Культура

Анақарыс пен Абай – ұлы даланың қос ойшылы

Серік Ерғали

10.02.2022

Украиналық дене тәрбие пәнінің мұғалімі Евгений Кадниковтың «Шашечные арабески» деген еңбегінде ежелгі грекиялық склептегі суреттерді зерттеп, қиғашжүрісті дойбының шығуы сақтарға тән болғандығын келтіреді. Бұл дойбыны ойнауға сақ сарбаздары барынша құмар болыпты. Оған итермелеген сол кездегі дала билеушілері көрінеді.

Бізге жеткен тарихи ақпар бойынша ежелгі сақтардың саптағы ең төменгі әскери бөлімі 9 сарбаздан тұрған: шайқас алаңында төртеуі алдыңғы шепте, бесеуі артқы қатарда жайғасады. Артқы бестіктің қақ ортасында тоғызбасы жүреді. Бұнымен ол өзіне қарасты әскери бөлімшені көруге, басқаруға және сардар ретінде өзінің қауіпсіздігіне мүмкіндік алады.

Сақтардың майдандағы бұл шебінен хабары мол гректер тоғызбасын өлтіріп, әлгі әскери бөлімшені ыдырату арқылы оңай жеңіске жетумен сақтарды тұйыққа тірей бастайды. Сақтардың бұл ескірген әскери тактикасы құпия түрде қалыптасқан әскери құрамы, 9х9 өлшемді тікежүрісті дойбы ойынында көрініс тапқан.

Сақтардың сол кездегі қағаны Саулы (Савлий) бұл құрылымды өзгерту арқылы жаңа тактика әзірлеуді өзінің туған бауыры Анақарысқа (Анахарсис) тапсырыпты. Өйткені, Анақарыс Грекияда оқып, ғылым мен білімді меңгергендігі өз алдына, оның сол кездегі белгілі өнертапқыштығы мен ойшылдығы әйгілене бастаған еді. Ол өзгерісті сол кезде сақтар ойнаған дойбы тақтасын өзгертуден бастайды.

Анақарыс кемеңгер әскери бөлімшені 9х9 өлшемді тікежүрісті дойбы тактикасын өзгертіп, үш қатарға орналасқан 14 сарбаздан жасақтайды: бірінші қатарда – бес сарбаз, екінші қатарда – төртеу және үшіншісінде – бес сарбаз. Сөйтіп, тоғызбасы үшінші қатардың қақ ортасында болады. Кейін осы тактикаға сәйкес сақ сарбаздары құмарта ойнайтын қосбояулы дойбының 9Х9 өлшемі өзгеріп, үш қатарлы 5:4:5 түріндегі дойбы тастарының жайғасуы түзілген.

Бізге жеткен жазба аңыздарда, кемеңгер Анақарыс тоғызбасыларына үштүсті осы дойбыны ойнатып, олардың ақыл-ой дағдыларын шыңдаған. Бұдан соғыс тактикасы мен оның дойбылық үлгісінің құнын жақсы сезген сақ патшасы ойын тақтасы мен ережесін құпия ретінде жариялап, онымен тек сарбаздарды ойнатқан. Оның былайғы жұртқа таралуы мен ашық ойналуына қатаң тыйым салған. Саулы қаған Анақарысқа барлық қолбасылар мен сардарларды үйретуге бұйрық еткен. Осылайша сақтардың әскери-тактикалық ойжүйесі тақтаға түсіп, астыртын зерделік спортқа ұласқан. Демек, ақыл спорты Ұлы далаға жат емес, тіпті сол Дала дойбының шығу кеңісі мен өрісі болыпты.

Е.Кадниковтың ежелгі жазындылардан келтіруі бойынша, б.д.д. 596 ж. Анақарыс ежелгі Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысып, грек дойбышыларын ұтып, сақ данышпаны ежелгі Грекиядағы өзінің мәрмәр мүсінін қойғызуға еңбек сіңірген бірден бір далалық жігіт екендігі мәлім болып отыр.

Ұлы даланың қатарлас тағдырлы қос перзенті бар, олар ежелгі грек мәдениетін игерген – Анақарыс, екіншісі орыс мәдениетіне өз заманының мүмкіндігі деп қараған – Абай Құнанбайұлы. Екеуі де интеллектуал тұлғалар болған, екеуі де ақыл-ойды жетілдіретін зияткер ойынға құмар болған. Анақарысқа жоғарыда қанықсақ, ал Абай зияткерлігіне ол ойнаған тастың Жидебайдағы қорық-үйде сақталған ағаш тақтасы куә.

