Общество

Мектеп бітіру кеші. Қымбатқа түскен қуаныш

Гүлжан Абайқызы

17.05.2022

Биыл мектеп бітіретін түлектерге ойын-сауық жасауға, қаланы аралап кортежбен жүруге, ұстаздарға сыйлыққа ақша жинауға тыйым салынды. Бұл туралы білім және ғылым министрлігі әр мектепке арнайы ұсыныс жіберді. Соңғы қоңырау мерекесі Қазақстанның барлық мектептерінде 25 мамырда өтеді. Аттестатты салтанатты тапсыру 16-17 маусымға жоспарланып отыр. Еліміз бойынша биыл 170 мыңнан астам түлек мектеп бітірмек. Қанша арман, үміт, сенім арқалаған жас білім ұясынан ұшпақ. Қош... Бұған дейін де айтылған мәселе болса да, қайталауға тура келді. Өйткені жас жеткіншек өмірдің жаңа белесін ысырапшылдықпен бастамаса деген ізгі ой біздікі.

Пандемия басталғалы соңғы екі жылда аттестат алу кешін ат шаптырардай даңғаза жасау тыйылған болатын. Алайда бұрынғы ысырапшылыққа үйренген ата-аналар ұл-қызының үйлену тойынан бетер шашылатыны есімізде қалыпты. Сәл еске түсірсек, соңғы екі жылға дейін мектеп бітіру өте қымбат қуанышқа айналған еді. 11 жылдықты аяқтап, қолына аттестат алған балаларының қуанышы ұлан-асыр тойға ұласып, ас та төк шашылудың қасында қымбат дегеніміз жай сөз болып қалды. Мектеп бітіру үшін бір балаға бір отбасынан шығатын шығынның өзі әжептеуір болды. Мектеп пен ұстаздарға сыйланатын сыйлықтан бастап өзге ұсақ-түйегін қоспағанда мейрамхана, оған баратын сән-салтанаты жарасқан қымбат көйлек, кортедж кәдімгідей бардың малын шашып, жағдайы көтермейтіндер амалсыздан сол көшке тырбана ілесуге мәжбүр қылатын. Өйткені баламның сағы сынбасын дейді. Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан гөрі мектеп бітіру кешін қайда, қалай өткіземіз деген мәселе үлкен әбігерге айналып, ата-аналар алашапқын болатын. Екі жылдағы пандемияда сол тірлік саябырсығандай еді. Қайдам? Биылғы даурығу қайта басталды. Әрине түсінеміз, бірінің жалғызы, бірінің тұңғышы не кенжесі. Мектеп бітіру кешін есте қаларлықтай өткізу баланың да, ата-ананың да арманы шығар. Егер мұны арман деуге болса. Тіпті кей мектептегі түлектер үшін мейрамханаға тапсырыс беріліп, ұлы дайындық басталып та кетіпті. Білім және ғылым министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру басқармасының басшысы Самал Қадырова:

«Тарту аниматорлар, мереке агенттіктердің, әртістер, жекеменшік студия салтанат өткізу үшін ақы төлеу, мерекелік үстелдер ұйымдастыру, жалға берілетін автомобильдерді тарта отырып, қала (аудан) бойынша көшпелі экскурсиялар өткізу, мектеп әкімшілігі мен педагогтарға сыйлықтарға ақшалай қаражат жинау, ойын-сауық мекемелерінде бітіру іс-шараларын ұйымдастыруға тыйым салынады» деді.

