- Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік жылдарында қолға алынған реформаларының маңыздылығы қаншалықты?
Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке сайланғаннан кейін ең бірінші міндеті ретінде сасаяси реформаларды бастап кетті. Бұл саяси реформалардың көпшілігі әрі қарай экономикалық реформаларға жалғасып жатты. Мысалы, ең алдымен үш облыстың ашылуын айтар едім. Ол біріншіден, саяси жағдайға байланысты облыстарды жекешелендіру болды, ал экономикалық тұрғыдан алғанда, сол жерлерде кәсіпкерліктің дамуына септесті. Қарапайым мысал алайық. Бүгінде Қонаев қаласының туризм саласындағы потенциалы өте жоғары. Бұл шешім жаңадан жасақталған барлық облыс орталықтарында шағын және орта бизнестің дамуына үлкен септігін тигізеді. Өйткені ол жерде құрылыс жүре бастайды, ішкі нарықтық инфрақұрылым, шағын және орта бизнес дамып, супермаркет, гипермаркеттер ашылып, экономикаға үлкен желілер кіре бастайды. Бұның барлығы сол облыстарда шағын және орта бизнестің, ірі бизнестің дамуына, ал олар өз кезегінде жұмыс орындарын қамтамасыз ете бастайды. Бұл бірінші үлкен өзгерістің бірі болды.
- Сонда бизнестің дамуын байқау үшін қандай шаралар қажет?
Президент өз қызметіне келе салысымен, бірінші тапсырма ретінде Қазақстан Республикасында статистикалық мәселелерді қалыптастыруды тапсырды. Бізде көбіне кез-келген мемлекеттік бағдарлама, мемлекеттік жүйені қалыптастыруда негіз ретінде статистиканы алады. Сондықтан Президент шынайы статистика керектігін айтты. Бизнес болсын, жергілікті атқарушы билік болсын, бәрінің статистикасы әр түрлі. Одан қалды статистика агенттігі, Еуразиялық даму банкінің, біздің статистика әр аулуан. Шынайы ақпарат жоқ. Ал статистика бизнестің шынайы деңгейін көруге мүмкіндік береді. Мысалы, елімізде қанттың дефициті пайда бола бастады. Ал статистика бойынша бізде қант бар, барлығы дұрыс. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қарасақ, біз өзімізді 80–90 пайыз қамтамасыз етеміз деген жалған статистика баршылық. Ал шын мәнінде олай емес. Ең негізгісі – статистиканы түзеу керек. Ол шынайы болса, қай жерде жұмыс жасау керектігі белгілі болады. Ауыл шаруашылығы саласын, жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту үшін нақты тауар позициясы бойынша шынайы статистика керек. Қазір барлығы статистика көрсеткендей керемет емес. Нақты өнім бар, бірақ онымен ішкі нарықты қамтамасыз етіп жатқан жоқпыз.
- Жалпы осыған дейін статистика қалай жұмыс істеп келді? Енді не өзгереді?
Статистика әр облысқа бөлінеді. Өңірдің шаруа қожалықтары белгілі бір көлемде өнім өндірді дейік. Ол ақпарат жергілікті атқарушы билікке барғанда, олар көрсеткіштерін төмендетіп алмау үшін, аудандық, облыстық деңгейде шынайы статистикаға басқа статистика қосылады. Сол жерден картина бүліне бастайды. Ал енді арнайы комитеттер құрылды, жұмыс топтары құрылды. Олар жағдайды сол жерге барып зерттейді. Премьер-министрдің қарамағында әр облыстың даму картасы жасалды. Нақты әр өңір не өндіріп жатыр, не шығарады, көлемі қандай деген ақпаратты жинайды. Сонда пияз бойынша неге дифицит болып тұр? Неге аз немесе неліктен бағасы қымбат екені анықталады. Оның себептері – жер телімінің аз берілуі, субсидия ала алмауы деген мәселелер анықталуы мүмкін. Осы мәселелерді шешсе, Қазақстандағы нарық 100 пайыз өніммен қамтамасыз етіліп, бағаның тұрақтануына әкеледі.
- Бүгінде кәсіпкерлерге қандай қолдау шаралары қарастырылған?
