Политика

Тәуелсіздікке 90 күн қалғанда не болды?

Серік Ерғали

08.09.2021

Қазақстанның Тәуелсіздік туралы заңы қабылдануға дәл 90 күн қалғанда қазақ халқы жері үшін күреске түсті. Бұл күрес бір жыл бұрынғы дайындықтан басталды, ештеңе стихиялы түрде болған жоқ. Бұл оқиғаның тарихи маңызы да осында.

Жайықта не көзделді? Кеңес одағы тігісінен сетіней бастағанын сезген қызыл империя жағындағы шовинистік тобырлар оны күшпен болмаса, жасанды соғысты желеу етіп, ыдырауды болдырмауды ойлап, алас ұрғаны белгілі. Оған әрине, әр жердегі ұлттық сепаратизм да арандату ауанын жасады. Соның бір мысалы, Преднестровье оқиғасы еді. Міне, дәл осындай сценарий Қазақстан аумағында да дайындалып, Жайық оқиғасын туғызу арқылы барлық солтұс аймақты Ресейге қосып алуға желеу жасауға шовинистік күштер де, оның идеологтары да (Солженицын, Горбачев) жанталасты. Осындай мақсатқа пайдалану үшін орыс-казак күші іздегенге сұрағандай еді. Бүкілресейлік казачество Орал казактарын айтақтап, сырттан рухтандырып, оралдық казактардың «жан дүниесі» соған түлеп шыға келді де, «орал-казак республикасы» картасын ойнауға кіріскен еді.

Бұған желеу ретінде Орал аймағының казактар күшімен Ресейге көшкендігінің 400 жылдығы дейтін дата жасақталды. Бұл 1991 жылы 15 қыркүйекке келетін еді. Сөйтіп, оны казактардың мейрамы ете отырып, бүкілресейлік казак атамандары қатыстырылып, әлгі «республиканы» жариялап жіберу мақсаты көзделді. Одан арғысы шиеленісіп бара жатса, әскери күштің шаруасы болу керек еді. Сөйтіп мұндай толқын Қазақстанның бүкіл терістігін қамтуы тиіс еді және ол мүмкін де болатын.

Бір қызығы, бұл жайында Қазақстанның ресми басшылығы білгенмен, оны «қоздырмау мақсатымен» ұсақ-түйек нәрсе деген сыңай танытып, «елемеуге» тырысты. Ол кезде ТЖМК-ден (ГКЧП) кейін ыдыраған қызыл империяның құландысында қалған Қазақстан тәуелсіздігін жариялап та үлгермеген болатын. Ал, Ресей үшін бұл қайткенде де жеңіліс бермейтін территориялық ойын еді де, ол идеологиялық-информациялық шоқты ауық-ауық лақтырып қойып, атамандарды айтақтап, тіпті, киім-кешек, қару жағы да бейресми түрде пайда болуын қамтып отырды. Ал, казактар болса, бұдан кәдімгідей «тойдың тойға ұласуына» күдік келтірмей, Орал қаласын басынған үстіне басынып жатты.

ЖАЙЫҚҚА АТТАНУ

«Азат» қозғалысының батыс аймақ бойынша үйлестірушісі ретінде өзіме қарасты 4 облысқа (Орал мен Ақтөбеден басқа) Жайыққа жиналуды айтып, хабар салдым да, өзім Ақтөбе облысы бойынша делегация жасақтауға кірістім. Делегация басшысы ретінде Ақтөбе облыстық «Азат» бөлімінің төрағасы Естай Жайлыбаев тағайындалды. Ал, мен Орал оқиғасына қатысты құрылуға тиіс штаб жасақтау идеясымен жүрдім.

Біздер Ақтөбеден аттанарда барлық мүмкін жағдайға өзімізді де, жанұямызды да даярлап аттанған едік. Шын мәнінде, жігіттер үй-ішімен іштей қоштасып шықты. Өйткені, біз қайда, неге және не үшін бара жатқанымызды жақсы білдік.

