Спорт

Қазақтың коды құмалақ емес – жылқы!

Серік Ерғали

30.03.2021

Материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) қорғау жөніндегі үкіметаралық комитет 2020 жылдың 14-19 желтоқсаны аралығында онлайн режимдегі 15-сессия аясында «Тоғызқұмалақтың» материалдық емес мәдени мұраның репрезентатив тізіміне енді, яғни ұлттық халықаралық мәдени ресми тізімге енгендіктен, бұл ұлттық зиякерлік спорттың әлемдік деңгейде дамуға рухани жол ашылды деуге болады.

Алайда, бұл дайын ресурс пен материалдық, басқалай мүмкіндік деуге болмайды. Бұл зерделік спортты дамыту міндеті қалай болғанда да, сол материалдық емес нысанның тұтушы (носитель) тараптарының ғана мойнына жүктеледі. Бұған қатысты жуырдағы қазақ Үкіметінің тоғызқұмалақ ойынын орта білім бағдарламасына егізу бойынша мәселені қарауы – құптарлық. Алайда... Оның ұлттық ойыннан спортқа айналу мәртебесін қараудан бастау керек еді.Осыған орай, бұл ойынды дамыту жолындағы кедергі болып отырған бір ғана мәселені ашу мен оның шешу жолын ұсынуды мақсат етіп отырмыз.

Шын мәнінде тоғызқұмалақты дамытуға ЮНЕСКОның тізімінің қажеті шамалы. Ең әуелі сол ойынның басты тұтушылары келісіп, кеңесіп мәселелерді бірге шешуі керек. Егер ондай бірлік болмаса, ондай бар мәселе шешілмейді, керісінше қордалана түседі, одан әрі ушығады. Тоғызқұмалақ ойынына әзірге басты екі ел тұтушы болып табылады: Қазақстан мен Қырғызстан.

Мәселе неде? Аталмыш ойынның халықаралық деңгейдегі мойындалған атауының жоқтығы. Қазақ тарапы – тоғызқұмалақ, ал қырғыз жағы – тоғызкоргоол, түріктер - мангала/гечюрме атайды. Сөйтіп, өзге жұрт түгілі үш халық үш жаққа тартып отыр... Мәселе атаудың алуандығы ғана емес, осыдан туындайтын ортақ құндылықты дамытуға деген ниет пен жұмыстың жоқтығында, ресурстардың шашылуында және түрлі позицияның өзара жағаласуға жұмсалып, әлеуеттің рәсуә болуында! Бір ойынның бұлайша құбылуының артында бірікпестік жатыр, жасанды амбиция мен ойынның біріктіргіш қуатын сезбеу бар! Және бұл рухани құндылықты бүгінгі жалпытүркілік сұранысқа пайдалана алмау мен оның түпкі мазмұнын түсінбеудің кесірі бар! Мәселе – бұл ойынды қолы жеткеннің бәрі көрпені өзіне тартқылап, ақырында оны бөлшектеп, дамыта алмай отырғанында.

Тоғызқұмалақтың иесі кім? Бұл ойын барлық түркілерге тән. Ол - бүкілтүркілік ортақ тарихи-рухани игілік. Бұл ойын пайда болғанда 4000-5000 жыл бұрын оны бөлшектеп отырған бүгінгі этностар болған жоқ. Демек, тоғызқұмалақтың авторы – қазақ та, қырғыз да, түрік те емес, бұлардың арғы ата-бабалары! Және бұл бабалар бүгінгі 40 шақты түркілердің бәріне де ортақ еді. Ендеше содан бергі кезеңде тарихтан өткені мен өтпегені бар барша түркі жұрттары бұл ойынға өздерінің мұрагерлік ету бойынша заңдық болмаса да рухани қақы әбден бар. Және бұл ойынды бүгінгі күнге дейін сақтап келген қазақ пен қырғызға, қарақалпаққа рақметтен басқа ештеңе тимесе, олардың өкпелеуге бұған қақы жоқ. Себебі, бұдан әрі жеке-жеке аман қалу да, даму да мүмкін емес. Осы бір заманның қатал талабын бүгінгі өмірдің өзегі ете алмағандар рухани құндылықты былай қойғанда, халықтың өзіне де обал жасамақ. Ендеше тоғызқұмалақ – қазақтың не қырғыздың болмаса түрік пен қарақалпақтың емес, жалпытүркілік зияткерлік ойын ретінде жариялануы керек! Осылайша бұл ойынға 200 миллиондық түркілердің өз ойыны ретінде өз ұстанымын әйгілеп, оның дамуына тікрелей қатысы бар сезімдерін оятамыз, сол арқылы бірден бұл ойынның қолда бар қыруар тұтушысын (носителін) қалпына келтіреміз!

