«Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да. Барша азаматтарға бірдей мүмкіндік берілген. Бұл – нағыз әділдік, әділетті мемлекеттің негізі. Тағы да айтарым: елдің бірлігі мен татулығы – ең негізгі құндылықтарымыздың бірі. Бұл мемлекеттік саясаттың басты тұғыры. Болашақта да солай болмақ. Осы стратегияның арқасында түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – терең мағынасы бар нақты жетістік», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық сессиясы еліміздің этносаралық татулығын нығайту жолындағы маңызды кезең ретінде тарихта қалары анық. Алдағы уақытта сессияда көтерілген мәселелер мен айтылған ойлар қоғамның түрлі салаларында кеңінен талқыланып, ортақ мұраттар жолында берік ұстанымға айналатыны сөзсіз. Сессияда айтылған бастамаларға қатысты сарапшылар пікірлері мен ой-тұжырымдарын ұсынамыз.
Шолпан Жаманбалаева, ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Бас директорының орынбасары, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор:
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы бізге бұл институттың жүріп өткен жолын ғана емес, сонымен қатар оның болашақ даму траекториясын бағамдауға айрықша мүмкіндік береді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА мерейтойлық сессиясында сөйлеген сөзінде Ассамблеяны мемлекеттік құрылымның институттық тірегі ретінде сипаттап, оның негізгі міндеті — еліміздегі бейбітшілік пен бірлікті нығайту болып қала беретінін атап өтті. Әлеуметтік философия мен саяси әлеуметтану перспективасынан қарар болсақ, ҚХА — азаматтық интеграцияның институттық формасы. Мұнда этномәдени әралуандық функционалдық тұрғыда ортақ символдық құрылымды құрайды. Бұл бағыт Ассамблея атауының өзгеруімен де айқын көрініс тауып отыр — «Халықтар Ассамблеясынан» «Қазақстан халқы Ассамблеясына» көшу этноцентрлік үлгіден инклюзив, азаматтыққа негізделген, ортақ азаматтық концепцияға бетбұрыс жасауды айшықтап тұр. Мұнда мемлекеттік құрылымның теңдікке, құқықтық тұтастық пен ұжымдық жауапкершілікке негізделеді. Айта кетерлігі, осы бір тұжырым эмпирикалық деректермен де дәлелденіп отыр. Философия, саясаттану және дінтану институты жүргізген әлеуметтанулық зерттеулерге сәйкес, ұлттық мақтаныш пен азаматтық бірегейлік бұқаралық санада берік орныққан: респонденттердің 87%-ы Қазақстан азаматы екенін, 90%-ы — өз ұлты мен тегін, 84%-ы — діни сенімін, 82%-ы — тұрғылықты өңірін мақтан тұтады (N = 2000 адам, 2023 ж.).
Ұлттық бірлік вакуумда өмір сүрмейді – ол азаматтардың күнделікті іс-әрекеттері арқылы көрініс табады. Әлеуметтік сауалнама нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 83%-ы өзгелерге көмектесуді өзінің моральдық борышы санайды, ал 78%-ы тұрақты түрде қайырымдылықпен айналысады. Әлеуметтік белсенділіктің ең кең таралған түрлеріне мұқтаж жандарға гуманитарлық көмек көрсету, табиғи апаттар салдарынан зардап шеккендерге материалдық қолдау көрсету, сенбіліктерге қатысу мен волонтерлық қызметтің басқа да түрлері жатады. Қуантатыны, әлеуметтік жауапкершілік тәжірибелері біртіндеп дағдарыстық сәттерге жауап ретінде туындайтын уақытша әрекет қана болудан шығып, күнделікті өмір этикасының ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бұл процесте Қазақстан халқы Ассамблеясы аса маңызды рөл атқарады. Ол жарияланған құндылықтар мен нақты азаматтық әрекеттер арасындағы дәнекер ретінде көрініп келеді. Тек 2024 жылдың өзінде ғана «Қайырымдылық керуені», «Жүректен жүрекке», «Қамқор» және басқа да бағдарламалар аясында ҚХА-ның ұйымдастыруымен 1,3 миллиард теңгеден астам сомаға көмек көрсетілген. Осылайша, Ассамблея азаматтық құндылықтардың негізгі трансляторы, үйлестірушісі және катализаторы ретінде әрекет етіп, қоғамдық қолдау мен ынтымақтастық инфрақұрылымын қалыптастыруға зор үлес қосып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Ассамблеяны тек этномәдени өкілдік органы ретінде ғана емес, сонымен бірге ұлттың әлеуметтік капиталын жаңғыртатын институттық алаң ретінде де қарастыруға болады. Ол – өзара сенімге, горизонталь қарым-қатынас пен ортақ игілікке бастайтын ұжымдық жауапкершілік ұясы.
