Общество

Отан алдындағы борыш: Қазақстан армиясына реформа керек пе?

Гүлжан Абайқызы

23.06.2022

«Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді». Қай дәуірдің мақалы екенін кім білсін, әйтеуір, ата-бабадан қалған ескі сөз. Құлаққа сіңген. Бұрын жаугершілік заманда, соғыс уақытында шыққан болуы керек. Өкінішке қарай, бүгінгі бейбіт күнде қолданбасақ та әскердегі жағдайдың ақиқаты осы болып отыр. Соңғы кездері әскерге байланысты келеңсіз жағдайлар көбейіп кетті. Тәуелсіз елінде отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанғандар кебінге оралып келетін күнге жеттік. Кеше ғана кетіп, күн айналмай кебін оранған өрімдей жастардың өліміне кінәліні таппай ата-ана, тума-туыстың көкірегі қарс айырылса, олардың өміріне қорған бола алмаған жауапты органдар ақталып әлек.

Басынан бастайық, Президент жарылығымен әскерге шақыру жыл сайын 1 наурыздан бастап 1 шілдеге дейін жалғасады. Отан қорғауға 18-27 жас аралығындағы азаматтарды шақырылады. Ол күштік құрылымдардың бөлімшелерін мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің қажетті санымен жасақтауға мүмкіндік берді. 2020 жылы мерзімді әскери қызметке 34 мыңға жуық адам шақырылса, 2021 жылы 33 мыңға жуық адам қабылданды. Ал биыл 17 мыңнан астам жас Қарулы күштер қатарын толықтырады деп жоспарланған.Отан... Парыз... Азамат... Осы бір сезімдерді әскерге алынған жастар жүрегімен сезініп жүр ме? Әскерге бару батырлық емес борыш екенін ересектер қалай түсіндіре алып жүр? Өйткені бейбіт күнде батылдық дегеннің қадіріне жас түгілі кейде жасамыс та жетпей жататыны рас. Ал психологиялық жағынан толық орнықпаған, оған қоса жастықтың алды-артын пайымдай бермейтін албырттығы басым кезеңде әскерге алынған жастың талабы мен тауы шағылып, әлімжеттіктің құрбаны болуы ақылға сыймай барады. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 10 жылда 200 мыңдай сарбаз өзіне «қол жұмсаған» сонда жылына елімізде 20-дан астам болашақ әскер суицид жасайды екен.

Әскердегі әлімжеттікпен қалай күресеміз?

Әскерде әлімжеттік бар. Болған. Мұны әскер қатарына барып келген аға буын да, тәуелсіздік жылдарында отан қорғау борышын атқарып келген азаматтар да мойындайды. Мойындамай отырған тағы да сол жауапты орган. Сонда әскердегі әлімжеттікпен қалай күресеміз? Бейбіт күнде сарбаздар неге өлім құшады?

 «Бұл жерде әскери бөлімнің басшылары дұрыс жұмыс жасамаған. Тәртіп жоқ. Арасында бір апта да өткен жоқ, әскерге жаңадан келген жас адамның өзіне текке қол жұмсауы мүмкін бе? Бес күннің арасында сонша соққыға жығуы – сорақылық. Бұл бір ғана жағдай емес, неге қайталана бергені идеологияны қолға алу керек екенін ескертеді. Әр әскери ұжым үш кезеңнен өтеді, 1-кезең адаптациядан өту, бір-бірімен танысу, жолдастық кездесу, 2-кезең көзқарастарын орнықтыру, 3-кезең пассивті сарбаздарды белсенді болуға тәрбиелеу. Біздің кезімізде осындай идеологиямен жұмыс істедік» – дейді запастағы полковник, әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов.

Алматы, Маңғыстау облыстарындағы әскери бөлімдерде аз уақыттың ішінде бірнеше рет қайталанған сұмдық жағдай қоғамды алаңдатты. Заңгер Марат Башимов, әскерге келе сала сарбаздың өмірмен қош айтысуы әскердің беделін түсіргенін айтты. «Кішкентай Қазақстанымызда әскерді дұрыстап ұстауға болатындай, идеологияны дұрыстайтындай мүмкіндік бар. Әрине проблемадан қаша алмаймыз. Бірақ бұл соңғы жағдайларды ақтамайды» деген ойымен бөлісті. Заңгерлің айтуынша, «Командирдің міндеті бастық болу ғана емес, мұғалім болу. Сонда ғана тәртіп болады. Мысалы, әскери бөлімшеге түгел жерден камера қойсақ та бұл проблема шешілмейді. Әскери тәртіпте дәстүр болу керек. Идеология болу керек».

Ал әлеуметтенушылар болса, мұндай оқыс жағдайлар жасөспірімдердің әскерге бару ықыласын төмендетпеуі керектігін айтады. Әрине әскерге шақыру кезінде іріктеу, таңдауда сан қумай, Қазақстан әскерінің құрамы сапалы, салауатты жаспен толыққаны керек. Ал ең осал тұсымыз қолымызға кім түссе, соны шақырып жарымжан әскер жасау дұрыс емес деп сынады. Осы орайда арнайы әскери психологтардың тапшылығы да өзекті мәселе. Қорғаныс саласында терең білімі бар, жан-жақты талқылай алатын, әскерге баратын жасты психологиялық зерттеуден өткізе алатын маман жетпейтіні жасырын емес. Заңгер Жандос Тұяқов әскерге барған аз уақыттың ішінде азамат өзіне-өзі қол жұмсайды дегенге сенбейтінін айтады. «Заңгер ретінде қарайтын болсам, бірнәрсе жасырын қалуы мүмкін. Қазір қандай да бір шешім шығарып, тұжырым жасауға болмайды. Мүмкін кадр жетіспейтін шығар, психолог, дәрігер маман тапшылығы бар ғой. Негізі қателіктің болатыны да осы кадр жетпеуінен деуге негіз бар», – деді.