Бүгінде бірнеше жыл қатарынан жалғасып келе жатқан бағдарламалар көп. Мәселен «Бастау» жобасы бар. Ол жерде 2020-2021 жылдары 200 АЕК мөлшерінде грант берілді. Өз кәсібін бастағысы келетін кез-келген жұмыссыз азамат сол бағдарлама қатыса алды. Осы қолдаудың арқасында бизесін бастауға 400-500 мың теңге төңірігінде грант ала алатын. Президентіміз грант мөлшерін 200 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін көтерді. Осылайша бұл сома 2023 жылы 1 млн 380 мың теңгеге жетті. Бұл өзі ниеттеніп жүрген, бизнес ашқысы келген азаматтарға өте қолайлы көмек. Бұл бағдарламаға мүмкіндігі шектеулі жандар, әлеуметтік осал топтар да қатыса алады. Ол үшін бір ай оқиды, кейін комиссияның алдында проектісін қорғап, грантты ұтып ала алады. Ал «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы бойынша республика көлемінде 5 млн теңгеге дейін граттық қаржыландыру қарастырылған. Бұл қаражат қомақтырақ. Оған шағын өндіріс, қызмет көрсету орнын немесе білім саласындағы курсын ашуға болады. Оған да кез-келген кәсіп бастаушы адам қатысып, грант ұтып ала алады. Бұл үлкен көмек. Әсіресе ауылды аймақтарда, тіпті Алматы қаласында болсын шағын кәсіпорындар ашуға мүмкіндік береді. Ары қарай бизнесін дамытамын дегендер үшін жеңілдетілген несиелер беріліп жатыр. Осылайша іскер жандар кезең-кезеңімен мемлекеттің қолдауына жүгіне алады. Яғни гранттық бағдарламалардан кейін 6 пайыздан бастап «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясындағы кредиттер баршылық. Мәселен жаңадан кәсіп бастап жатқан адамдарда жиі кездесетін проблема – кепілдіктің болмауы. Осы себепті көп кәсіпкерлер банктерден несие ала алмайды. Осы жобаны ары қарай дамыту үшін кәсіпкерлерге кепілсіз несиелер бар. Оның аясында 9 пайызбен 6 млн теңгеге дейін кепілсіз несие алуға болады. Ол үшін қара тізімде болмау керек – кәсіпкердің несие тарихын қарайды. Бұл кәсіпкерлерге жақсы көмек. Ал кепілзат болса, онда несиенің сомасын жоғарылатуға болады. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша да қатысуға болады. Онда 100 млн теңгеден бастап кредит алуға болады. Ол орта және ірі кәсіпкерлікті дамытуға жақсы жағдай жасайды. Бұдан бөлек Президент өндірістік парктерге де көп көңіл бөліп жатыр. Сондықтан әр өңірде өндірістік парктерді дамыту міндеті қойылып отыр. Мемлекет келісім бойынша тиісті ғимараттарды салып береді. Кез-келген кәсіпкер – қарапайым етікші, не тігін цехының иесі өз ғимараты болмаса, өндірістік паркке өтініш беру арқылы 5 жылға осы ғимаратты жалдай алады. Оларға 2 пайызбен несие алу мүмкіндігі де бар. Бұрынғы кеңестік мемлекеттердің бірде-бірінде бизнеске мұндай жеңілдіктер жасалып жатқан жоқ.
- Осы уақытқа дейін еліміздегі кәсіпкерлік нысандарына дұрыс көңіл бөлінбей келді ме?
Әрине, мемлекетімізде бизнес секторына қолдау әркез болды. Тек 2019 жылға дейін негізгі көмек монополистерді қолдауға бағытталды. Бизнес болсын, екінші деңгейлі банктер болсын, көп жағдайда алпауыт компаниялар мемлекеттің бар қаржылық жәрдемін алып жүрді. Ал монополистер нарықты дамытуға үлес қоспайды. Олардың нарықтағы қозғалысы қиын, өзгерістерге икемділігі төмен болады. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық берді. Мәселен, қазір Президент бизнесті тексеруге мароторийді тағы да бір жылға созды. Бизнес әлі оңалып үлгерген жоқ. Өйткені пандемия болды, кейін қаңтар оқиғасы орын алды. Бірақ ірі бизнес өкілдеріне бұның қатысы жоқ. Осы уақытқа дейін бізде бар қолдау үлкен кәсіпкерлерге қатысты болды. Ал қазір 1 млрд-ты 1 зауыт салуға жұмсағанша, оны ауылды аймақтардағы 1000 жобаға бөліп берген дұрыс. Оның әсері әлдеқайда жоғары болады. Онда халық жұмыспен қамтылады, жергілікті жерлерде өнім өндіріледі, әр отбасы табыс көзіне ие болады.
