Общество

Ұстақан мен тостақан

Серік Ерғали

11.11.2021

Қазақтың екі түрлі ыдысы турасында әңгімелеу арқылы танымдық терең тақырыпқа барғалы отырмыз. Ол ыдыстар: ұстақан мен тостақан аталады.

Бұлардың атауына қарай ыдыстарды қолдану екі түрлі ұстауға байланысты. Мысалы бір қолмен ұстауға икемді, болмаса соған арналған тұтқасы бар ыдыс – ұстақан. Бұл сөз ұстайтын тұтқасы бар екендігін байқатады.

Бүгінде бұл атау қолданыстан шыққан,оның себебі, ислам дінінің енуімен байланысты ыдыстың қолдану аясы жойылғандықтан, бірақ басқа халықтардың тілінде сақталып отыр. Бұл ыдыс негізінен сұйық ішуге арналады. Дегенмен бұның тарихта бірнеше атауы бар, ол ыдыстың түрлі ортада және алуан материалдан жасалуына байланысты болса керек. Көшпелі түркілер ежелгі танымға орай не ішсе де әуелі Көкке көтеріп, ас пен сусынды көкке тосып ішкен. Ұстақан осы мақсат үшін бір қолмен көкке көтеріліп, тосылған. Бұл – ырзық сыйлаған жаратқанға құрмет, Көкке, Тәңірге бас ию белгісі еді. Сол себепті ұстақан ұстаған балбалтастар әсіресе қыпшақтекті қауымның балбалтас ескерткіштерінде кеңінен таралған.

Демек, бұл ыдыс көшпелі түркілердің танымы мен сенімінің бір тиегі іспетті.

Ұстақанмен ежелгі дәуірлерде жоралғылық сусын ішілген, ол сусын қымыз, шұбат, шарап секілді Жердегі ырзық Көктен болады деген сеніммен, құдыретке бас июдің жоралғысындағы арнайы ғұрыптардың бірі болған. Бертін келе еуропа халықтарының қалыптасуына зор ықпал еткен сақ, ғұн халықтарымен бірге бұл ғұрыптар сол елдерде салтқа ұласты, ұстақан ыдысы рюмка мен стаканға айналды.

Бүгінде көптеген батыс елдерінде «тост» аталатын арақ-шарап толы рюмканы, стаканды көкке көтеру рәсімі кезіндегі көшпелі түркілердің салтының сарқыншағы еді. Бұл қасиетті ырзыққа бола Көкке ризашылық білдіру мен бас июдің бір нышаны болатын және ол дәм татуды ең әуелі ұлы құдыретке бас июден бастайтын түркілердің әуелгі ырымы болған. Бас ие тұрып, ұстақан толы қасиетті сусынды тәңірге қарата тосу мен тілек айту, ризалық білдіру ажырамас ғұрып еді. Бұл нышан әлі де көптеген халықтарда сақталған. Алайда, бертін келе бұл арақ ішудің ажырамас «әдебіне» айналып кетті; бұрын ұстақан ұстаушылар көкке қарата түйістіріп мадақ айтатын болса, бүгінде оны жұрт бір біріне түйістіріп тост айтатын салтқа айналдырды.

Келесі қазақ ыдысы – тостақан. Бұл ыдыс негізінен қоймалжың тамаққа ішуге арналады және бұл ұстақан секілді биік емес, жалпақ келеді. Бұған құйылған ас адамның кеуде тұсына дейін көтеріліп, көкке ризалық ишара етілгесін ішіледі. Жоғарыға тосылған, бірақ ұстақан секілді бастан асыра көтерілмейді. Тостақан/тостаған – далалық аттылардың ас ішу ыдысы, бірақ бұның да мазмұны оны қос қолдап ұстап, әуелі Көкке тосып барып дәмді ауызға тигізу рәсіміне арналған ыдыс еді. Оның атауы сол себепті: Тос+тақан. Таған, теген ыдыс ұғымын білдірген сөздер еді де, одан кейінірек «тегене» сөзі шықты. Бұған құйылған көже, айран, шұбат секілді қоймалжың тамақ қос қолдап ішілген. Бір қолмен ұстауға болмайды! Бұның да бүгінде мәні жойылған мазмұны бар еді.

Тостағандар бекзат адамдар үшін алтын мен күмістен соғылған. Бұларды қасиет тұтып, оларға арнайы руна жазуы жазылған. Бұның бірқатары бүгінде табылғанымен, әлі күнге толық оқу мүмкін болмауда.

Геродоттың жазбасындағы сақтардың жер бетін билеуіне Көктен түскен қасиетті төрт заттың бірі – тостаған. Қалғаны - соқа, иықша, айбалта, үшеуі де адам тіршілігіне қажет сайман болса, біреуі ғана тұтынуға керек зат. Және ол Көктен түскендіктен бүгінгіше айтқанда, несібе-ырзықтың нышаны болатын. Тостағанның осы әпсанадан да маңызы мен мәні әйгіленіп тұр. Сонымен, қарапайым ғана ас ішуге арналған бұл заттардың түбінде халқымыздың наным-сенімі мен қадыр-қасиетін бойына жыйған мәнін бүгінгі ұрпақ жадында түйгені абзал.


Серік Ерғали

Публикации автора

Советтік барлаушы болған алашордашылдың ұлы

Әбілқайыр хан – жалтақ тарихшылардың құрбаны

Қызылдар мен Алашорданы келістірген тұлға

Әбілқайыр ханды өлтіруге тапсырыс кімнен болды?

Қазақ жерін қорыған Мақсұт

Сабантой – түркілердің күзгі мерекесі

Топ-тема

Другие темы

НОВОСТИ | 21.11.2024

350 млрд тенге заработали производители РК на госзакупках

НОВОСТИ | 21.11.2024

Сенат вернул в мажилис проект бюджета

НОВОСТИ | 21.11.2024

Улицу именем бывшего премьер-министра РК назвали в Астане

НОВОСТИ | 21.11.2024

Львенка пытались продать в Шымкенте

НОВОСТИ | 21.11.2024

Экстрадированному из РФ казахстанцу грозит пожизненное

ГЕОПОЛИТИКА | 21.11.2024

Санкционные противоречия и Казахстан