Обалына не керек, сол кезде «Азаттың» мүшесі болмаса да, оқиғаның басқару штабының мүшесі болып жеке дара астанадан келгендер – Бақытжан Әділов, Жасарал Қуанышәлин, Орал Сәулебаев, Дәурен Сатыбалдиндер жүрді. Әсіресе, туған ағасын ертіп Шоқай ақсақал, тіпті, 3 жасар қызын жетелеп, Тараздан Хадиша жеңгеміз секілді әйелдер аралас қаптай келген Шымкент, Жамбыл облыстарының делегациясын айтсайшы! Семей, Павлодар, Қызылорда облыстары топ-тобымен делегаттарын аттандырды. Ал, қалаға жіберуге тыйым салынып, оқиғаға атсалыса алмай өкініп кейін аттанған, Атырау мен Орал облыстарының аудандарынан атпен келген сарбаздарды қалай атамасқа! «Аттанайық Жайыққа!» ұранымен Оралға жиналғандар «Азат» қозғалысы мүшелігінің шеңберінен шығып, бүкілалаштық мәнге ие болған отаншыл құрама болатын. Сол себепті де, оқиғаны басқарып, барлық жағдайды қолға алып, жауапкершілікті өзіне жүктеген орган құру жөніндегі ұсынысым қабылданып, штаб құрылды; оны сол кездегі Оралдың саяси ағарту үйіне орналастырған едік. Штаб құрамы он үш мүшеден жасақталды.

ОРАЛДАҒЫ ОҚИҒА

Жайыққа ел түкпірінен жиналғандар 13-қыркүйектен қалмай келіп болды. Сол кезде ешбір қаржының жоқтығына қарамастан, елдің жағдайы кеңестік қордың әлі де әлсіремей тұрған кезі еді. Келген жұрт қонар орын мен асты ешбір мәселе қылмай өздері тауып жатты. Штабтың басты мақсаты ахуалды бейбіт жолмен, бірақ ұлт пайдасына шешу ғана болатын.

14-қыркүйек күні таңғы сағат 7-де Орал қаласының маңында елеусіз түрде құм басып, құрылыс табанына түсіп жатқан, казактар қолынан қаза болған қазақтар қорымына Айсұлу Қадырбаева бір топ адамды ертіп барды. Қорым деген аты ғана, ешбір бейіт көзге түспейді, жермен-жексен. Ақын да өр көңілді Айсұлу апамыз көзіне жас алды. Білген дұғамызды оқыдық.

Сол күні ауа-райы қара суық болды. Оқиғаға жиналуы тиіс деген мекеме, оқу орындарына таңертеңгі сағат 9-ға жиналуды хабарлағанбыз. Саяси ағарту үйінің маңындағы алаңға дыбыс күшейткіш алдырттық, плакат, лозунгылар дайындалып жатты.

Сағат дәл 9 болған сәтте, митингіні ашып жіберіп, жан-жақтан келгендер алма-кезек сөз алып, орталық көшені басымызға көтере орысша-қазақша сампылдап жаттық. Ол кезде барлық жерде биліктің белбеуі босап, көшелік демократия белең алған кезең еді.

Облыс, қала басшылығына жағдайдың ушықпау жағын ойластыруды, жиналған казактардың той тойлауды дереу доғаруын, келіссөзге келуін айтып мәмілеге шақырдық. Облыстық әкімшілікке барып, оқиғаның алдын алу шараларын ұсынып, өз құзырларын қолдануды талап еттік. Сонда түсінгеніміз, Оралда жергілікті мәселені шешуге қауқар боларлық облыс басшылығында дәрмен де, жігер де жоқтығы еді. Күйінгеннен митинг мазмұнын басшылықты кінәлауға бұрдық. Осының арасында біздің талабымыз бойынша келген шіркеу басшысымен келіссөз мандымады. Жергілікті өкімет ойдағыдай мәмілеге келтіруге екі жаққа да араша бола алмады.

Біз сол күні тойға байланысты шіркеу мен «Зенит» сарайында өтпек арнайы шараларды дереу доғаруды талап еткенбіз. Басынған казактар бізді менсінбеді, ал жергілікті билік казактардың шылауында жүрді. Жергілікті өкіметті басынғаны айқын көрініп тұрды. Ал, өкімет өкілдері оған намыстанбады да. Бар болғаны бізді аяқтан шалып, болашақ кінәлау сценариіне біздің жақты жасанды түрде икемдеумен болды.

Митинг қыза бастады. Жастар жан-жақтан келіп қосылып алаңды кернеді.Ересектер де ішкі ашынысын білдіріп, митинг отына май тамызды. Сол арада казактар жағына көбірек барғыштап жүрген Мұқанов (ол кейін Жоғарғы Кеңеске депутат болды) деген орыстілді қазақ мінген «Волганы» жұрт аударып тастады. Біз әрбір шалт қимылды бақылап, артық әрекетке ұласпайын қадағаладық, әлгі Мұқановпен сөйлесуді өзіміз қолға алып, жұрттың даурығуын бастық. Жәшікпен арақ таратылып жатқаны туралы да хабар түсті. Бірақ оның бәрінен түк шықпады. Біз түгіл жиналған халық жауапкершіліктің қандай екенін жақсы сезіне бастады. Бұл - мәселенің басты көрінісі еді. Жиналған жұрт бір командаға ұласты деген сөз.

