Общество

Бір күнде қолға екі рет түскен желтоқсаншының әңгімесі

Серік Ерғали

16.12.2021

Желтоқсан көтерілісіне биыл 35 жыл толады, бірақ азаттықтың алғашқы жалауын көтергендер дербес түрде әлі күнге өз бағасын алған жоқ, тәуелсіздік тарихына толықтай енбей келеді. Соның бірі – Жанатбек Жақып. Ол Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар тізіміне де әлі күнге ілікпеген.

«Желтоқсан оқиғасы басталғанда «Қазақфильм» киностудиясында қызмет едім, – дейді ол. – 17 желтоқсан күні жұмысқа ертеңгісін келсем, қызметтестерім абыр-сабыр болуда. Бәрі жамырасып: «Жаңа алаңда не болып жатыр, көрдің бе?» – деп сұрақ жаудырды. Олар түнгі пленумда Қонаевты орнынан алып тастағаны туралы ашу-ызамен жарыса жеткізді. Жолдастарымның көздерінде – от. «Онда не тұрыс, жігіттер, кеттік», – дедім. Апыл-ғұпыл сыртқа шықтық. Бастықтың кім келіп, кім кеткенін бақылауға әдейі ашып қойған есігінің алдынан бір топ жігіттер төменге түстік.

Алаңдағыларға Фурманов пен Ленин көшелерінің арасында қосылдық. Оларды біз келгенге дейін ішкі әскер милициясы Ленин көшесіне қарай ығыстырып әкелген екен. Жаңа қосылған біздерге бір-бір үгітші пайда болды. Бәрі: «Қайтыңдар, сендердікі дұрыс емес, партияныкі дұрыс, оған қарсы шығуға болмайды», – деп жарыса айтып жатты. Арамызда КГБ-ның жігіттері де қолдарына қызыл байлаған, «кезекшілер» толып жүр. Ашынған халық олардан еш сескенбеді. Іштегі айта алмай жүргендеріне ерік беруде. «Біз – орыс империясының құлымыз. Құлдықтан құтыламыз және тәуелсіз ел боламыз», – дедік. Орыс империясының бізге істеген қиянаттарын жіпке тіздік. «Ашаршылық жасап 3 млн қазақты қырды. Оларға біздің жердің байлығы керек», – дегендей жанайқайымызды жеткізіп жатырмыз. Алаң ашынған адамдар мен үгітшілердің пікірталасына қызып кеткендей.

Бұл тұрыстың бекер тірлік екенін сезген халық жаңа алаңның өзіне жылжыдық. Біздің алдымыздан милициялар «тірі шеп» қойды. Біз тоқтамадық. Милиция шептері үзіле берді. Дәрменсіз милиция киімдегілер жылдам жүгіріп барып Фурманов көшесінің Ленин жағын ала сап түзеп шеп құрыпты. Милицияның артқы жағынан үгітшілер мен жансыздар қатарласты. Көтерілісшілердің алдыңғы қатарында жүрген, «Қазақфильмнен» келген 10 шақты адам ұйымдастыра бастадық. Комсорг маған мұндайда шегіншектеу жараспайды. Топтың алдында жүріп басқаруда болдым. Мені аңдумен болған бір КГБ-ның орыс жігіті қолымды теріс айналдырып (менен мықтырақ екен), алаңда мінбер маңында тұрған сары ППМ (көшпелі изолятор) машинасының ішіне күштеп апарып кіргізді. ППМ-нің ішіндегі майор армян: «Кім ұйымдастырып жүр, не жетпейді сендерге?», – деген сұрақтарын үдетіп жатыр.

ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛ:

Көңілде мәңгі сыз қалды

Терезеден қарап отырған маған көтерілісшілер жақтан жандану байқалды. Офицер сұрағына автобус сыртындағылар: «Аналар мынаны жіберсін деп жатыр», – деді. Майор болса: «Жоқ, бұл жігіт енді көпке отырады», – деді. Осы кезде шерушілер милиция шептерін бұза бастады. Шепті бұзып, Фурмановтың екінші бетіне өтті. Текетірес енді нағыз алаңның шетіне ауысты. ППМ-ге артынша ұйымдастырушылар деп саналатын адамдарды бір-бірден әкеле бастады. Қара тоны сөгісінен жыртылған Арыстанды әкелді. Артынан Қабдрахманды әкелді. Сөйтіп ППМ ішінде қамалған 8 адам болдық. Екеуінен басқасы «Қазақфильмдіктер» еді.

Жарты сағат уақыт шамасында көтерілісшілер мен милиция арасында уақытша келісім орнап, олар біздерді босататын болып, көтерілісшілер өз позицияларында тұратын болыпты. Солай істелді. Біз бостандық алып, өзіміздің топқа қосылдық. Біз келіп қайта қосылғанда көтерілісшілерді енді топ деуге келмейтін лекке айналды.

«Қазақфильмнің» қыз-жігіттері жиналып, ақылдастық. Ортақ ойымыз – бастығымызға сөз келтіріп алмас үшін жұмысқа бір көрініп алып, алаңға қайтып келу. Сөйтіп барлығымыз алаңды тастап жұмысқа оралдық.

Алаңға күндізгі төрттен кете қайта оралдық. Арамызда күндізгі көріністен соң жүрегі дауалап келе алмағандар да болды. Алаңды ертеңгі ішкі әскер ғана емес, қалқан-тоқпақтары бар темір дулығалы солдаттар екі-үш қатар болып, қоршап тұр екен. Телевизордан көретін қорқынышты көріністер көз алдымызға келді... Алаңға жібермеді. Шеп бұзудан хабарымыз бар, жарып, ішке өттік. Алаңдағы қыз-жігіттер тәртіп сақтап, қарсысындағы қалқан мен шоқпар ұстаған солдаттардың алдында олар да шеп құрып тұр екен. Бізді олар қатарларына алды, бәріміз қол ұстасып тұрмыз. Алдымызда бір жігіт домбыра алып, қазіргі әнұранды – «Менің Қазақстанымды» сүйемелдеп, бізді басқаруда. Патриоттық әндердің бірнешеуі шырқалды. Команда бойынша түгелдей жерге отырамыз, біресе түрегелеміз. Шерудің бейбіт мақсатта өтетінін, диалогқа келу мүмкіндігін білдіргіміз келеді. Арт жақтан Қазақстан, Тәуелсіздік туралы ұрандар естіледі.

Біздің ұстанған тәртіпті шебіміз енді әр жерден үзіле бастады. Көтеріліс жақтан солдаттарға қарсы қар, мұз, мрамор сынықтарын лақтыра бастады. Бірнеше жігіт, соның ішінде мен де бар, топтың алдына жанұшыра жүгіріп шықтық. «Жігіттер тас лақтырмаңдар. Лақтырған жігіттерді ұстандар, олар – арандатушылар. Бейбіт шеруді олар әдейі басқа мақсатқа пайдаланбақ! Қарсыласу басталса, үкіметтегілермен ешқашан келіссөз болмайды», – деп жиналғандарды тәртіпке шақырдық. Қанша дауыс жырта, шеп жағалай жүгіріп, айқайлағанмен бассыздықты жүгендеу мүмкін болмады. Олар шынында билік тарапынан біздің арамызға кірген арандатушылар еді. Қырғынның біз жақта да (мінбердің Фурманов жағы) басталатыны анық бола бастады. Біздер де, солдаттар да текетірестің болатынын анық сездік. Солдаттар арасына бір орыс старший лейтенант әр он солдат сайын жүгіріп, командасын ауызша тарата бастады. Солдаттар дегеніміз – 18-20 арасында өрімдей жас жігіттер. Естіген командасынан өздері де шошып тұр. Біз енді жақсылықтың болмасын анық сездік.