ҚР Президенті айқындаған жаңа басымдықтар геосаяси тұрақсыздық өршіп тұрған әрі күн өткен сайын әлеуметтік-мәдени тұрақтылықтың маңызы артып келе жатқан қазіргі жағдайда ҚХА-ның миссиясы мен функцияларын стратегиялық жаңартуға бағытталған. Солардың бірі — ҚХА-ның ақпараттық кеңістікке қатысу аясын кеңейту міндеті. Мемлекет басшысы: «Ақпараттық кеңістікте бірлік пен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңызды»,-деп ат ап өтті. Бұл тұжырым қоғамдық коммуникацияның цифрлық трансформациясы жағдайында ерекше өзекті болып отыр, өйткені азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынас барған сайын онайн-пікірлер, мессенджерлер, бейне-контент және әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асуда. Алайда, цифрлық орта әрдайым конструктивті диалог алаңы бола бермейді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Философия, саясаттану және дінтану институты жүргізген сандық және сапалық зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді азаматтар жиі шиеленісті аймақ ретінде қабылдайды. Әсіресе бұл тіл, этникалық шығу тегі мен діни бірегейлік тақырыптарына қатысты айқын көрінеді. Цифрлық дәуірдің мұндай күнделікті өмірдегі көрінісі тек институттық тұрғыда шешім табуды ғана емес, сонымен қатар ҚХА-ның қоғамдық медиаэтика субъектісі ретінде стратегиялық тұрғыда белсенді болуын талап етеді. Осы жағдайларда Ассамблея цифрлық қоғамдық диалогтың белсенді қатысушысына айналып, конструктивті пікір алмасуға ықпал ететін қауіпсіз әрі мәдени тұрғыдан сезімтал ортаны қалыптастыруға атсалысуы тиіс. Сонымен қатар, ҚХА этномәдени бірлік, әлеуметтік үйлесім мен азаматтық тұтастықты паш ететін позитив нарративтердің платформасына айналуы қажет.
Келесі міндет – ҚХА-ның өңірлердегі жұмысын күшейту, әсіресе Қордай, Панфилов және Сайрам сынды этникалық құрамы тығыз және тарихи тұрғыдан сезімтал аймақтарда. Бұл ретте Мемлекет басшысы: «Қоғамдық келісім инфрақұрылымын біртіндеп кеңейту керек»,- деп атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық бірлік саясатын нақты өңірлік контексттерге бейімдеуді көздейтін полицентрлік және мәдени тұрғыдан бейімделген көзқарас ерекше маңызды. Бұл тәсіл жергілікті әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерді, тілдік және тарихи факторларды ескеруді талап етеді. ҚХА-ға өңірлік деңгейдегі институттық белсенділікті күшейту міндеті жүктеледі. Оған достық үйлерін қолдау, этномедиацияны дамыту, сондай-ақ жергілікті азаматтық бастамаларды үйлестіру жұмыстары кіреді.
