Культура

Қымызмұрындық рәсімдері

Серік Ерғали

31.03.2022

Қымызмұрындық – көктемнің соңы мен жаздың басындағы бие байлап, алғашқы сауын маусымын ашар ғұрып. Құлын байлап, бие сауып, оның сүті қорланып ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен ауыл-аймақ «қымызмұрындыққа» шақырылған. Алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, оның мол болуына бата беріліп, «көпке бұйырсын» деген тілек айтылатын рәсім болып табылады.

Жоғарыда аталған мазмұнды көріністерге қарағанда, қымызмұрындық ежелгі дәуірдің мифологиялық-сенімдік дәуірдегі танымнан тамыр тартатын, одан бергі дәуірлерде дүниетаным мен ғұрыптарға қаныққан іргелі жоралғы. Алайда бұл шараны жай ғана сусын мерекесі ретінде еуропалық сыра тойымен шатастыруға болмайды. Түрлі ақпарат көздерінен жинақталған қымызмұрындық рәсімдерін қарастырайық.

Ақтамақ.Қыз-келіншек желі басына сүт тағамдарын: қымыз,шұбат, айран, құрт, ірімшік әкеледі де бұл ғұрыпты «ақтамақ» атайды. «Ақтамақ» ғұрпы сүт өнімінің молдығын паш етуге арналған жоралғы. Сондықтан оған төрт түліктің де сүтінен жасалған өнімдер қатыстырыла береді.

Ауыз тию. Қымызмұрындықтың бұл рәсімдеріне қарағанда, бұл ғұрып сауын науқанын отбасы мен ошақ қасының құтын келтіру жоралғысы ретінде әйелдерге басқартып, соларды алға салған. Мысалы қымызмұрындықтың басталуы шараға жиналған қауымның ішіндегі ықпалды, жасы үлкен кейуаналарға ауыз тигізуден басталған.

Әрине, бұл рәсім түркілік таным бойынша қымыздың ең әуелі Жер-ананың алғашқы маусымашар қорегі болғандықтан, сүт өнімін ерекше қадыр тұту көрінісі болуы да мүмкін. Қалай болғанда да, қымызмұрындық ғұрып ретінде жылқы шаруашылығы пайда болған сәттен келе жатқандығы күмәнсіз.

Бата беру. Желі басына ақсақалдар жиналады. Бата беріледі, дәм тату ырымы жасалады. Алғашқы қымызды еркектер емес, ауылдағы жолы үлкен әжелер мен аналар бастап ауыз тиеді.

Биебау батасы:

Ия Тәңір жарылқап,

Ұзарта гөр желісін,

Кеңейте гөр өрісін.

Жирен сақал Қамбар ата,

Байталға құлын телісін.

Жаз жауынды болсын,

Бие сауынды болсын.

Жылқы көкке кенелсін,

Құлын сүтке бөгелсін.

Сақа айғырың кіндігінен,

Саба биең пұшпағынан құт болсын.

Сұрағанға бекер бер,

Сусағанға жеке бер.

Сабаң толы сүт болсын.

Құрығын сүйреткен ұрыңнан сақта,

Құйрығын сүйреткен бөріңнен сақта.

Назары аштың сұғынан сақта,

Сұғанақ көздің оғынан сақта.

Қара тілдіден тіліккеннен сақта,

Қалды көздіден көзіккеннен сақта.

Қабағым деп шіренген байға да,

Тамағым деп тіленген жарлыға да,

Меймілдеп қымызың жетсін.

Қамбар атаға дастарқан жайып,

Биебауға тілеген тілегіңді,

Қабыл етсін!

Қымыз бүрку. Мереке басталарда дабыл қағылып, батырдың байрағына қымыз бүрку рәсімі атқа­рылады.

Биебау. Бұл - қымызмұрындықтың ежелгі ырымнан тұратын рәсім. Қазық пен тоқпақ­тарға, құлын ноқтасынан бастап, желіге дейін майлау ырымы бар. Бұл биебаудың құтты болуын тілеу ырымы. Бұл желі тарту болғандықтан, ең әуелі желі қазығын қағудан басталады. Қазықты қадырлы қариясының жерге сіңіреді. Оны бағзы замандарды абыздар атқарса керек.

Биебайлар.Желіге үйірдің айғыры келтіріліп, оның маңдайына, жалы мен сауырына сары май жағады. Биенің бауына да май жағып ырым етеді. Құлынның тұмсығына қымыз бүркеді. Бұл рәсімді жинап-теріп «биебайлар» атайды.

Күбі аластау. Қымыз ашытуды бастар бұрын күбі мен сабаны аршамен аластау рә­сім­­деріне кезек тиеді. Бүгінгіше айтқанда, энергетикасы ластанған қымыз іри беретін болған. Ірімелі қымызды аршамен аластаған немесе отқа тұз салған. Қуатын тазартқан, ластықты аластаған.

Тыйымдар. Тостағанның түбінде қалған қымызды ешқашан жерге төгуге болмайды.Жылқының сүтін аяқпен басуға болмайды, итке құйуға болмайды, қымыз ірігіш болады деген сенім бар. Бұзылған бие сүтін жылқылардың арасына апарып төгетін рәсім және бар, онысы қымыз молайсын деген ырым. Шамасы жылқы үйірінің мықты қуаты лас энергетиканы аластап, сүттің молаяр көзін тазартқан.  

Үкілеу. Үй иесі қымызға тіл-көз тимесін деп, үкінің қанатын, болмаса ағаштың көкек қонып отырған жерін кесіп алып, піспекке байлап қояды. Қазақ салтында үкі мен көкек қасиетті құс саналады.

Тас салу. Қымыз құйыларда сабаның түбіне тас тастайды. Тас тіл-көзден сақтайды. Тіл-көздің жағымсыз қуат екені рас, және жаңа басталған саумал маусымында тіл мен көз өткіш болатын энергетикалық ластық көзі. Оны көбіне саба түбіндегі тастың қақ бөлініп сынатынынан аңғарған. Халқымыздың «Тілің тасқа тисін» деп қайыратыны осыған қатысты.

Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынған





Серік Ерғали

Публикации автора

Советтік барлаушы болған алашордашылдың ұлы

Әбілқайыр хан – жалтақ тарихшылардың құрбаны

Қызылдар мен Алашорданы келістірген тұлға

Әбілқайыр ханды өлтіруге тапсырыс кімнен болды?

Қазақ жерін қорыған Мақсұт

Сабантой – түркілердің күзгі мерекесі

Топ-тема

Другие темы

НОВОСТИ | 10.12.2024

Казахстанцы бьют рекорды в потреблении сосисок

НОВОСТИ | 10.12.2024

Продажи жилья выросли почти на четверть в Казахстане

НОВОСТИ | 10.12.2024

В ДУМК напомнили верующим о правилах намаза

НОВОСТИ | 10.12.2024

Пять трансграничных хабов появятся в Казахстане

НОВОСТИ | 10.12.2024

Нацбанк данных в сфере экологии создан в Казахстане

НОВОСТИ | 10.12.2024

Стратегическая объездная дорога открыта на юге Кыргызстана