Сағат 10-да шіркеуде шоқыну салтанаты, 11-де «Зенитте» казактар құрылтайы болады деген хабар алдық. Ресми басшылықтан күдер үзген біздер оқиға барысын үйлестіріп, қолға алуды және басқаруды ойластыра бастадық.

Дереу, әр облыстан келген топтардан біріктіріп, 13 адамнан тұратын штаб жұмысын іске қостық. Енді, жиналған жұртты меңгеретін және ушыққан жағдайға алдын ала әзірлік шарасын жасап, тәртіп сақтау мен оқиғаны басқаруға күш жасақтау керек болды. Сөйтіп, 100 адамнан тұратын ерікті жасақ құрдық. Олардың мәліметін тізіп, қолдарын қойғызып, ант қабылдадық.

Казактар шіркеуінде шоқыну бастаған кезде, біздер де 113 адам сап түзеп, құрылтайды болдырмау мақсатымен «Зенит» сарайына тарттық. Ал, Саяси ағарту үйі жанындағы басты алаңда қалған жұрттың бармауын тапсырып, митингіні жалғастыра беруді айтып, оларға басшылар мен жасақтар тағайындап қалдырдық.

***

«Зенитке» таяп келіп тізіліп тұрдық. Милиция жасағы бізден де көп екен. Алдында көрші облыстардан милиция мен МҚК-нің қызметкерлерін алдыртты деп естігенбіз.Алматылық орта бойлы қазақ, милиция генерал-майоры жүрді. Бірақ оның қызметі қаншалықты екенін ақыры түсіне алмадық. Милиция жасағы бетін бізге қаратып «Зенит» пен біздің арамызға қалқан болып сап түзеп тұрды. Әсіресе, орыс-казак милициялардың қабағы қатыңқы, дөрекі сөйлейді. Іш қазандай қайнаса да алдын ала өзіміз жасаған нұсқау бойынша ешбір арандатуға бармай, бар мақсатымыз – келімсек казактарды кейін қуып, құрылтайын болдырмау.

Күн қара суық. Жеңіл киінген біздің өңменімізден өтіп барады. Бір кезде әлем-жәлем, әскери киінген қауға сақал казактар сап түзеп, бізді айналып, тұп-тура «Зенитке» қарай әскери қадаммен, бізге қыр көрсете өте бастады. Бізден шыдам кетті. Бір-бірімізді тоқтатсақ та, әркімнің кеудесі ызаға толы екені түйілген қабақ пен жұдырықтан көрініп тұрды.

Бір мезгілде арамыздағы Жамбылдық шымыр денелі, каратэшы, орта бойлы Мұқтар деген жігіт шыдай алмай айқай салып, казактарға тұра ұмтылды. Бәріміз оның соңынан жүгіріп, ұстап қалдық. Байғұс жігіт ызаға булығып, шарасыздықтан намысқа түйілген кеудесі шыдамай, еңкілдеп жылап жіберді. Өзін-өзі ұстай алмай, 100 метр бойына сап түзеген біздің жасақты бойлап ойындағы сөзін айқайлай айтып, ерсілі-қарсылы жылап кезіп кетті. Біз жылама демедік. Өйткені, бәріміз үшін ең болмаса, біреу намысын жыртып, іштегі шерін тарқатқанын дұрыс санадық. Мұқтардың бұл қылығы жарты сағатқа созылды. Оған ілесіп, саптағы бір милиционер қазақ үнсіз жылап тұрды. Кем-кемдеп Мұқтарды сабыр сақтауға шақырдық. Өйткені, оған қосылушылар қатары шыға бастады.

Казактардың салтанатты жиналысының ашылғанын білдік. Аспанды бұлт торлап, бір уақытта жаңбыр сіркіреді. Неге екені белгісіз маған аспан жылап тұрғандай болып көрінді. Ертеңгі дұға оқыған бейіт басы есіме түсті. Бізбен бірге о дүниелік әруақтар да шарасыздықтан жылап тұрғандай сезіндім, ойымды саптағыларға айттым. Әлдекім мұны жақсылыққа жорыды. Жауын 15 минут жауды да, көп ұзамай күн шығып, жылып қоя берді.

