35 жыл бұрын желтоқсанның ызғарынан бұрын саясаттың сызданған ызбарына қарсы тұрған қазіргі менің жасымнан екі мүшелге жас болған аға-апаларымыздың хәлі нешік болды екен? Сәл ызғар тәнімізді қарып өтсе, бүрсеңдей түсетін біз үшін, 86-ның жан шыдатпас қатал да қатігез саясатын ойлаудың өзі қорқынышты. Иә, сол бір жылдың әлі күнге шымбайға батар шындығын ашуға қорқатын боп алдық па? Ащы тарих тағдырына жара салған қаншама жан жүр арамызда. Бірін білсек, бірін білмейміз, іздемейміз. Ол кісілердің де жарыққа шыққысы жоқ.
«Алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін алаңға шыққан жастар саны 20 мыңға жетті», – дейді тұншыға сөйлеген сұхбаттасым. Сол бір жылдарды еске алу, оны қайтадан көз алдынан өткізе айтып беру қайдан оңай болсын? Олар үшін айтуға ауыр әрі қасіретті болса да, кейінгі ұрпақ білу, есту, құрметтеу парыз. Бір ғана жұбаныш етер дүние бар! Ол төгілген қанның, егілген көз жастың өтеуіндей болған - Тәуелсіздік. Міне, сондықтан қазақ елінің тарих талайына жазылған қасіретпен келген қуаныш ұмытылмау керек. Тарих сахнасынан сырт қалмауы тиіс, шындығын жоғалтпауы тиіс. Ал ол шындықты тек желтоқсан құрбандары ғана біледі.
«Енді қазіргі тілмен айтқанда соғыс болды ғой. Бүкіл әскери техника шықты. Солдаттар саптай тізіліп шықты. Жәй ғана солдат емес бес қаруын түгел асынған спецназдар келді. Алпамсадай дәу-дәу өзге ұлт азаматтары аямады бізді. Біз сонда да қасқайып тұрудан талмадық. Тіземізді бүктірді, бірақ рухымыз сынбады», –деп еске алды Мағауия Ғұмаров.
1986 жылдың желтоқсанында алаңға шығып, Кеңес билігіне наразылық көрсеткен жастарды қаһарлы империядан сескендірмеген күш Азаттыққа деген ұмтылыс еді. Бұл - тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жастарының күресі болатын. Дәл осы уақытта желтоқсан оқиғасы туралы еске алып, құрбан болған ұл-қыздар хақында сыр шерте қалсақ, шашынан сүйреген, аяусыз соққыға жығылған, қатігездікпен азапталған қорқынышты кадр әр адамның санасында сақталып қалғаны анық. «Аллажар» фильміндегі кадрлар. Иә, ол кино емес еді, ол сол күннің шындығы болатын.
Айтпақшы мемлекеттік мереке қарсаңында арғы-бергі тарихты қозғайтын тарихи көркем фильм, сериал аз түсіріліп жатқан жоқ. Бұл да тәуелсіздік жылдарының жетістігі. Бірақ сол «Аллажардан» өзге желтоқсан көтерілісін терең ізденіс тұрғысынан көрсететін көркем дүние әлі жоқ. 35 жыл болыпты. Әлде шындықтың бетіне тура қарайтын киномамандар жоқ па?
«Өлі-тірісі белгісіз. Көбін тракторға тиеп апарып қала сыртындағы мусор шұңқырға лақтырып жатты. Солардың арасынан ұлының, қызының сүйегін тапсақ қой деп талай зар илеп, егілген жандар болды. Соларға қарап, түрмеге отырғанымызға да шүкір дедік. Сотталдық, прокурорымыз қазақ, адвокатым да жоқ. Бес жыл жазаға кесілгем, Екі жылын отырып шықтым ғой. Түрмеге кіргеннен-ақ қандай баппен кететінімізді біліп келдік». Осылай деп күрсіне сөйлеген Айткүл Ахметова озбыр солдаттардың қыз балаға әйел, ана деп қарамастан тепкілегенін айтып көзіне жас алды. Соның зардабы талай жанды ұрпақсыз қалдырғанын да жасырмады.
Тарихшылар Желтоқсан көтерілісі азаттық таңы ататын күннің жақындап қалғанын сездірген оқиға деп баға береді. Осыдан кейін Кеңес Одағы құрамындағы елдер ішінде сан түрлі толқулар болды. Ақыры 5 жылдан соң қылышынан қан тамған қызыл империя қирады.
«Сол жыл 16 желтоқсан нағыз қаралы күн болды. Жастық өмірімді жусандай солдырған сол ауыр күндер өмір бойы көлеңкем боп келеді. Әлі күнге көз алдымыздан кетпейді. Итке талатып, дубинкамен ұрып, біз істемеген небір құйтұрқы қылмысты мойындатқысы келді ғой. Тәуелсіздігім үшін жүрегім жарыла қуанамын. Бірақ дәл осы күні мереке деп тойлай алмайды екем», деді жастығын желтоқсанның ызғары қарыған Мұрат Батырбаев.
Не дейміз? Мұрат ағаның айтқанын мойындамасқа амал жоқ. Желтоқсанда от шашу жасап, ас та төк той өткізу, қыруар қаржы жұмсап, мазмұны аз, мәні арзан шаралар бізге керек пе? Қолын жүрегіне қойып, Әнұранымызды патриоттық сезіммен орындап жүрген жас ұрпақ ондай дарақылыққа жол бермеу үшін қандай қарекет қылғанымыз жөн? Еліміздің түкпір-түкпірінде Желтоқсан оқиғасына қатысқан, бірақ өздері көрінгісі келмейтін көзі тірі куәгерлер әлі де бар. Нағыз марапатқа лайық сол жандарды тауып, оларға тағы қандай лайықты құрмет көрсете аламыз? Әйтпесе, қазір желтоқсан тақырыбы көтерілсе, көбіміз қызыл сөзге әуеспіз. Тіпті қасіретті арқалай кеткен өрімдей жастардың тағдырын айта отырып, той тойлаудан да тартынбаймыз. Иә, бір мойындалатын дүние бар. Ол 18 бен 20 жастағы өрімдей жастардың қанша албырт шағы болса да от намыс, өткір мінез, жасын жігерлерінің арқасында тәуелсіздіктің туын көтердік. Тәуелсіздікке тәу еттік. Енді оны көздің қарашығындай сақтау парыз. Олар батыр болайық демеді, уақыт батыр қылды. Сондықтан әлі күнге сол өр қалпында халық жүрегінде сақталып, қазақ тарихының бетіне қатталды.
Фотосурет ашық дереккөздерден алынған