Шын мәнінде, алтай, қарақалпақ, қазақ, қырғыз, тыва халықтарында сақталған бұл ойынды әлі күнге бірегейлеу болмағандықтан, оны әлемге түрлі атаумен тартқылап тарату қиынға түсуде әрі басқа жұртты былай қойғанда, «құмалаққа» атауына түркі халықтарының өздері қызықпай отырғанында. Егер біз бұл ойынды аталған бес халықтың емес, барша түркілердің ойыны десек, оны тарату әп сәтте жүреді. Және бұл абырой ойынды сақтап келген төрт-бес халыққа бірдей болмақ. Ол үшін зерделік бұл ойынға түркілерге ортақ өзекті атау қажет.

Ондай атау мүмкін бе? Болған ба? Болғанда қандай! Ол атау – «тоғызат»! Жып-жинақы әрі жалпытүркілік ортақ сөз. Түркілердің бірден бір мәдени құндылығын паш ететін сөз. Бұл сөз - түркі бабаның 6000 жыл бұрынғы атты үйретіп, оған мініп шапқанынан басқа содан кейінгі бір-екі мыңжылдық ішінде жылқы мінуді физикалық спорт пен көлік қана емес, оны ақыл-ойды дамытатын зерделік спортқа да айналдырып, ойлау мәдениетін орнықтырғанының тағы да бірден бір куәлігі!

Мәселені шешудің байыбы. Шынтуайтына келгенде, біз мәселені қолдан жасап жүрміз. Дәлірек айтсақ, бұл ойынның нашар зерттелу кесірінен ХІХ ғасырдың 70-жылдарына дейін қалай аталғанын да білмей келгенбіз.

Құмалақ – кейбір азаматтар айтқандай «ұлттың коды» емес, оның құлдық коды. Қазақтың гендік те, ұлттық та коды – алтымыңжылдық тарихы мен Ботай мәдениетін қалдырған – жылқы жарықтық! Біз бодан болған күннен бастап жылқы-кодтан ажырап, пышыраған құмалақ-кодты тұтынуға көштік. Ондай жалған кодтан ажырау егемен болған елдің ең бірінші шаруасы болуы керек еді.

Ойын сонда қалай аталған? Тоғызқұмалақ ойынын байқап алғаш рет тарихта хатқа түсірген патшалық Ресейге қарасты қырғыздың Тоқмақ қаласын басқарған, жергілікті халықтардың тұрмыс-тіршілігін бақылап зерделеген этнограф Г.С. Загряжский өзінің «Тогуз-ад (казахская игра)» атты шағын сипаттамасын 1874 жылғы «Туркменские ведомости» жаршысының №29 санында «Быт кочевого населения долин Чу и Сыр-Дарьи» атты көлемді еңбегінің аясында келтіріп өткен. Осы еңбек арқылы ойынның ХІХ ғасырдың 80-жылдарына дейін «тоғызат» аталғаны мәлім болып отыр.

1887 жылы орыс географы әрі этнографы А.Н. Краснов өзінің «Очерк быта Семиреченских киргиз» атты жазбасын жариялап, қазақтың зерделік ойынына қатысты былай баға беріпті: «Тогызкумалак очень остроумная игра, заставляющая киргизь ломать голову не менее, чем у нас шахматы. В перевод на русский тогузь кумалак значит девять катышков баранего помята – название прямо показывающее, что это изобретение принадлежит исключительно кочевникам». Мазақ болуымызға сұранып тұр емес пе?! Шамасы, автордың бұл еңбегі шыққан кезде бодандыққа ұшырай бастап, көшпелі құндылықты тәрк еткен отырық сананың орныға бастағанын аңғара аламыз; халқымыздың танымы мен болмысы өзгеріп, ойынның да бұрынғы аттылы-мәдени мазмұны көмескі тартып, номадтық «тоғызат» атауынан «тоғызқұмалақ» болып өзгергендігі байқалады емес пе?! Ресей зерттеушілерінің тағы бірі - этнограф Н.Пантусов «Киргизская игра тогузкумалак» атты мақаласын 1906 жылы жариялады, ойын мұнда да «тоғызқұмалақ» аталды. Одан бергі еңбектердің бәрінде осы атау орнықты. Орныққаны өз алдына, оны мақтаныштың тиегіне айналдырдық. Одан басқа шарамыз да жоқ еді. Сондай ойынның барына мәз болдық, қалпына келтірдік, ресми қолға алдық. Тіпті, «құмалақ» сөзі арқылы оны «шопандар алгебрасы» деп пиар жасадық. Осыдан келіп, құмалақты ұлттық код ете бастадық. Шын мәнінде тау-таста табылып жатқан бұл ойынның тасқа қашалған тақтасы солай тұжырымдауға негіз бола ма, жоқ па, онда шаруамыз болмады.