Біз митингідегі жұрттың бағынбай, бері қарай келуге сұранып жатқанын естідік. Оларға «келмеңіздер, қырғын болады» деп хабар айттық.

Арамыздан, жеті адам делегат ретінде мен, Айсұлу, Аманжол, Жасарал, Бақытжан, Орал, Дәурен казактар салтанатына барып келіссөз жүргізуді ұйғардық. Сөйткенше, бізге қарай жамырай жүгіріп келе жатқан митингіге жиналған он мың адамның қаптап келе жатқанын көріп, шошып кеттік. Бейне бір құрлықты басып, топансу келе жатқандай. Бір сәт бәріміздің ойымызда «Кәзір қырғын басталады!» деген суық ой қарып өтті. Казактарға да, Ресейге де керегі осы ғой!..

Дереу 3 жасар баласымен жамбылдық Хадиша жүгіріп барып, басындағы орамалын жұлып алып, қаптаған қазақ жастарының алдына жайып отыра қалып, «Тоқтаңдар!» деп айғай салды. Саптағы біздер де дереу есімізді жыйып, қол ұстасқан күйі келе жатқан топқа қарсы сабымызды керіп тұра қалдық. Дереу бұрын жеткендердің өздерін қол ұстастырып, екінші қатар, сосын үшінші қатар түздік. Сөйтіп, кіжініп келгендердің өздеріне өздерін тосқауыл етіп, енді казактармен келіссөз жасау керектігін айтып, көріктей қызған жұрттың басылуын өтіндік.

Солай тұрғанда әлгі жетеудің келіссөзге бару керектігі еске түсті. Мыңдаған митингішілердің қан қысымы көтерілгендігі сондай, ештеңеге тоқтар емес. Кешегі оралдық бұйығы қазақтардың бір күннің ішінде мұндай намысқойланып батылдық пен жаугерлікке барады деуге қимас едік. Сонымен, митингішілерден келіссөзге бар болғаны 15 минут сұрадық. Егер осы уақыт ішінде ештеңеге үлгермесек, не істесеңдер соны істеңдер деп жауапкершіліктің бір ұшын оларға да кері тастадық.

«Зенит» сарайына келіп, облыс басшысы Н.Есқалиевке бар жайды айтып, казактардың жиналуына 15-ақ минут берілетінін ескерттік. Жағдайдың қаншалықты ушыққанын облыс басшылығы да, казактар да айтпай-ақ сезді. Дереу «Зенит» мәдениет сарайының қаптал есігіне автобустарын тақап, казактардың кетуден басқа шарасы қалмады.

Бұл жайтты тосып тұрған қазақтарға айтуымыз сол екен, 3-4 қатар тосқауылды да, милиция сабын да быт-шыт қылып, «Зенит» сарайына қарай лап қойды. Казактардың автобусқа мінгені мініп, мінбегені жаяу тым-тырақай қашып, манағы маңғаз империялық кейіптің ту-талақайы шығып, масқара болып тырағайлап кетті.

Ұлттық рухтың салтанатты құдыреті дегеніміз – осылай көрініс берген еді! Көтеріліс дегеніміз – шайқас пен қирату емес екен, ол – ушыққан ахуалды өз пайдаңа жарата білудің зор тактикасы.

Фото: «Азаттық» радиосы


Серік Ерғали

Публикации автора

Қазақтың тұңғыш Олимп чемпионы

Төріктер өркениеті: монша мен кәріз құбыры

Ыбырайым батыр

Мамира – СМЕРШте қызмет еткен жалғыз қазақ қыз

Ташкент – Қазақ хандығының ордасы

Ауған асқан Тақан атаның хикаялары

Топ-тема

Другие темы

НОВОСТИ | 10.12.2024

Казахстанцы бьют рекорды в потреблении сосисок

НОВОСТИ | 10.12.2024

Продажи жилья выросли почти на четверть в Казахстане

НОВОСТИ | 10.12.2024

В ДУМК напомнили верующим о правилах намаза

НОВОСТИ | 10.12.2024

Пять трансграничных хабов появятся в Казахстане

НОВОСТИ | 10.12.2024

Нацбанк данных в сфере экологии создан в Казахстане

НОВОСТИ | 10.12.2024

Стратегическая объездная дорога открыта на юге Кыргызстана