Президенттің «Ассамблея мемлекеттің этносаралық саладағы барлық жұмысына бағыт беретін стратегиялық штабқа айналуы керек»,-деген стратегиялық ұстанымын да ерекше атап өту қажет. Бұл – ҚХА-ның қоғамдық қолдау институтынан сарапшылық бірлескен басқару құрылымына айналуын білдіретін түбегейлі өзгерісі. Осы трансформация аясында ҚХА этносаралық саясаттағы инстеллектуал орталық ретінде саяси мойындауға ие болады. Бұл өз кезегінде оған жаңа сапалық деңгейді — аналитикалық қызметті талап етеді. Атап айтқанда, жағдайды тұрақты түрде мониторинг жасап отыру, болжамдық талдау жүргізу, орталық және өңірлік билік органдарына арналған нақты ұсыныстар әзірлеу сияқты бағыттарды қамтиды.
Ассамблеяның институттық жаңғыруы бірегейлікті проактив сипатта басқару, интеллектуалдық рефлексия мен сараптамалық функцияны кеңейтуге көшуді талап етеді, сондай-ақ қазіргі заманғы коммуникацияларды цифрлық әрі эмоциялық тұрғыдан сезімтал орта жаңаша пайымдауын қажет етеді. Бұл трансформация процесінде ғылым маңызды әрі белсенді рөл атқаруы тиіс және оған толық қабілетті. Яғни, Ассамблеяның жаңа стратегиялық бағдарларын жүзеге асыруда ғылым дәлелді негіз болып, әдіснамалық нақтылық пен әлеуметтік-мәдени сезімталдықты қамтамасыз етуі қажет.
Жанар Нақыпбаева, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Қоғамдық пікірді мониторингтеу бөлімінің жетекші сарапшысы:
Ассамблея сессиясында Президент қазіргі күрделі кезеңде, жаһандық қақтығыстар өршіп, адам өмірінің құны төмендеп бара жатқан тұста бейбітшіліктің қадірі бұрынғыдан да арта түскенін баса айтты. Өйткені тек тыныштық орнаған елде ғана тұрақты даму мен өркендеу болады. Осы орайда еліміздің полиэтникалық құрылымындағы төзімділік пен мәдениетаралық үйлесімділік жайлы маңызды зерттеу нәтижелеріне тоқтала кеткен жөн. Бұл – 2022-2024 жылдары «Жас ғалым» жобасы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асқан «Жаһандану және көші-қон жағдайындағы интеркультурализм мен төзімділік» атты ғылыми жоба. Аталған зерттеу жұмысы этносаралық төзімділіктің қоғамда қалай көрініс табатынын, оған әсер ететін негізгі факторларды, сондай-ақ төзімді және төзімсіз мінез-құлық жиі байқалатын салаларды анықтауға мүмкіндік берді. Мысал ретінде Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары алынды.
Нәтижелер көрсеткендей, зерттеу жүргізілген барлық өңірлерде сабырлық пен төзімділік көріністері басым. Этносаралық байланыстар кәсіпкерлік, мәдени қызығушылық және ортақ дәстүрлер арқылы нығаюда. Мәселен, қазақтар мен өзбектер «асар» дәстүрін бірлесе атқарса, қазақтар мен тәжіктер арасында «сүйек ұстасу» салты жанданып жатыр. Сонымен қатар, Наурыз мейрамы мен Құрбан айт сынды мерекелерді бірге тойлау, қуанышты да, қайғыны да бірге бөлісу - ел бірлігінің шынайы көрінісі.