Яғни бұл ойын қазақ ойшылының бірден бір зерделік атрибуты болған. Ол өз айналасына осы ойынды ойнатып қоймай, жарыс өткізіп те дәріптеген. Бұған қоса айтарымыз, аталған ойын Абай тұсында тоғызқұмалақ емес, «тоғызат» аталған. Бұл атауға патшалық Ресейдің шендісі әрі қазақ-қырғыздың этнографиялық мұраларын зерделеген Тоқмақ қаласының әміршісі Г.С.Загряжскийдің 1874 жылы «Туркменские ведомости» журналында жарық көрген «Быт кочевого населения долин Чу и Сыр-Дарьи» жинағындағы шағын «Тогуз ад» мақаласы куә.

Сақ дойбысы мен тоғызат ойынын далалық танымдық өлшемді әйгілейтін бірден бір айғақ ретінде тануымыз керек. Екі ойынды біріктіретін сол айғақтарды атап өтейік. Біріншіден, сақ дойбысы арқылы майдандағы дала әскерінің тоғыздан құралған ең кіші звеносын ескерсек, күні кешеге дейін қалыңмалды тоғызбен есептеген өлшемді алсақ, бұл далалық таным кемі үш мың жыл бойы үзілмей келеді. Және бұның бір көрінісі тоғызөлшемді сақ дойбысы мен тоғызат ойыны дер едік. Бұл зерделік ойындар бір қауымның, бір кеңістіктің және біртұтас зерденің туындысы деуге айғақ болмақ.Екіншіден, сақтардағы әскери құрылым тоғыз сарбаздан басталса, далалық тоғыз тайпаны біріктірген хандық мемлекет тоғыздық саяси бірліктен құралған. Осыдан келіп, тоғыз оғыз, тоғыз оба, тоқсоба ұғымдары орныққан. Тоғыз тайпадан тұрған хандық барынша орнықты да мықты әрі болашақ қағанаттың негізін қалаған.

Үшіншіден, тоғызаттың тақтасы әскери демократиялық мемлекеттің жүйесін танытады: ежелгі таным бойынша киелі 9 санына иек артқан аттылар қоғамы басты шешуші мәнді 9 санымен сипаттаған да, мемлекет құрушы елдер/тайпалар санын да тоғызбен есептеген. Абай ортасы ойнаған тоғызат ойынының тақтасы тоғыз отаудан тұратын тоғыз тайпаның тұтастану көрінісі мен екі хандықтың өзара шайқасын байқатататын ойын алаңы. Жеңгені халықты қырмайды, басқа ойындардағыдай «жемейді», қосып алып тұтастырады. Бұл - далалық таным мен даналыққа тән тұжырым.

Шындығына келгенде, Абай Құнанбайұлы - сонау Анақарыс дәуірінен бұрын келе жатқан құндылықтардың жарқыншағы іспетті тоғызат ойынын бізге аман жеткізген зияткер тұлға. Сақ дәуірі мен бүгінгі заманды жалғап тұрған тоғызат ойынын жеткізуші әрі дәріптеуші ойшыл – Абай. Тоғызатқа қатысты тарихи жазбаларды есептемегенде, ұлттың төл куәлігі ретінде сол Абайдың классикалық тақтасын ғана алға тарта аламыз. Бұл тақта Анақарыс пен Абай дәуірлерін тұтастырып тұрған тарихи бірден бір далалық атрибут.

Фотосуреттер ашық дереккөздерінен алынған





Серік Ерғали

Публикации автора

Советтік барлаушы болған алашордашылдың ұлы

Әбілқайыр хан – жалтақ тарихшылардың құрбаны

Қызылдар мен Алашорданы келістірген тұлға

Әбілқайыр ханды өлтіруге тапсырыс кімнен болды?

Қазақ жерін қорыған Мақсұт

Сабантой – түркілердің күзгі мерекесі

Топ-тема

Другие темы

НОВОСТИ | 10.12.2024

Казахстанцы бьют рекорды в потреблении сосисок

НОВОСТИ | 10.12.2024

Продажи жилья выросли почти на четверть в Казахстане

НОВОСТИ | 10.12.2024

В ДУМК напомнили верующим о правилах намаза

НОВОСТИ | 10.12.2024

Пять трансграничных хабов появятся в Казахстане

НОВОСТИ | 10.12.2024

Нацбанк данных в сфере экологии создан в Казахстане

НОВОСТИ | 10.12.2024

Стратегическая объездная дорога открыта на юге Кыргызстана