Енді тоғызат ойынын зерттеген, зерделеген, оны қалпына келтіруге қатысқан авторларға сөз берейік.

С.Аманжолов [«Тоғызқұмалақ (қазақтың ұлттық ойыны)», Сәрсен Аманжолов және қазақ фольклоры / Жауапты ред. әрі құраст. А.С. Аманжолов. Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2004.]: «В указанных 18 лунках, в каждую до начало игры кладется по 9 кумалаков (всего - 162), во время игры в момент хода их называют конями».

Т.Сұлтанбеков [Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ. А., Қазақстан, 2001]: «В тогузкумалаке есть два названия, связанные с лошадьми. Появление этих названий доказывает, что игра явилось ярко выраженным проявлением казахской действительности. «Конями» называют кумалаки во время игры...». Аталмыш дереккөздер де «тоғызаттың» пайдасына сөйлеп тұр.

Тоғызқұмалақ ойынының құрылымына зер сала отырып, оның салаттылар өмірінен ажырағысыз мәдениеттен хабар беретініне куә боламыз. Атаулар мен ұғымдар негізінен жылқыға, аңшылыққа және көшпелі өмір салтына қатысты. Аталмыш ойындағы отау атаулары қазақ, қырғыз, қарақалпақ халықтарында сәл өзгерістері болғанымен, әуелгі тұтас мазмұнға барынша жуық әрі бірін бірі толықтырады. Оны төмендегі кестеде берілген ұяшық атауларынан [Сұлтанбеков Т. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ. Алматы: Қазақстан, 1967.17-21 беттер], [Орозобаков Т., Чылымов А. Тогуз коргоол. – Бишкек, 1997. 12-бет] байқауға болады.

Белгілі тілтанушы, әдебиеттанушы, фольклорист, Сәрсен Аманжолов өзінің 1936 жылы «Тоғызқұмалақ» еңбегінде 9-ұяшықтың «Аққасқа» деп те аталғанын жазады.

 

Отаулар Қазақша Қырғызша Қарақалпақша
№ 9 отаумаңдайоозкуу моюнмаңлай
№ 8 отаукөкмойынкөк моюнкөк моюнкөк мойын
№ 7 отауқандықақпанэки тиштиэки тиштиқаңлы қақпан
№ 6 отаубелбасарак колтукак далыбел басар
№ 5 отаубелбелбелбел
№ 4 отауатсыратардалыбелдин алдыатсыратар
№ 3 отауатөтпестекилдек уйжаман үйат өтпес
№ 2 отаутектұрмасат өтпесат өтпестектурмас
№ 1 отауарткуйруккуйрукарт немесе таңлық

 

Бұл ойында барлық отауы дымсыз қалған ойыншының жағдайын «атсырау» ұғымымен атайды, бұл – атсыз қалу дегенді білдіреді. Егер де ойын барысы атқа байланыссыз болғанда, оны «құмалақсырау» немесе «тассырау» секілді ұғымдармен беруге болар еді. Демек, ойынның басты атрибуты да ат болғаны және бір кезде «тоғызат» аталғандығы да осыдан көрінеді; атсыз қалған өмірдің аттылы қоғамда тұл екендігін білдіріп, үдерістің бұл ахуалы ойынды аяқтауға апарып тірейді. Тіпті, ойын кезіндегі жүрістің «көшу» (домалау емес) етістігімен айтылатыны да [Түркологиялық зерттеулер. – Астана, «Сарыарқа» баспа үйі, 2012. – 537-бет] тоғызқұмалақтың «көшпелі» болмысын аша түседі. Бұдан әрі ойынның тұрпаты мен болмысына түсініктеме беру артық етеді.

Қазақ та, қырғыз да «құмалақтан» құтылғысы келмейді, қырғызша «тоғызкоргоол» атауындағы «коргоол» сөзі маңғолша да «құмалақты» білдіреді. Бұған аракідік жиналғанда, «құмалақ» сөзін күлкіге айналдырып, балалардың өзара мырс-мырс күлетінін, оларды өзге ойнамайтын балалардың мазақтайтынын өңірлердегі бас бапкерлерден естіп жүрміз. Бұған орысша қалыптасып келе жатқан тоғызқұмалақшыларды «кумалашники» дейтін орысшасының өзі-ақ айтып тұр. Қысқасы, өспірімдерді атаумен шошытуға негіз қалыптасқалы қашан. Тіпті, «тоғызқұмалақ» деген шұбатылған ойын атауының бала түгілі өзге жұрттың тілі зорға келетінін ескермей қоя тұралық.

