлі күнге қайда екені беймәлім күйде қалып отыр.
Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынған