Политика

Сайлау: қызықтың көкесі әлі алда

19.12.2020

Соңғы кезде халық қалаулылары, яғни депутаттар белсенділік танытып, баяғыдан қордаланған әлеуметтік мәселелерді көтерсе, онда сайлаудың жақындағандығының белгісі. Неге? Өйткені, халық алдында ұпай жинау керек. Жылы да, жайлы депутаттық креслодан айырылып қалмау керек. Жалақысы жақсы, тегін қызметтік көлік, пәтер тағы бар. Бұндай өмір арман ғой. Арасында жұмыста ұйықтап аласың.

Бірақ, халық қалай өмір сүріп жатқандығын депутаттар сайлау жақындағанда ғана еске алатын секілді. Шын ғой. Алда төменгі палата мен мәслихат депутаттарының сайлауы келе жатыр. Белсенділікті байқадыңыздар ма? Әзірге «Nur Otan» ғана қимылдай қойған жоқ. Олар асықпай-ақ, «жеңіске» жете салады ғой. Күмән жоқ оған. «Ауыл» партиясы ауылдарға барып, су, жол мәселеріне назар аудара бастады. Ауылдағы ағайын бұл зардапты сонау келмеске кеткен кеңес дәуірінен бері тартып келе жатқандығы енді еске түскен секілді. Жалпы бұл партия Мәжілісте ауылдардың мүддесін қорғап, әбден қордаланған мәселелерді шешуге ат салысуы тиіс емес пе? Бұндай қадамды жеке өзім байқамаппын. Мүмкін қателесетін шығармын. Бірақ, шешілмеген пай, жер, су, шаруаларға берілетін субсидия мәселелері әлі де баршылық. Ел арасында бұл партияны қазір халықтың 2,7% қолдауға дайын екен. Бұндай мәліметті жуырда «Қоғамдық пікір» институты жариялаған болатын.

Бұлардан кейін атын өзгертіп, түрленіп кеткен «Адал» партиясы жайғасқан. Халықтың 1,9% осы саяси ұйымға дауыс беруге дайын екен. Бұл партияның бұрынғы атауы «Бірлік». Халықтың басын біріктіріп, көшбасшы боламыз деген ниет болған шығар, сірә. 2007 жылы Мәжіліс сайлауында 0,3% дауыс жинап, Парламентке өте алмай қалған еді. Қазір рейтингті әжептәуір көтерген секілді. Халыққа уәделерді жаудырып, әрине. Саяси ұйым сайлауалды бағдарламасының 7 бағытын таныстырған еді. Олар мынадай: халықтың табысын арттыру, әділ мемлекет, адами капиталды дамыту мен білімді дамыту, өңірлер мен АӨК-ті дамыту, жастарға қолайлы жағдай жасау, сыбайлас жемқорлықпен күрес. Әрине, ең өзекті мәселелер таңдалған. Осындай сұрақтарды «шешем, бәрін төңкерем, өзгертем» - деп, қана жақсы дауыс жинауға болады ғой. Ал сайлау біткеннен кейін үні шықпай қалады. Ал агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесін «Ауыл» партиясы көтеруі керек емес пе?

Қызық... Халықтың табысын арттыру! Елде жұмыссыздық белең алып бара жатқанда, ол қалай шешілмек екен? Төтенше жағдай жарияланып, халық 42 500 теңгеге әзер өмір сүріп, шу шыққан кезде бұл партия өкілдері қайда болды? Сайлау жақындағанын күтті ме? Партияның құрамында ұлттық кәсіпкерлер палатысының басшылығы да бар ғой. Кәсіпкерлер қиналып, арендалық төлемдерін, жұмысшыларының жалақысын қалай төлеуін білмей бастары қатып жүргенде, бұлар неге үнсіз отыр? Барлық тетік қолдарында емес пе? 30 жыл бойы білімді жастарымыз шетел асып, жоғары табыс тауып жүр. Өзге елдерде олар үшін қолайлы жағдай жасалған. Олар елде қалу үшін 30 жыл бойы неге қолайлы жағдай жасалмады?

Біз енді жасаймыз деп жүргенде, өзге елдер оның бәрін баяғыда жасап тастаған. Ал жемқорлықпен ерінбегеннің барлығы да күресіп келеді. Бірақ нәтиже әлі жоқ. Бар болғанның өзінде төмен. Оны халықтың 2%-ы қолдап тұрған партия шешеді дегенге жеке өзім үлкен күмәнмен қараймын.

Жалпы саяси ұйымның атын ауыстырып, ребрендинг жасау бір флешмобқа айналған секілді. Өйткені, қазақстандық коммунистер «коммунист» сөзінен бас тартты. Енді олардың партиясы «Қазақстанның халықтық партиясы» деп аталады. Халыққа жақын тағы бір партия пайда болды. Күлкілі, иә? Әлеуметтік желіде «халық бұрынғы партияға сенімін жоғалтқаннан кейін ауыстырған шығар» - деген пікірлер өріп жүр. Жалпы осы депутаттар, партия мүшелері әлеуметтік желіні жиі оқи ма екен? Барлық проблема сонда жазылады. Халықтың шынайы пікірі сонда айтылады ғой. Мәселен, «Қазақстанның халықтық партиясының» депутаттары кредиттік амнистия жасауды ұсынды. Яғни, пандемия салдарынан табысынан айырылған азаматтар үшін несиелерін кешіруді сұрады. Тағы баспана мәселелерін де көтеруде. Бірақ бұның барлығы тағы да сайлау болардың алдында. Неге? Неге халық өзі зар жылап айтып келе жатқан мәселелерге жоғары мінберлерден тек сайлау алдында ғана назар аударылады?