Тоғызқұмалақтың әлемге таралуына оның атауымен қоса жүретін «қара пиары» кедергі болады. Әрбір сұраған жұртқа баламасын «бараний помет» десек, қандай күлкіге «кенелетінімізді» шетке шыққан ойыншылардың өзі-ақ айтып жүр. Белгілі тоғызқұмалақшы әрі зерттеуш, Мақсат Шотаев [«Шетелге шыққанда ойынның атауының мағынасын ашуға ұяламыз» - https://abai.kz/post/13778] ойынның атауы жөнінде былай дейді: « 2006 жылы біз Лондон олимпиадасына барар кезде, қай атаумен апарамыз, қайткенде оның мән-мақсаты бұзылмай жетеді деген талқы болды. Бірақ, сол кездегі тоғызқұмалақшылар осы атауда қалғанын қалап, атау турасында зерттеме жасап, теориялық жағын бекіте түсуге уәде берген еді. Бірақ, ол уәде орындалған емес... Шетелге шыққанда ойынның атауының мағынасын ашуға ұяламыз да, «құмалақ» сөзін аударсақ, бірқатар шетелдік әріптестердің мыйығына күлкі үйіріледі. Испандар, немістер, түріктер сұрағыштайды. Амал жоқ, оларға қойдың нәжісі екенін аударуға тура келеді, сосын олар оның ойынға не қатысы барын ұқпай дал болады...»

Шынтуайтында, «құмалақ» сөзі қой-ешкінің,түйенің,қоянның нәжісі деген ұғымды кейінірек жұқтырған, бұл сөз қума+лақ тіркесінен туындаған кәдімгі «домалақ» (шарик) ұғымы болатын. Жарайды, ойынның «тоғызқұмалақ» атауын аластап керек емес, қолданыста бола берсін, егер соншалықты одан ажырау қиын болса... Бірақ ресми түрде, тіпті, ғылыми симпозиум арқылы болса да, ойынның ежелгі «тоғызат» атауын күлкіге ұшырамай тұрып, қайтаруды қолға алған абзал. Оған себеп пен дәйектерді келтірдік.

Сонда «тоғызат» не береді? Бұл шынымен де – өзекті мәселе! «Құмалақ» сөзін айтуға да, мағынасын ашуға да қолайсыздықтан құтқарады. Алтымыңжылдық өміршең ұлттық кодымызды қалпына келтіріп, түбі бір миллиондаған түркілердің ойынды «тоғызат» атау арқылы бірден ықыластарын оятамыз. «Ат» сөзі барлық түркіге таныс, ортақ. Түркілерге таралған ойынды, одан ары әлемге тарату аса жеңіл болмақ. Кешегі сақ пен ғұнның тікелей ұрпағы екеніміз, хандық мемлекет тұрпатының осы ойынның астарындағы мазмұн болып тұрғанын айтсақ, зерделік ойынды әлемдік абырой күтіп тұр. Ең бастысы, ойынның атауында – оны дамыту мен таратудың стратегиясы бұғып жатыр. Соны ескеру керек.

С.Ерғали, Тоғызқұмалақ федерациясының Астана қалалық филиалының атқарушы директоры.


Серік Ерғали

Публикации автора

Қазақтың тұңғыш Олимп чемпионы

Төріктер өркениеті: монша мен кәріз құбыры

Ыбырайым батыр

Мамира – СМЕРШте қызмет еткен жалғыз қазақ қыз

Ташкент – Қазақ хандығының ордасы

Ауған асқан Тақан атаның хикаялары

Топ-тема

Другие темы

СПОРТ | 14.12.2024

Бельгия — фаворит. Мы — в аутсайдерах

ИНТЕРВЬЮ | 14.12.2024

Алексей Шемес: Я искал Спилберга!

НОВОСТИ | 13.12.2024

Токаев подписал указ о награждении энергетиков

НОВОСТИ | 13.12.2024

Что построят вместо резиденции президента в Актау

НОВОСТИ | 13.12.2024

Уволить акима района в Алматинской области рекомендуют в АДГС

НОВОСТИ | 13.12.2024

ЖК «Французский дом» сносят в Алматы