Солдаттар каскаларынының әйнегін түсірді. Бір кезде қалқан дубинкаларын көтере «уралап» бізге қарсы шапты. Өз халқына өздері шапқан солдаттардың мына келбеті басымыздағы бұрынғы қалыптасқан «Қызыл Армия солдаты» туралы түсінікке сәйкес келмеді. Солдаттардың да күндегі тірлігі емес. Көздерінде қорқыныш. Бізге шауып келе жатыр демесең, әрең қорқақтап, шауып келеді. Шептің бірінші қатарында тұрған мен көршілерімнің қолдарын тастай сала солдаттарға ұран сала шаба жөнелдім. Артымнан қыз-жігіттер де қосылды. Біз – жалаң қол, олар – қарулы. Нағыз қырғын. Біресе солдаттар, біресе біздер шегінеміз. Бірінші осы тайталастан соң-ақ қолдарымыз қанжоса қан болды. Тоқпаққа да үйрендік. Денелеріміз, қолдарымыз ауырмайтын сияқты.

Арамыздан бір қыз солдаттарға қарай атып шықты. Арамыз 15-20 метрдей жер. Қыздың артынан бір жігіт қоса барды. Қыз әбден ызалы. Солдаттарға барып: «Сендер өз халқыңа неге қол жұмсайсыңдар?», – деп арасындағы қазақ солдаттарын жұлқылай бастады. Сол кезде арасынан біреуі шығып қыздың маңдайынан резеңке тоқпақпен бір соқты. Жанындағы жігіт құлаған қызды тосып алды. Бұл көріністі басынан бақылап тұрған мен «өзімді бақылауды» әбден жоғалттым.

«Шешелетіп» бір боқтадым да, солдаттарға жалаң қолмен тағы жүгірдім. Артымнан жігіттер қосылды. Әскери офицерлер мінбеден дауыстағышпен: «Поймайте в белом шарфе!» – деп айқай салып пәрмен беріп жатыр. Мойнымда ұзын тізеге дейін созылған аппақ мойыншалғым болатын. Қаныбек деген бауырым сыйға кигізген. Оған оны орыстың көзі тірі атақты режиссері Андрей Михалков-Кончаловский берген-ді.

Солдаттардың енді бір көздері менде. Майдан қайта басталды... Бір кезде жиырма шақты солдаттың арасында қалай қалып қойғанымды байқамай қалдым. Қолымда – кәдімгі мекеме ішіне орнатылатын өртке қарсы шланга. Басы алюминий, ұзындығы 5-6 метр шланганы басымнан айландыра боқтап-сыбап, ұран салып келемін. Дауыстағышпен: «Поймайте в белом шарфе», а – дегенін естігенімде қақпанға бір-ақ түскенімді анық сездім. Бір кезде шланганың алюминий басы бір солдатқа тиді де дұрыс айналмай қалды. Екінші-үшінші солдатқа соқтыққанымда түкке жарамай қалды. Тастадым да жұдырыққа көштім. Шеңберлеп, солдаттар қысып келіп, соққының астына алды. Ойлары – мені естен тандыру. Байқағаным: тоқпақпен ұрғаны шыбын сияқты. Басымда – түсіріліп байланған қара суыр тымақ. Еш жерім ауырмады. Әбден ызаланған олардың да аузынан көк көбік шашылады. Тоқпағы дәл қарақұсқа тиген біреуі мені сұлатты. Тымақ сыртынан тиген соққы есімнен алмаса да, буын-буынды алды. Аяғым бүгіліп кетті. Ызаланған солдаттар құлаған денеден өршелене кектерін алуда. Есім бар, аяқ-қолым іске жарамайды. Олар тепкілеп жатыр. Бір етік «кірш» еткізіп мұрнымды сындырды. Денемді жылы қан жайлап бара жатты. Тек көз алдымда – солдаттардың керзі етіктері. Ақыры есімнен тандым. Есім трибунаның бүйіріндегі мрамор баспалдақтың тұсында кіре басады. Екі солдат екі аяғымнан сүйреп барады екен. Сүйретілген басым мрамор баспалдаққа соғылып келеді. Олар мені сүйреп әкеліп трибунаның арт жағына тастады. Төрт солдат мені «бір-екі-үш» деп тербеп-тербеп лақтырып жіберді. Мен ұшып келіп, жұмсақ бірдеңелердің үстіне түстім. Байқасам: өзім сияқты естен танғандардың үстінде екенмін. Астымда он бес шақты адамның денесі жатты. Кішкенеден соң үстіме бір адам түсті. Сосын тағы біреу. Менің есім осында толық кірді. Үстіме түскендердің салмағынан демалу қиынға соқты. Тепкіленген қабырғалар өкпемді қысып жатыр. Екі шынтағымды керіп өкпеме жеңіл тисін деп қимылдап едім біреуі: «Ананы қараңдар, жаны кіріп келеді», – деді. Олар мені аяғымнан сүйреп шығарды да, тұрғызып қойып біреуі жұдырықтап ұрды. Құлап барып екіншісінің қолына түстім. Сөйтіп бір тобы шеңберге алып ұрып жатты.

