Общество

Ұстаздар неге наразы

Гүлжан Абайқызы

19.05.2022

«Өзіңді өзің танысаң – істің басы» дегенді біз емес, ғұлама Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқан еді. Адам өзін танымай, өзінің жақсы-жаман қасиеттерін мойындамай толық адам, қоғамға пайдалы тұлға болып қалыптасуы мүмкін емес. Өмір жолында талай мәрте жаза басып, қателескен жан өзінің ішкі менімен сырласа, санаса алмағанынан адасуы мүмкін. Ал мейірім мен ізгілік нұры жүрегіне сіңген баладан болашақ елге тұтқа болар тұлға шығары анық дейді ұстаздар.

Мұндай тәрбиені, кейде тіпті бала отбасынан да алмауы мүмкін. Ал бүгінгі жеткіншектің өзін құрметтеуі, айналасына, ортаға сыйлы болуы, һәм өзі де сыйластықпен қарауы үшін қандай әрекет жасауымыз керек деп дабыл қаққан педагогтарға «Өзін-өзі тану» пәні алақанға салған айдай болды. Әрине бұл пәннің ұрпақ тәрбиесіне берер құндылықтарына көз жеткізген ата-ана да мұндай жаңалыққа қуанғаны рас.

Айта кетейік, Сара Назарбаеваның пәні алғаш рет 2001 жылдан бастап пилоттық жоба ретінде Қазақстанның мектептеріне енгізіле бастады. 2010 жылдың басында «Өзін-өзі тану» пәні 10500 білім беру мекемесінің 184-інде оқытылды. Ал 2010-2011 оқу жылынан бастап «Өзін-өзі тану» толықтай міндетті пән ретінде енгізілді. Содан бері елімізде мыңдаған педагог осы пән бойынша білімдерін жетілдірді. Негізгі пәндерінен ауысып, «Өзін-өзі тану» пәніне көшкендер де бар. Тіпті 10 жылдың ішінде жоғары, бірінші санаттарын қорғап, аталған пәннің нағыз маманы атанғандары да аз емес.

Тек 2020 жылы «Өзін-өзі тану» пәнін мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы орта білім беретін мектептер мен колледждерде оқытатын 450 педагог біліктіліктерін арттырды, олардың ішінде екі жүз елуге жуығы қашықтан ұйымдастырылған курстарды аяқтады. Дәрістер Youtube, Google Meet, Zoom платформалары арқылы ұйымдастырылды. Мамандардың айтуынша, курс барысында WhatsApp, mail.ru, gmail.com мессенджерлерінде құжаттармен, үлестірмелі материалдармен алмасу, өздік тапсырмалар, сынақ жұмыстары орындалды. Бір ғана «Жалпы адамзаттық құндылықтар» тақырыбымен қанша мұғалім білімін тереңдетті. Былайша айтсақ, мемлекеттен қанша қаржы бөлінді, ұстаздардың қаншама қажыр-қайраты арналды бұл пәнге. Алайда осынша еңбектің соңы еш болайын деп тұрған түрі бар.

Биылдан бастап «Өзін-өзі тану» пәні деген мәртебесінен айырылып, 1 сағаттық факультативтік пәнге ауыстырлымақ Білім және ғылым министрлігі мектептердегі «Өзін-өзі тану» пәніне қатысты былай дейді: «Сабақ бұрынғыдай 1-ден 11-сыныпқа дейін емес, оқушылардың таңдауы бойынша және тек бір сыныпта өткізіледі. Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігі барлық деңгей бойынша үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларын қайта қарау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың мазмұны заманауи тенденцияларды ескеру және мектеп оқушыларының оқу жүктемесін азайту мақсатында қайта қаралады» – делінген. Ведомствоның мәлімдеуінше, педагогтар өздерінің негізгі біліктіліктері, дәлірек айтқанда, әлеуметтік педагог ретінде жұмысын жалғастыра алады. Бұл ретте «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы бойынша оқитын және басқа бағыттарға ауысқысы келетін студенттерге каникул кезінде басқа білім беру бағдарламаларына ауысу үшін жағдайлар жасалады. Бұл қазірдің өзінде нормативтік құжаттарда қарастырылған. Университеттер студенттердің кредиттерін аудару және қайта есептеу бойынша тиісті жұмысты реттейді. «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» бағдарламасының түлектері тиісті негізгі бағыт бойынша жұмыс істей алады.

Алайда министрліктің мұндай шешім шығаруына не түрткі болғанын түсіне алмаған еліміздің ұстаздар қауымы наразы екендіктерін айтып, көмек сұрауда. «Біз, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдері, өз пәніміз бірегей, тәрбиелік әлеуеті жоғары деп есептейміз. Ол әр баланың жеке басының ең жақсы қасиеттерін ашуға мүмкіндік береді. Өзін-өзі тану мектеп пәнінің шеңберінен әлдеқашан шығып кеткен – бүкіл оқу-тәрбие процесі жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды біріктіру негізінде ұйымдастырылып, өз бойында білім беру жүйесінің қасиеттерін қалыптастырады. Өзін-өзі тану пәнін оқытудың мақсаты – ұлттық және әлемдік мәдениеттің озық дәстүрлері бойынша тәрбиеленген, адамгершілігі мол тұлғаны қалыптастыру. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу – өсіп келе жатқан тұлғаның мейірімділікке, жанашырлыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке негізделген ішкі мүмкіндіктерін ашуды көздейтін мектептің маңызды міндеттерінің бірі. Сондықтан «Өзін-өзі тану» пәні – еліміздің қауіпсіздігінің, бірлігі мен тұтастығының кепілі! Құрметті Асхат Қанатұлы! Мемлекеттік білім стандартына міндетті пәндердің қатарында «Өзін-өзі тану» пәнін қалдыруыңызды сұраймыз», – дейді Атырау облысы Жылыой ауданы 16 ЖББМ мұғалімі мектеп Гүлбаршын Кереева. 36 жыл еңбек өтілі бар Бақытгүл Кәрімбердіқызы дипломы бойынша әлеуметтік педагог. «Өзін-өзі тану» пәніне ауысқанына 12 жыл болыпты. Жоғары санатын да осы пән бойынша қорғаған маман.

