Бұлайша сөз бастауымызға себеп болған батыс қазақстандық күйші жігіттің қазақ өнеріне деген жанкештілігі. Бүгінде қазақтың қасиетті домбырасын құшақтап құрлық асып бара жатқан Асқар Кенжеғалиев АҚШ-қа күллі қазақ өнерінің құдіретін арқалап бара жатқандай.
Домбырашы-ұстаз Асқар Кенжеғалиев республикалық Күйшілер Одағының БҚО филиалының төрағасы, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы жанындағы «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің жетекшісі. Өнерде біраз биікті бағындырған Асқар үнемі ізденіс үстінде жүреді. Қалыпқа сыймайтын, арнасынан асып-төгілген ұлы ағыс - ұлт өнерінің түбінен маржан теріп, жарқырата бергісі келеді.
Өз отандастарымызға емес сонау шетел асып, шетте жүрген қаракөздерге домбыраның қоңыр үнін жеткізу турал ой осыдан жеті жыл бұрын келген екен. «Негізінен бұл идеяны осыдан жеті жыл бұрын облыс әкімдігіне, мәдениет басқармасына ұсынып, Ресейдегі, АҚШ-тағы немесе басқа да шетелдердегі қандастарымыздың домбыра үйренуіне жағдай тудыру, курстар ашу, методикалық нұсқаулықтар дайындау және аспаптармен қамтамасыз етуге қолдау сұраған едім.
Ол кезде нәтиже болмады. Екі-үш жыл бұрын республикалық Күйшілер Одағы ашылған кезде Одақтың БҚО-дағы жетекшісі ретінде біраз ұсыныстарымызды тізіп, сол кездегі өңір басшысына бердім. Оның ішінде де шетелдегі қазақ ұландарына домбыра үйрету кластарын ашу туралы ұсыныс болды» дейді домбырашы өз сөзінде. АҚШ-тың Техас штатындағы ең үлкен қалай Хьюстонда қаласында ашылған тұңғыш қазақ мектебіне 10 жылдай уақыт болып. Асқар Кенжеғалиев осы мектепте жұмыс жасайтынын қандастарымызбен танысып, хабарласып, өз ұсынысын да жеткізген екен. Ата жұрттан жеткен мұндай сүйінші жаңалыққа шетелдегі қандастарымыз қалайша қуанды дерсіз?!
Сонымен уәде берілді. Ал уәде Жаратқанның екінші аты емес пе? Сабақты ине сәтімен. Осы тұста Елбасының «Ұлы даланың жеті жарғысы» мақаласы шығып, «Ұлы даланың фольклоры мен музыкасының мың жылы» бағыты бойынша ұлттық музыканы насихаттау мақсатында кең көлемді шараларға алтын көпір болды. Өзбекстан, Австрияға гастрольдік сапар жоспарланып, АҚШ-да тұратын қазақтарға домбыра аспабын үйрету үйірмесін ашу бойынша қызу жұмысты бастап кеткен еді. Алайда былтырғы әлемдік пандемия, оның үстіне қаражаттың жетіспеуі арналы іске біраз қол байлау болғаны да рас. Бірақ қарагер домбыраның құдіреті күйшіні босқа отырғызбады. Әлем пандемияда терезеден алаңдап отырғанда, Асқар АҚШ-тағы қаракөздерге онлайн-сабақ жүргізіп, саф өнердіңқыр-сырын үйрете бастады. Әрине мұхиттың арғы жағындағы балаларға ұлттық аспапты үйретудің өзіндік қиындығы болды. Әсіресе бірі қазақ тілінде, бірі орыс тілінде, тіпті ағылшынша ғана түсінетін жас домбырашыларды біріктірген ұлттық муызка үні болды.
«Онлайн сабақ жүргізу деген таңсық емес қой негізі. Бірақ бұрын-соңды қолдарына домбыра ұстамаған балаға домбыра ойнауды меңгертуде, соның ішінде дұрыс отыру қалпын, қолдың қойылымын көрсетуде қашықтан үйрету қиындау тигені рас. Сабақ үш тілде жүрді ғой», дейді күйші.
Онлайн домбыра үйретудің әдістемелік бағдарламасы жоқ. Осы істі бастауда тек өзінің осы саладағы 20 жылдық тәжірибесіне сенген Асқардың алар асуы да, арманы да мол еді. Қашықтан-ақ сабақ бере жүріп, көзінің жеткені қаракөздер бір ай ішінде нәтиже шығара бастады. Өзінің айтуынша, «Біз – өмірдің гүліміз», «Еркем-ай» сынды әндерді және «Кеңес» күйін бір ай ішінде үйренді. Сонымен қоса қызығушылықтарын ояту үшін ағылшын тіліндегі «Jingle bells» әнін домбырамен сүйемелдеп орындау туралы берілген тапсырманы тез үйренген.
Айта кетейік, бұған дейін Орал қаласында жұмыс сапарымен болған америкалық азаматтардың қазақтың құдіретті аспабына деген қызығушылығы да, құштарлығы да ерекше еді. Күйші Асқардан дәріс алған олар ұлттың үніне ұйып, күй құдыретін сезіне білді. Сол арқылы қазақ халқының қасиетін таныды. Ендеше өзге елдің азаматтарын тәнті еткен асыл мұрамен шетте жүрген қаракөздерімізді неге сусындатпасқа? Осы бір ұлы арман домбырашының көкейінде жүргелі біраз болды. Енді, міне, жаңа жыл қарсаңында мұхиттың ар жағына сапар шегіп, ұлттың үнін, қазақтың сазын, ұлттық аспабын аңсаған қандастарға жетпекші. АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында болашақ домыбаршылар ансамблі Асқар күйшіні күтіп отыр. Өйткені шетелдіктердің қолдарына сазсырнай, сылдырмақ, шаңқобыз сынды аспаптарын ұстатып, ансамбль ұйымдастырсам деген арманын орындау үшін бар білім-білігін салмақ. Ұлы даланың асыл мұрасын арқалап, құрлық асқан Асқар күйшіге сәттілік тілейміз.