Дүние көз алдымда айналып жатты. Жығылып жүріп, көзім қолдарын кері қайырған қыз-жігіттерге түсті. Оларды ППМ-ға (көшпелі изолятор) тиеп жатты. Қайткенде де ППМ-ға жетпесем тірі қалмайтынымды білдім... Солай істедім де.

Жанұшыра қашып келемін. Артымда солдаттар. Бір ғасыр жүгіргендеймін. Әзер деп жеткенімде, изолятордың тор есігі жабыла қалды. Екі қолыммен тор есікке жабысып қалдым. Солдаттар қанша тартқанымен ажырата алмады. Қолдарымды тоқпақтап ұрғылап жатыр. Бір саусағым шығып кетіпті. Қазір де сол қалпы. Есімнен тандым. Кім, қалай кіргізгені есімде жоқ. ППМ-де екенмін... қыз-жігіттерді аямай тиепті. Екі қолымды шынтағыммен қанат жасап, өкпемнің демалуына жағдай жасап келе жатқанымда есім қайта кірді...Бізді С.Сейфуллин мен М.Мәметова көшелерінің қиылысындағы РОВД-ның стационар изоляторына қолдарымызды қайырып, бір-бірлеп кіргізді. Бұл уақыт кешкі 7-8-дер аралығы еді.

Қамалған күндерім мен тергеу, қудалау жағдайы бөлек хикая. «Көпшілік орындарда тәртіп бұзу» бабы бойынша айып тағылды. Сот шешімі Алматы қаласы Алмалы ауданының сотында тіркеулі, – деп желді оқиғаның қаһарманы Жанатбек Жақып әңгімесін аяқтады.

Жанатбектің әңгімесіне куә ретінде Желтоқсан көтерілісінде бірге болған әріптесі суретші Үміт Жұбанышеваның картинасын ұсындық. Суретте ақ мойыншалғысы бар жігіт оқиғаның ортасында жүр.

Фотосурет ашық дереккөздерінен алынған


Серік Ерғали

Публикации автора

Советтік барлаушы болған алашордашылдың ұлы

Әбілқайыр хан – жалтақ тарихшылардың құрбаны

Қызылдар мен Алашорданы келістірген тұлға

Әбілқайыр ханды өлтіруге тапсырыс кімнен болды?

Қазақ жерін қорыған Мақсұт

Сабантой – түркілердің күзгі мерекесі

Топ-тема

Другие темы

НОВОСТИ | 21.11.2024

Цифровой коридор построят Азербайджан, Грузия и Казахстан

НОВОСТИ | 21.11.2024

Инфляция ускорилась до 8,5% — Нацбанк РК

НОВОСТИ | 21.11.2024

350 млрд тенге заработали производители РК на госзакупках

НОВОСТИ | 21.11.2024

Сенат вернул в мажилис проект бюджета

НОВОСТИ | 21.11.2024

Улицу именем бывшего премьер-министра РК назвали в Астане

НОВОСТИ | 21.11.2024

Львенка пытались продать в Шымкенте