«Қазақстанның халықтық партиясы» өздерін оппозиция деп санайды екен. Бірақ оппозицияға тең келер ештеңе көрсетіп жатқан жоқ.

Ал «Ақ жол» партиясы болса, қазіргі тілмен айтқанда хайп ұстайтын саяси ұйым. Неге? Өйткені, өткір сөздермен ғана шектеліп жатыр. Қателеспесем осыдан 3 жыл бұрын осы партияның депутаттары үй салғанда дәретхана мен ас бөлмесінен бас тартуды ұсынған еді. Бас тартқанда, жатақханалардағы секілді жалпыға ортақ қылу қажеттігін айтқан. Осылайша, баспана бағасы арзан болар еді деген ойларын жеткізген. Ал қазір дәл осындай жатақханалар қандай күйде екендігін осы депутаттар өз көздерімен көрді ме екен? Кім тар қапаста тұрғысы келеді? Дәретхана мен ас бөлмесі бәріне ортақ болған кезде санитарлық талаптарды сақтау мүмкін бе? Жоқ, әрине. Бір қуантарлығы депутаттардың бұл ұсынысын Үкімет қолдаған жоқ. Халыққа осындай арзан бағаға баспана бергілері келсе, ең әуелі депутаттар өздері осындай жағдайда кем деген 1 апта өмір сүріп көрсінші.

Тағы жуырда «Ақ жол» партиясының мүшесі әр өңір басшысы «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы болмау керектігін айтқан еді. «Облыс әкімдері тек бірқатар шенеуніктің мүддесін ғана қорғамау керек, ол барлық халыққа қызмет ету қажет», - деді. Айтылған сын орынды деп есептеймін. Бірақ, бұған қайтарылған жауап та мықты болды. «Nur Otan» партиясының өкілдері «Ақ жолды» жерден алып, жерге салды. «Пандемия кезінде бизнестің мүддесін қорғаймыз деп жүрген «Ақ жол» кәсіпкерлердің басын біріктіріп, мұқтаж жандарға көмек көрсете алмады», - деді. Ал «Nur Otan» болса, қаржылай да, азық-түлікпен де халыққа қол ұшын созған. Енді менде бір сұрақ туындайды. Бұл билеуші партия болғандықтан халыққа көмектесу саяси ұйымның тікелей міндеті емес пе? Оның үстіне билік өкілдері емес, қиын жағдайда халық бір-біріне қол ұшын созған секілді және бұл үрдіс бұрыннан басталып, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Себебі, біздің азаматтар биліктен қайыр сұраса, «заң бойынша бұндай мүмкіндік жоқ», - деп қысқа жауап қайтарады. Ал халық болса асарлатып, ақша жинап, қолдан келген көмекті аямайды. Бұндай мысал жетерлік. Үкімет толығымен «Nur Otan» партиясының мүшелерінен жасақталған. Бірде-бір министрлік портфель өзге саяси ұйымның қолына берілмеген. Тіпті, облыс, аудан әкімдері де билеуші партияның мүшелері. Сонда қиын жағдайда халыққа «Nur Otan» көмектеспегенде кім көмектеседі? Барлық тетіктер осы саяси ұйымның қолында ғой.

Жуырда «Nur Otan» өткізген праймеризге де қатысты көптеген шағымдар айтылуда. Саяси науқанға ерінбегеннің барлығы да қатысқан секілді. Әдеттегі сайлау кезі ғой. Барлығына үйіп-түгіп уәдені берді кандидаттар. Енді барлығы аяқталды. Бірақ, әлеуметтік желіде праймеризде жеңіске жетіп немесе көп дауыс жинаған партия мүшелері соңғы, яғни, партиялық тізімге ілікпей қалғандар жайлы ақпараттар тарап жүр. Себебі белгісіз. Сондай праймериз не үшін қажет болды?

Алда сайлау. Қызықтың көкесі әлі алда. Өйткені, осы партиялар 1 ай бойы Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, өздерінің сайлауалды бағдарламаларымен таныстырады. Яғни, халыққа жаңа уәделер айтылады. Ал кімге дауыс беру керектігін енді әрбір сайлаушы өзі шешеді. Бірақ, АҚШ-тағы секілді бәсекелестік бізде болмайды-ау...


Публикации автора

Сайлау: қызықтың көкесі әлі алда

Топ-тема

Другие темы

ОБЩЕСТВО | 24.04.2024

Вспомнить всё…

АНАЛИТИКА | 24.04.2024

Тик-так для «Тик-Тока»

СПОРТ | 24.04.2024

Елена Рыбакина выиграла Гран-при Porsche по теннису

КУЛЬТУРА | 23.04.2024

Сказ о Самсон-батыре. Как губернатор Туркестана выручил Париж

ОБЩЕСТВО | 23.04.2024

Своевременно и необходимо

ГЕОПОЛИТИКА | 23.04.2024

Песах – основа культа знаний у евреев