Осылайша аттестат алу кеші оқу орнының қабырғасында өтуі тиіс. Ал мерекелік үстел ұйымдастыруға қатаң тыйым салынғаны айтылды. Мұндай ескерту біріншіден, педагогикалық этиканың сақталуын қадағалайды, екіншіден, сыбайлас жемқорлықтың алдын алады деп көрсеткен ұсыныста. Осы тұста мектептің қамқоршылық кеңесіне де үлкен жүк артылмақ. Артық шығынның  қажетсіздігі туралы түсіндіру жұмысын жүргізу керек дейді ведмоство өкілдері. Қоғам белсенділері де бұл тақырыпта өз ойларын ортаға салды. Заңгер Кәмшат Есмұқамбетқызы осы ұсынысты қолдайтынын жеткізді. «Мен бұл ұсынысты қолдаймын. Жақсы идея. Мектеп түлектері мектептен тыс болғанша, мектеп ішінде жинақы, мәдениетті өткізу дұрыс. Бізде әдетте, қалай болады? Той сияқты, құдды балаларын үйлендіріп жатқан сияқты. Қуыршақ етіп киіндіреді де, кейде ол кештің арты төбелес, топалаңға ұласып та жатады. Мен мектеп қабырғасында өткізуді құптаймын» – деді заңгер.

Министрліктің ұсынысы еліміздің барлық мектептеріне ортақ. Әдетте мұндай кештерді қалалықтар ұйымдастырып жатады. Бұл жөнінде Нұр-Сұлтан қаласындағы бірнеше мектепке сұрау салдық. Мысалы, №76 мектеп ата-аналары «мектеп бітіру кешін қай мейрамханада өткіземіз, балаларға қандай мереке сыйлаймыз деп жүргенде мына ұсыныстың шыққаны бір жағынан дұрыс болды» – деп оның орынды екенін мойындайды.  

Ал өзін Ақерке деп таныстырған елорда тұрғыны ұлының оқитын мектебін атап айтуды жөн көрмеді. Алайда аттестат алу кешін ұйымдастыруды 2 ай бұрын бастап кеткенін айтады. «Министрлік тыйым салған тойлаудан бас тарта алмаймыз, өйткені мейрамхананы жалдап, ақысына дейін келісіп қойдық, 11 жыл білім берген ұстаздарына сыйлық жыл сайын алынады, ол дәстүрге айналған, оған қалай тыйым салуға болады», – деп ақталды. Қазірде министрліктің ұсынысына сай пікір де екіге бөлініп тұр. Жасыратыны жоқ, министрліктен келген бір жапырақ қағаздың пәрмені де күшті болмай тұр. Өйткені мектептердің басым көпшілігі ата-ана өздері ұйымдастырып жатыр, біздің кінәмыз жоқ деп ысыра салады. Ал той-даңғаза жарыстырғаннан алдына жан салмайтын ата-аналар, мұның әбестік екенін біле ме? Жастар үшін тағы да білім бәсекесінің емес бәтуасыз бәсекенің іргесі осылай қаланады. Мұндайда тыңдалмаған ұсынысты бұйрыққа айналдыру да артық болмас бәлкім, деп ойлайсың осындайда.

Фотосурет ашық дереккөздерден алынған


Гүлжан Абайқызы

Публикации автора

Қазақтың жаны — жайылым жері. Жер комиссиясы не шешіп жатыр?

Мемлекеттік басқару жүйесі. Үкіметтен министрлікке

МӘМС & Медицина

Елде бизнес ашуға кедергі көп пе?

Шетел асқан қаржылар. Экономистер не дейді?

Қымбатшылыққа кім тосқауыл бола алады?

Топ-тема

Другие темы

НОВОСТИ | 21.11.2024

Цифровой коридор построят Азербайджан, Грузия и Казахстан

НОВОСТИ | 21.11.2024

Инфляция ускорилась до 8,5% — Нацбанк РК

НОВОСТИ | 21.11.2024

350 млрд тенге заработали производители РК на госзакупках

НОВОСТИ | 21.11.2024

Сенат вернул в мажилис проект бюджета

НОВОСТИ | 21.11.2024

Улицу именем бывшего премьер-министра РК назвали в Астане

НОВОСТИ | 21.11.2024

Львенка пытались продать в Шымкенте