- Шын мәнінде де бизнес ашқысы келетін жандарға қолдау жақсы екен. Елімізде орын алған «Қаңтар оқиғасында» бірқатар кәсіпкердің шығынға батқанын білеміз. Оларға қандай көмек көрсетілді?
«Қаңтар оқиғасы» Алматы қаласына өте ауыр тиді. Бізде 100 млрд теңгеге жуық шығын келді. Атамекен палатасының өкілдері осы қиын-қыстау заманда тікелей кәсіпкерлермен жұмыс жасадық. 100 мыңдаған хабарландырулар келді. Ол кезде бізде тәжірибе болған жоқ, әрекет етудің дайын механизмдері де жоқ еді. Сондықтан біз реформа ретінде Президентке біраз бағдарламаларды ұсындық. Ал Президент кәсіпкерлерді тастап кеткен жоқ. Барлығымен сөйлесті. Мемлекеттің тарапынан көмек болатынын айтты. Басқа да құзыретті органдарды жұмылдырып, бизнесті оңалтуға тапсырмалар берді. Сол тапсырмалардың бірі ретінде көптеген зардап шеккен компанияларға 3 млн теңгеге дейін грант берді. Мемлекет бизнесі зардап шеккен азаматтардың жағдайын түсінді. Көптеген кәсіпкерлердің чектері, ақпарат сақталған ноутбуктері жоғалды. Сондықтан, шығын көлемі 3 млн теңгеге дейінгі шығындар еш құжатсыз жабылды. Ал шығынның көлемі одан жоғары болған жағдайда, арнайы құжат-дәлелдеменің және сараптаманың негізінде кәсіпкерлер бұл шығынын да қайтара алды. Ол жерде үлкен сомалар, 100 млн, 50 млн теңгеге өтініштер болды. Үшінші амал – кәсіпкерлер сотқа шағымданып, сот үкімінің шешімі бойынша қажетті қаражатты өндіріп алу мүмкіндігін иеленді. Мемлекеттің тарапынан бизнестің сұрақтары 100 пайыз шешілді.
- Тікелей бизнеске қолдау көрсету халықтың өмірін, еліміздің экономикасын жақсартуға қалайша септеседі?
Президенттің көздеген мақсаты – шағын және орта бизнесті дамыту, экономиканы дамыту. Өйткені Қазақстандағы барлық проблемаларды, әлеуметтік жағдайды Үкімет жалғыз өзі шеше алмайды. Бизнеспен бірлесіп жұмыс жасау керек, өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту керек. Осы уақытқа дейін біз тек мұнай секторына тәуелді болдық, енді дайын өнімдерді жасау керек, ауыл шаруашылығын, жеңіл өнеркәсіпкті дамыту арқылы ары қарай өңірлерді дамыта аламыз. Ол өңірлерге бизнес барса, тікелей әлеуметтік мәселелерді шеше бастайды. Жұмыс орындары ашылады, табыс деңгейі артады. Жаңа технологиялар мен жаңа инновациялар келе бастайды. Бұл әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге үлес қосады. Президент ең маңызды мақсат ретінде осы мәселені шешуді айтты. Біз Қазақстанда орта тапты қалыптастыруымыз керек. Орта таптың санын көбейтуіміз керек деді. Ал орта тапты кәсіпкерлер, бизнес иелері құрайды. Орта тап қалыптасқан жағдайда саяси-экономикалық тұрақтылық пайда болады. Қазақстанның жалпы ішкі өнімі де өсе бастайды. Президенттің ұсыныстарының ішінде көңілден шыққаны – осы орта тапты қалыптастыру идеясы. Ал оның негізгі құралы – бизнес. Одан басқа құрал жоқ.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Фотосурет ашық дереккөздерден алынған