Ал Тараз қаласындағы №47 орта мектептің «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімі Кентаева Қарлығаш «Бұл пән нағыз ХХІ ғасыр адамына керек пән болып тұр» дегенді алға тартты. «Міне, осы пәнді беріп, нұр шашып келе жатқанымызға 12 жыл болыпты. Жеткен жетістіктеріміз көп, балалардың пәнге деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Осы пән аясында балалардың сөйлеу шеберлігі артты, өз ойларын ашық айтып, айтқандарын дәлелмен жеткізетін қалыпқа келді. Жастардың ойларын ашық және жүйелі жеткізуі біздің еңбегіміздің жемісі. Бұл пән – мотивация! Бұл пән бала үшін бөлек әлем! Енді осындай жетістіктерге жеткенде, білім министрлігінің тарапынан бұл пән қажет емес дегені қаншама педагогтың жүрегін қынжылтты. Қаншама еңбегімізді еш етті, жеткен жетістіктеріміздің мәнін кетіріп, балалардың пәнге деген сеніміне нұқсан келтірді. Сіздерге айтарым, бұл пән баяғы заманнан келе жатқан білім ошағы, еске сала кетсек, «валеология», «әдеп», «социология», «адам және қоғам», «этика және эстетика», «шешендік сөздер» деген пәндердің жиынтығы десек те болады. Тек аты өзгерді, ал заты сол дүние» – деп жүздеген ұстаздың жан айқайын жеткізді.

Әрине 10 жыл аз уақыт емес. Талай реформаға ұшыраған еліміздің білім жүйесіне тағы бір сындарлы сәт туғандай. Өйткені осы 10 жыл ішінде білім бағдарламасына әбден бауыр басқан, талай шәкірттің жүрегіне жол ашқан пәннің қысқаруы, тек мұғалім ғана емес, оқушылар мен ата-аналардың жүрегіне қаяу салып отыр. Бүгінгідей техника дамып, адамдар робот дүниенің кебін киген мейірімге зәру заманда бұл пәннен айырылмауымыз керек дейді ардагер ұстаздар да. «Балаларымызды мейірімділікке, сүйіспеншілікке, адалдыққа,жанашырлыққа, Отан сүйгіштікке тәрбиелейтін бұл сабактан ешкім зиян шекпесі анық. «Өзін-өзі тану» өте керек пән», – дейді ата-ана да.

Рас, бұл жерде білім министрлігінің шешімі даладан алынбағаны анық. Десек те еліміздің түкпір-түкпіріндегі ұстаздар тарапынан пәнге деген жанашырлық сауалдардың туындауы заңдылық. Пәннің қысқаруының астарында педагогтың әлеуметтік жағдайы, қорғаған санаты, бөлінген сағат саны сияқты қаншама мәселе тұр. Өз мамандығынан нәпақасын тауып отырған мұғалімнің нанынан айырудың қандай қажеттілігі болды? Бұл сауалымызды білім министрлігіне жолдаған едік. ««Өзін-өзі тану» пәнінен білім беріп отырған педагогтардың республика бойынша жалпы санынан алғанда 15%-ның ғана «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы бар, ал қалғандарының басқа мамандықтары бар және олар бұл пәнді өздерінің негізгі оқу жүктемесіне қосымша жүргізеді. Осыған байланысты, педагогтар өздерінің негізгі мамандықтары бойынша білім туралы дипломдарына сәйкес жұмысқа орналастырылады және негізгі мамандық бойынша біліктілік санаттары сақталатын болады. Педагогтардың қолданыстағы біліктілік санаттары бес жылға дейін күшінде болады», – дейді министрлік маманы.

Оның айтуынша, «Өзін-өзі тану» пәні оқу бағдарламасында бір сыныптағы оқушылардың таңдау пәні ретінде қалады. «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес нормативтік оқу жүктемесі аптасына 16 сағат қарастырылған. Жалақы мөлшері еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы еңбек шартын жасау кезінде айқындалмақ.

Фотосурет ашық дереккөздерден алынған


Гүлжан Абайқызы

Публикации автора

Қазақтың жаны — жайылым жері. Жер комиссиясы не шешіп жатыр?

Мемлекеттік басқару жүйесі. Үкіметтен министрлікке

МӘМС & Медицина

Елде бизнес ашуға кедергі көп пе?

Шетел асқан қаржылар. Экономистер не дейді?

Қымбатшылыққа кім тосқауыл бола алады?

Топ-тема

Другие темы

НОВОСТИ | 21.11.2024

Цифровой коридор построят Азербайджан, Грузия и Казахстан

НОВОСТИ | 21.11.2024

Инфляция ускорилась до 8,5% — Нацбанк РК

НОВОСТИ | 21.11.2024

350 млрд тенге заработали производители РК на госзакупках

НОВОСТИ | 21.11.2024

Сенат вернул в мажилис проект бюджета

НОВОСТИ | 21.11.2024

Улицу именем бывшего премьер-министра РК назвали в Астане

НОВОСТИ | 21.11.2024

Львенка пытались продать в Шымкенте