Күнделікті этносаралық қарым-қатынас, ортақ кәсіп, спорттық шаралар, көкпар секілді ұлттық ойындардың жаңғыруы, ҚХА-ның өңірлік ұйымдарының белсенді жұмысы, діннің біріктіруші рөлі және халықтың мәдениетаралық сұхбатқа ашықтығы төзімділікке оң ықпал ететін негізгі факторлар болып табылады. Әр аймаққа тән өзіндік факторлар да бар. Мәселен Түркістан облысында - ортақ тіл мен рухани-мәдени құндылықтар, Қ.А.Яссауи мұрасы мен Түркістан қаласының түркі әлеміндегі мәртебесі, діни және тілдік бірлік, аймақтық патриотизм бар. Жамбыл облысында қайырымдылыққа бейімділік, күрд халқының қазақтарға тарихи алғысы аңғарылады. Алматы облысында - үлкенге құрмет, табиғатқа сүйіспеншілік, халық бірлігі, этносаралық некелер мен өзара көмектесу дәстүрі бұрыннан қалыптасқан. Дегенмен, ішінара төзімсіздік те болып тұрады екен. Бүгінгі таңда цифрлық технологиялардың жылдам дамуы бұл мәселелерді ушықтыруы мүмкін. Әлеуметтік желілер мен компьютерлік ойындарға тәуелділік - жастарды шынайы қарым-қатынастан алыстатып, оларды «ақпараттық оқшаулануға» ұрындыруда. Бұл - өзара түсіністік пен сенімге селкеу түсіретін жағдай.
Зерттей келе, полиэтникалық аймақтарда келісім мен достық негізінде қалыптасқан этносаралық өзара түсіністік – еліміздің басты құндылығы деген қорытындыға келдік. Алайда, бүгінгі таңда жаһандық қауіптер мен цифрлық өзгерістер барлық шекараны жойып, әлемді біртұтас кеңістікке айналдырып отыр. Мұндай кезде тіпті шағын оқиғалардың өзі халықаралық деңгейде ықпал етуі мүмкін. Сондықтан төзімділікті тек этносаралық тұрғыдан ғана емес, кең ауқымдағы мәдениетаралық бірліктің кілті ретінде қарастыру қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА сессиясында айтқан сөздері осы бағыттағы ұстанымымыздың айқын көрінісі болып табылады: «Бейбітшілік пен тұрақтылық – тағдырдың бізге бере салған сыйы емес. Бұл – бір ел, бір халық болып атқарып жатқан қажырлы еңбектің жемісі. Мейірімділік, қамқорлық және тілеулестік – біздің ұлттық ерекшелігіміз. Біз осы құндылықтарымызды сақтап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек». Осы сөздерді жадымызда ұстауымыз қажет деп санаймын.
Римма Масырова, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматы қаласындағы Дүнген этномәдени орталығы Аналар кеңесінің төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
Қазақстан халқы Ассамблеясы — бейбітшілік пен келісімнің алтын көпірі. Ассамблея жанындағы Аналар кеңесі – ұлттық тәрбиенің діңгегі. 1,7 миллионнан астам әйелді біріктірген құрылым бүгінде отбасылық құндылықтарды насихаттау, бала құқығын қорғау және әлеуметтік қолдауға бағытталған көптеген бастамаларды жүзеге асыруда. Алматы қаласындағы Дүнген этномәдени орталығының Аналар кеңесі де осы бағытта белсенді жұмыс атқарып келеді. Кеңестің басты мақсаты – патриотизмді, азаматтықты және рухани бірлікті қалыптастыруға ықпал ету, ұлтаралық келісімді нығайту, ұлттық тарих пен мәдениетті сақтау, отбасы институтын бекемдеу. Кеңес мүшелері жыл сайын түрлі мәдени іс-шаралар, қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, ел ішіндегі көмекке мұқтаж жандарға демеу көрсетеді. Мысалы, «Мектепке жол» акциясы аясында Алматы қаласы мен облысында тұратын 500-ден астам балаға кеңсе тауарлары мен киім-кешек таратылды. Қарттар үйлері, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталықтар, балалар үйлері мен хоспистер – кеңес назарынан тыс қалған емес. Кеңесте он шақты жанашыр әйел жұмыс істейді. Олар әр бастамаға жан-тәнімен кірісіп, мейірім мен қамқорлықтың үлгісін көрсетіп келеді. Балалар үйлерінде дүнген тағамдары бойынша шеберлік сағаттарын өткізу арқылы балаларды пайдалы іске баулып, отбасы жылуын сезіндіруге тырысады. Бұл – тек ас әзірлеу емес, бұл – махаббат пен жылулыққа бөлейтін шынайы тәрбие. Дағдарыс орталықтарындағы әйелдерге дүнген асханасының құпияларын үйрету де кеңестің маңызды бағытының бірі. Сонымен қатар, Аналар кеңесі 2024 жылы көктемде су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге де көмек көрсетіп, жалпыұлттық бастамаға белсене атсалысты.
