Бізге ең алдымен, отандастарымыздың қалауы мен басқа елден келген азаматтың қажеттілігін түсіну маңызды екен. Олар бұл Қазақстанға саяхаттағанда нені күтеді, біздің кең байқта өлкемізден нені көргісі келеді? Сонымен қоса туристерді немен қызықтырып, қандай тур өнім ұсыну қажет? Міне, осы мәселелер терең зерттелгенде туризмді дамытудағы түйткілдің бір күрмеуі шешілмек.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛДАР:
Чингиз Лепсибаев: «Казахстанский туризм: местечковость, ужасный сервис и заоблачные цены»
Ал бұл мәселемен қоса, туризмнің етегінен тартып жатқан қыруар мәселе бар, ол – инфрақұрылым, сервистік қызмет көрсету сияқты бастылары. Сондықтан да жерлестеріміз көбіне елде демалғанша, шетел асуды жөн көреді. Өйткені елдегі демалыс орындары тым қымбат, ал сервис сол төлеп отырған ақшаңа сай емес. Отандық турагенттіктердің мәліметіне сенсек, биыл да елдегі демалыс орындарындағы қызмет көрсету құны 40 пайызға қымбаттапты.
География ғылымдарының докторы, туризм ғылымын зерделеп жүрген ғалым Орденбек Мазбаевтың айтуынша, бұл мәселе 30 жылдан бері шешімін таппай келеді. Өркениетті елдерден алар тәжірибе көп еді, бірақ оған да мән бермеу өкінішті. Ғалым өзінің көптеген таныстарының Түркияда, Болгарияда жеке коттедж жалдап 1-2 айға демалып жатқанын айта келіп, мұндай мүмкіндік елімізде жоқ екенін ескерті. Осы орайда ол Алакөлдің инфрақұрылым жағынан дамып жатқанын, алайда сервис мәселесі әлі кенжелеп тұрғанына қынжылды. «Біз қазір жаңа Қазақстанға келіп отырмыз ғой, енді ішкі туризм нарығындағы қызмет көрсету сапасын қарастырмасақ, онда туризмнің осы тұрғаны тұрған», – дейді ғалым.
Ал «Kazakh Tourism» АҚ ұлттық компаниясының басқарушы директоры Даниель Сержанұлы туризмнің дамуына кері әсер беретін бірден-бір фактор бағаның өсуі дейді. Ол тек Қазақстандағы туристік нысандарға ғана қатысты емес, туризмді дамытып отырған барлық елге тән дүние. Оның айтуынша, Қазақстанда қазір әрбір қалтаға ұсыныс бар. 10 мыңнан бастап 100 мыңнана асатын ұсыныс бар, негізгі сұрақ бағасы мен сапасының сай келмеуі. Алайда отандастарымыз елдегі туризмге қарамай, шетелге кетіп жатыр дегенге келіспейтінін де жасырмады. Мысалы, 2019 жылы ішкі туризмге сұраныс білдіріп, келгендер саны 6,6 млн болса, 394 мыңы шетелге кеткен, ал былтыр 396 мың қазақстандық шетелге кетсе, отандық туризмді қалаған жерлестеріміздің саны 6,9 млн-ға жеткен. Бұл орайда туристік компания жетекшісі Алмас Мұратұлы соңғы екі айда Ресей, Украина, Беларуссиядан келетін азаматтардың да саны өсті дейді. Ал 5 млн-нан астам ел азаматы биыл ішкі туризмді қалапты. Қазақстандықтар, әсіресе Алматы, Жетісу өңірі, Түркістан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарына барғанды жөн көреді екен. Өкінішке қарай, бұл аймақтарға апаратын жол қиындығы, инфрақұрылымның өте төмен жағдайы қанша айтылса да, бір ретке келер емес. Сондықтан туроператорлар жолдың сапасы турдың бағасына әсер ететінін жасырмайды. Мысалы, ШҚО-да өңірдің туризм әлеуеті өзге аймақтарға қарағанда өте жоғар, бірақ жол сапасы айта-айта жауыр болған тақырып.
Айта кетейік, елімізде 19 курорттық аймақ бар. Бұл жерлерде демалу адам басына есептегенде 1 адамға орта есеппен 19 500 теңгеден келеді екен. «Kazakh Tourism» АҚ ұлттық компаниясының басқарушы директоры мемлекет туризм саласында бағаны реттей алмайды, бірақ әртүрлі жолдар арқылы бағасын төмендетуге болады. Мысалы, әуе билеттерін субсидия арқылы төмендетіп отыр.
Бір өкініштісі біздегі туристік нысандардың тек маусымдық жұмысы сапаға да әсер ететіні рас. Өйткені Алатаудың өзі 2-3 ай ғана жұмыс істейді, ең өкініштісі олар сервистік қызмет сапасын арттыру орнына қысқа мерзімде көбірек адамдарды қамтып, көбірек ақша табуға тырысады. Келушілерге мінсіз қызмет көрсету осы тұста ақсап жататынын мойындау керек.
Осы орайда Орденбек Мазбаев: «Қазір Алатау жағасында бірде-бір санаторий жоқ. Неге? Мені таңғалдыратын нәрсе, біз қонақ үй салуға әуеспіз, ол шетелдіктерге қызық емес. Оларға демалатын, қызықтайтын, көңіл көтеретін дүние керек. Біз Қазақстан туризмінде балалар, этнотуризмді дамытуды ұмыттық. Мұның бәріне ғылыми негізде қаралмайды. Емдік сауықтыру туризмі, ауыл туризмі, этнотуризмді дамытуымыз керек» – деген ойын да алға тартты.
Даниель Сержанұлы «Туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған» бағдарламасын алға тарта отырып, Алакөлдің 2018 жылдан бері дамуына тоқталды. «Алакөл маңында туризм ісін дамытуға кәсіпкерлер қыруар каржыларын салды, енді соны қайтару керек. Ал туристерге тиімді, қолжетімді өнім ұсыну үшін дұрыс бәсеке болуы керек. Ал отандық, шетелдік инвесторлар мен туропертаорлардың көптеп тартылуы бәсекеге жол ашады» - деді.
Мамандар туризмнің тұралап тұруындағы бір гәп - өңіраралық бәсекенің болмауынан дейді. Жөн шығар, өйткен жақында облыс әкімдерінің рейтингі автожолдармен өлшенетіні айтылды. Осы мәселені туризммен бағамдаса, жол да, инфрақұрылым да дамып, аймақ әкімдері арасындағы бәсекелестік ішкі туризммен бірге ел экономикасына пайда келтірер еді. Өйткені инфрақұрылымы Қазақстаннан да кенже қалған Өзбекстан, Монғолия сынды елдерде туризм осы елдердің ішкі экономикасының әлеуетін көтеріп отыр.
Фотосурет ашық дерекөздерден алынған