Ал Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің өкілі Ғани Артықовтың сөзіне сүйенсек, әскери психология соңғы 15 жылда қорғаныс істеріне, қарулы күштері саласына әбден сіңісті болған сала. Бұрын ол тек батыс елдерінің тәжірибесі ретінде қаралса, қазіргі уақытта сарбаздарды сыннан өткізуде тиімді тетік екенін айтады. Әйтпесе осы әскери психология болмағанда сарбаз шығыны бұдан да көп болар ма еді дегенді алға тартады. «Жас адам 17 жасында мектеп қабырғасында жүріп, әскерге шақырылған кезде әскери пункттен бір өтеді, бүкіл полиция, мұғалімнен анықтама қағазы мен мінездемесін алдырамыз. Одан соң осы жинаған анықтамалар арқылы бір жылға дейін сұрыптаймыз. Мінезіне, денсаулығына қабілетіне қарап, бөлеміз. Мысалы, мынау шекара қызметіне, мынау ұлттық ұланға, шабыуылдаушы десантқа барады деп психологиясына қарай бөлеміз. Өйткені мінездемелерде біреуі баяу, біреуі шапшаң, ұяң, жігерлі дегендей. Бастысы денсаулығы мен біліміне қараймыз. Бұл мектеп жасында жүргенде алдын ала тексеру. Ал баратын жылы аудандық, облыстық деңгейдегі тексерістен тағы өтеді. Одан соң бөлінген әскери бөлімшенің командирлері келіп, тағы тексеріп қарап алады. Осындай бірнеше електен өтеді. Психологиялық бейімделу, төзімділік тестерінен өтеді. Психологиялық тестің өзі 3 түрі болады. Екеуі жазбаша, біреу компьютермен», – дейді Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің өкілі Ғани Артықов.

Көктемде мерзімді әскери шақыру тізіміне ілігіп, әскерге барар-бармастан жас өмірін қиған сарбаздар өлімінің ізі суымай жатып, қайғылы оқиға тағы қайталанды. Соңғы жағдай Маңғыстау облысы бойынша Шекара қызметі департаментінде мерзімді қызмет әскери қызметшісі өлімге «бас тіккен». ҰҚК мәліметі бойынша сарбаздың өліміне әскери борышын өтеу кезіндегі қиындықтар емес, отбасылық жағдайлар себеп екен. Ал Қорғаныс министрі болса, сарбаздың өліміне тек армияны кінәлау қате дегенді айтып, бір шулатты. Сонда еліміздің тыныштығын күзететін азаматтардың дені сау болғанымен, санасы сау емес деген сөз бе? Оларды қоғам алдындағы жауапкершілікке тәрбиелеу тәуелсіз Қазақстан әскерінің міндеті емес пе? Өйткені тәуелсіздік жылдарының соңғы 10 жылында 200-ден астам өмірін қиған сарбаздың өлімі бізге сабақ болмай тұр ма? Қорғаныс министрлігіне шынымен идеологияны қолға алып, әскери салаға реформа жасайтын уақыт келген секілді.

Балам әскерге барғысы келмейді...

Бұл бағытта отбасы, ата-ана не істеуі керек? Ұрпағын Отан-Ана алдындағы парыз сезіміне тәрбиелеу отбасынан басталатыны ақиқат. «Баласы атқа шапса, анасы үйде тақымын қысады» деген мәтел текке айтылмаса керек-ті. Ұл тәрбиелей отырып, жер мен елдің иесін өсіріп, жігіттік болмыс-бітім, мінез-құлық қалыптастырудағы ана тәрбиесінің дәстүрі үзілгелі қашан? Ал сәл қиындыққа сынып кетпейтін шыдамдылық өмір көрген әкенің тәлімін қажет етеді. Тәуелсіздіктің тыныштығын еркін ұрпақ өз еркімен күзетпесе, міндеттеу осындай апатқа ұшыратары хақ. Елдің ертеңін санасы да дені де сау, салауатты, салиқалы ұрпақтың қолына сеніп тапсыру неге қиындап кетті. Оған тек әлеуметтік жағдайдың қиындығы ғана себеп пе?

Фотосурет ашық дерекөздерден алынған


Гүлжан Абайқызы

Публикации автора

Қазақтың жаны — жайылым жері. Жер комиссиясы не шешіп жатыр?

Мемлекеттік басқару жүйесі. Үкіметтен министрлікке

МӘМС & Медицина

Елде бизнес ашуға кедергі көп пе?

Шетел асқан қаржылар. Экономистер не дейді?

Қымбатшылыққа кім тосқауыл бола алады?

Топ-тема

Другие темы

АНАЛИТИКА | 26.04.2024

В этот день. Трагический календарь

ГЕОПОЛИТИКА | 25.04.2024

Ильхам Алиев заявил, что в случае «серьезной угрозы» его страна примет «серьезные меры»

ОБЩЕСТВО | 24.04.2024

Вспомнить всё…

АНАЛИТИКА | 24.04.2024

Тик-так для «Тик-Тока»

СПОРТ | 24.04.2024

Елена Рыбакина выиграла Гран-при Porsche по теннису

КУЛЬТУРА | 23.04.2024

Сказ о Самсон-батыре. Как губернатор Туркестана выручил Париж