«Салауатты сана» жобасы – ҚХА Аналар кеңесінің тағы бір тың бастамасы. Бұл жоба нашақорлық, құмар ойын, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдерге қарсы күрес жүргізуге бағытталған. Аға буын өкілдері жастармен кездесіп, рухани тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарды насихаттауда. Жақында Алматыда өткен «Отбасылық құндылықтарды нығайтудағы әйелдердің рөлі» атты семинар-тренинг – дәстүр мен тәрбиенің ажырамас байланысын паш еткен маңызды шара болды. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың санасына ұлттық тәрбиенің маңызын сіңіріп, отбасылық қарым-қатынастың берік болуына жол ашады. Қазақстан халқы Ассамблеясының және Аналар кеңесінің атқарып отырған істері – бірлік пен бейбітшіліктің нақты көрінісі. Олар еліміздің әлеуметтік, рухани және мәдени дамуына зор үлес қосып келеді. Бұл – ортақ болашағымыздың берік іргетасы.
ҚХА сессиясында Мемлекет басшысы көтерген мәселелер – мазмұндық жағынан терең, маңыздылығы жоғары әрі заман талабына сай бастамалар деп есептеймін. Өңірлерде қоғамдық келісім инфрақұрылымын күшейту және Достық үйлерін салу – әсіресе халық тығыз орналасқан Алматы облысы үшін аса өзекті. Президенттің бұл бастамасы – қоғамдық өмірді жандандырып, түрлі этнос өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Мұндай орталықтар әр этностың мәдениеті, тілі мен салт-дәстүрін дамытуға жағдай жасап, еліміздегі қоғамдық келісімнің өзіндік үлгісін жаңа сапалық деңгейге көтеруге ықпал етеді. Сонымен қатар, мәдениет пен өнердің әлеуетін толық пайдалану туралы Президенттің пікірі де өте орынды. Әлемдік мәдени мұрамызды көпшілікпен, соның ішінде қазақ халқымен және елімізге келген қонақтармен бөлісу, түрлі этностардың өнерін бір сахнада тоғыстыратын театр фестивальдері сияқты іс-шаралар – қоғамдық бірлікті арттыратын қуатты құралға айнала алады. Мемлекет басшысы Ассамблея жұмысының мазмұнын жаңғырту, оның этносаралық саладағы бүкіл мемлекеттік саясатты үйлестіретін стратегиялық штабқа айналуы қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл – уақыт талабынан туындаған орынды ұсыныс. Себебі бұған дейін тиімді деп саналған кейбір әдістер қазіргі қоғамның сұранысына сай болмауы мүмкін. Сондықтан жаңа тәсілдер мен заманауи жұмыс үлгілерін енгізу – аса маңызды міндет. Жалпы алғанда, Президент ұсынған бастамалар – ел ішіндегі ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған нақты әрі жүйелі қадамдар. Бұл ұсыныстар еліміздің көпэтносты қоғамын одан әрі дамытуға, халық бірлігін тереңдетуге және ұлттық тұтастықты нығайтуға зор үлес қосатынына сенім мол.
Ашық көздерден алынған фотосурет